Шарбақты ауданының

әкімдігі

ресми интернет-ресурс

alt

Акимат

Щербактинского района

официальный интернет-ресурс

}
Навигация
Дін туралы мақалалар

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ: Тұтынушылық психология - терроризм тұзағы

Қазір террорлық ұйымдар күш алып тұрған заман. Ислам атын жамылған ниеті бұзықтар әлем назарын өздеріне аударып отыр. Әлдебіреулердің саяси ойынынан қаншама мемлекетте жазықсыз халықтың қойша қырылып жатқанын көру қандай қасірет еді. Сөзге келгенде әлем қарсы болғанымен, іске келгенде бәрі басқаша болып тұр. Уақыт өткен сайын күш алып, жұмыр жерді дүрліктіретіндей бұл ДАИШ қайдан шыққан ұйым? Содырлардың сойылын соғу үшін біздің қандастарымыздың да Сирияға аттануына не себеп? Осы мәселелер жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты, доцент Сұлтанмұрат АБЖАЛОВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

– Бүгінгіде террорлық ұйымдардың әрекеттері әлемді алаңдатып отыр. Солардың бірі – ДАИШ. Бұлар қайдан шыққандар? Мақсаттары не?

 – Бұл террорлық ұйымның қалай пайда болғаны, мақсаты, қаржыландыру көздері жөнінде БАҚ-та аз айтылып жүрген жоқ. ДАИШ немесе ДАИШ бүгінгі таңда әлем қауымдастығының бас ауыртарлық мәселесі болып тұр. Аз ғана уақыт ішінде күшейіп кеткен терроршылар Ирак пен Сирияның аумағын қанға бөктіруде. Бұлар атышулы «әл-Каидадан» әлдеқайда асып түсті. ДАИШ сарбаздары қатыгез әрекеттерімен барша адамзаттың бойына үрей ұялатуда. Белгілі бір мемлекеттерге қоқан-лоққы ретінде шығарылған бейне жазбалары ғаламторды шарлап жүр. Олар үшін адам өмірінің еш құны жоқ екені осы бейне жазбалардан айқын көрінеді.

ДАИШ деген атаудың өзінде «Ислам мемлекеті» деген сөз бар. Яғни, бұл топ өзін ислам дінімен байланыстырады және жер бетінде халифат орнатуды көздейді. Ұйым 2014 жылы 25 маусымда өздерін халифат деп жариялады. Бұқара халық ертедегі Араб халифаты жөнінде, Осман халифаты жөнінде біледі.

 – Шын мәнісінде ДАИШ-тың исламмен байланысы қандай?

– Шын мәнінде ДАИШ ислам дінін саяси құрал еткен террорлық топ. Дәл қазіргідей аяусыз қатаң жазалар, қатаң әрекеттер ислам тарихында бұған дейін болмаған. Терроршылардың қазіргі іс-қимылдары Құранға, Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының жолына қайшы. Бейбітшілікті ту еткен, мейірімділік пен сүйіспеншілікті таратқан дін ислам мен бүгінгі ДАИШ-тың жолы екі басқа. Қазіргі таңда сарапшылар бұл топтың діни ғұрыптарға немқұрайлы қарайтынын айтып жүр. Терроршылар арасында Құраннан, Пайғамбар сүннетінен хабарсыз жандар да көп. Олар, тіпті, адам саудасымен де белсенді түрде айналысуда. Міне, осы тәрізді дәйектер ДАИШ-нің исламнан алшақ екеніне дәлел бола алады.

– Ең өкініштісі, сол содырлардың қатарына біздің де азаматтар жүр ғой.

– Рас. Бұл өте өкінішті жағдай. Астана қаласының Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен ДАИШ террорлық ұйым деп танылып, елімізде қызметіне тыйым салынды. Ресми мәлімет бойынша дәл осы террорлық ДАИШ ұйымы қатарында қазақстандық 400-ге жуық азамат соғысып жүрген көрінеді. Олардың арасында жас азаматтар көп. Жастардың ДАИШ-қа қосылуы туралы айтқанда бірінші кезекте діни сауатсыздықты сөз етеміз. Қазақ жастары әлі де діннің дұрысы мен бұрысын айыра алмауда. Әлдебір діни идеологиялық топтар діни сауаты төмен жастарымызды оп-оңай өз қатарларына қосып алып жатыр. Еліміздегі діни сауатсыздық мәселесінің төркінін біз кеңестік кезеңмен байланыстырамыз. Сол кезеңде діннен хабар жоқ болып өскен буын, бүгінгі күні өз ұрпағына жеткілікті діни тәрбие бере алмауда. Дегенмен, мәселеге осы құбылысты ғана кінәлап, еш әрекетсіз отыруға тағы болмайды. Діни сауаттылықты көтеру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар өз деңгейінде жүруі тиіс. Ол үшін дін саласына жауапты мамандардың біліктілігі жоғары болуы, ҚМДБ имамдарының деңгейі экстремистік, сектанттық идеологтардан озық тұруы қажет. Қазір дін алаңында бәсекелі күрес жүріп жатыр. Салафилік, радикалдық, экстремистік топтар дәстүрлі ханафилік мәзһабымызда жүрген ҚР мұсылмандарын өз қатарларына тартуға барынша тырысып бағуда.

  – Жұртты өздеріне магнитше тартатындай бұл топтардың нендей күші бар? Жастарды қалай иландырады?

– Назар салып қарайтын болсақ, қазіргі жастардың өмірлік құндылықтары өзгергенін байқаймыз. Жаһанданумен бірге енген техникалық жетістіктер әлем деңгейінде үстемдік жүргізуде. Осының әсерінен жастар арасында тұтынушылық психология басым, барлығын дайын түрде қабылдауға әбден үйреніп алған. Жас буын іздеген дүниесіне қысқа уақыт ішінде ғаламтор арқалы қол жеткізуге бейімделіп алды. Мұндай азаматтарымыз күндердің бір күнінде ойламаған жерден ғаламтордағы уағызшы-идеологтардың тұзағына түсіп қалуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, білімі таяз азамат ғаламторды сана сүзгісінен, ой елегінен өткізуге дәрменсіз. Мұндай жастар түрлі әлеуметтік желілерде таралған ақпараттардың бәрін шынайы деп қабылдайды.

Ал ДАИШ ақпараттық кеңістіктің күшін өз мүддесіне өте тиімді пайдаланып жатқан террорлық ұйым. Олар өздерінің интернет-ресурстары, теле-радио каналдары, баспасөз құралдары арқылы белсенді насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Сол үгіт-насихаттарын әлемнің 24 тілінде таратуда. Жер бетіне «ислам мемлекетін» орнатып, «әділеттілікті» таратамыз деген жалған ұрандары көпшілікке қызықты болып көрінуі мүмкін. Жас азамат олардың саяси мақсаттағы күресін жете түсіне алмай, шынайы дінді насихаттаушылар ретінде қабылдайды. Өзі де өмірде белгілі бір тығырыққа тіреліп, сансыз сауалдарға жауап таба алмаған азамат ДАИШ-тан пана тапқандай әсерде болады. Бұл тұста тұлғаның әлеуметтенуге яғни өмірдегі өз орнын табуға деген талпынысын аңғарамыз. Бұған дейін жолы болмай, сәтсіздікке ұшыраған жан ойға көп батады. Ақырында, өзінің жеке қабілеттерін шыңдап, жете алмаған жетістіктеріне Құдайдың жәрдемімен ДАИШ-те жетемін деген келте ойға тоқтам жасауы мүмкін. Бұдан соң біртіндеп жиһадшылар қатарына қосылуға әзірлікті бастайды. Ең соңында мұндай азамат «Мұсылман бауырларына» жәрдем беру үшін соғыс ошақтарына аттанып кетеді. Жас азамат неліктен мұндай әрекетке барды? Әрине, бұл тұста радикалды ағымдардың халыққа жүргізген насихатының күштілігі байқалады.

– Бұның барлығының алдын алу үшін біздің қоғамға қандай әрекет керек?

– Ол үшін елімізде ақпараттық саладағы жұмыстардың қарқыны жоғары болуы керек. Ақпарат кімнің қолында болса, ол адам халықты өзіне ерте алады. ҚР азаматтарының ДАИШ-тік және басқа да экстремистік мазмұндағы насихаттарға ілігуі жергілікті діни насихатта әлі де әлсіздіктер барын көрсетеді. ДАИШ-тықтар өзге де радикалды, деструктивті ағымдар тәрізді адам тарту әдістерін жетік меңгеріп алған. Олар адамдардың әлсіз тұстарын, өмірдегі сұраныстарын өте жақсы біледі. Әлбетте, бұл секілді ұйымдардың аяқ астынан пайда болып, бірден дамып кетпейтіні белгілі. Олардың артында үлкен мүдделі күштердің бары қазіргі кезде ешкімге жасырын емес.

Ғаламтордан бөлек, тәрбие мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды мәселе қатарында. Ата-аналардың балаларға дұрыс тәрбие бере алмауы әсерінен оларға дұрыс жол нұсқалмайды. Заман талабына байланысты қазір барлық ата-ана күнкөріс қамымен жүреді. Осының әсерінен бала тәрбиесі өз деңгейінен қалыс қалуда.

Жастардың ДАИШ тәрізді ұйымдар қатарына кіруіне себеп болатын келесі мәселе ол – әлеуметтік тұрғыдағы мәселелер. Бүгінгі таңда көп жастар тұрақты жұмысқа тұра алмайды, баспанаға қолы жетпейді. Кейбіреулерінің тиісті білімі жоқ, ал кейбірі қолдан жасалған кедергілер әсерінен өзі қалаған қызметке орналаса алмайды. Осыдан соң күзетшілік, даяшылық тәрізді қысқа мерзімді, болашағы жоқ қызметтер атқаруға немесе жұмыссыз болып жүруге мәжбүр болады. Өмірде осындай келеңсіздіктерге тап болып, іші наразылыққа толы жанды ДАИШ-та, өзге діни ағымдар да өз қатарына тез тарта алады.

– Жастар – аса үлкен күш. Бірақ, олардың тәрбиесімен айналысуға ата-ананың уақыты жоқ, дін өкілдерінде дәрмен жоқ. Енді қайтпек керек?

– Ол үшін жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуіміз қажет. Тұрақты жұмыс орны, баспанасы, жеткілікті айлық табысы бар жас азамат радикалды ағымдар қатарына қосылмайды. Өз еліндегі тіршілікке қанағаттанған жанның өзге елдегі мақсатсыз, баскесерлік соғысқа қатыспасы анық. «ҚР ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп Ата заңымызда айқын көрсетілген. Қорыта айтқанда, мәселе тек ДАИШ-ке ғана келіп тірелмейді. Біз оданда басқа да қауіпті діни ұйымдар қатарына азаматтарымыздың қосылуына жол бермеуге тиіспіз. Ол үшін жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге мұқият назар аударғанымыз абзал.

 Сұхбаттасқан Жайық НАҒМАШ

 

Құдайберді БАҒАШАРОВ: ДАИШ-тің қаупі асқынып тұр

Бүгінде Ирак пен Сирия жерін қанға бөктіріп, тұтас әлемге қауіп төндіре бастаған ДАИШ террорлық ұйымы, олардың идеологиясы, негізгі көздеген мақсаттары, радикалды діни ағымдардан қорғану тақырыбында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Құдайберді Бағашаровты әңгімеге тартқан едік.

–  Құдайберді Сабыржанұлы, қазіргі уақытта қауіпсіздік саласында да, саясатта да, тұрақтылық пен дін тақырыбында да басты мәселенің бірі ДАИШ террорлық ұйымы болып отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан сұқбатты мына сұрақтан бастасақ. Жалпы ДАИШ қандай ұйым, көздегені не?

–  Қазіргі мұсылман елдерге қарасақ, Ауғанстанда әл-Каида, Ирак пен Сирияда ДАИШ, Сомалиде әш–Шәбаб, Нигерияда Боко Харам, Түркияда Күрдтерден құралған террорлық ұйымдар секілді бірқатар атышулы лаңкестік топтар барын көреміз. ДАИШ – осылардың арасында жауыздығы асқынып тұрған, ең белсенді лаңкестік топ. Жалпы көздеген мақсаты – аты да айтып тұрғандай, Ислам мемлекетін құру, халифаттық басқару жүйесін орнату. Халифат дегеннен шығады, анығында, қарамағындағы халық негізгі құқықтар мен бостандықтарға, таңдау құқына ие және басқа да қабылданатын шешімдерге қатыса алатын болса, діни сенім еркіндігі қамтамасыз етіліп, мемлекет сөз бостандығы мен білім беруді қолдайтын болса, бұны Құранға қайшы деп қарастыру қиын. Тіпті бұндай жағдайда басқа мемлекет іздеудің, өзге елді паналап көшудің еш қажеті жоқ. Шариғатта мемлекетті басқару қағидаттарына небәрі бес пайыздай ғана көңіл бөлінсе, қалған тоқсан бес пайызын исламның басқа да бұйрықтары, моралдық жүйесі, адамгершілік қасиеттер, сенім негіздері құрайды.

–  Сонда бұл топтар Ислам дінін дұрыс түсінбеуде ме?

–  Иә, мәселен, Ауғаныстан Ислам әмірлігі деген атпен 1996-2001 жылдары билікке келген Талибан өздерінің дінге жатқызып жасаған іс- әрекеттерімен әлем қауымдастығының қарсылығын тудырмап па еді?! Олар да идеологиясының негізін ел басқару жүйесін шариғат заңдарына бағыттады. Бақылауындағы аймақтарға күштеп талаптар қойды. Тіпті қыз балалардың мектепте білім алуына қарсылық танытты, тағы біраз дүниелерге орынсыз тыйым салды. Нигериядағы «Боко Харам» лаңкестік тобы да батыстық білім беру жүйесіне қарсымыз деп, қыз балалардың мектептерге баруына жол бермеуде. Ал шындығында, білімге тосқауыл қоюмен мұсылман елдерінің алға жылжуы қиын. Қыз балаларды ұл балалардан кем етпей қайта оқыту керек. Оқумен қоса, жақсы мұсылмандық тәрбие беремін десе, ол өз еркі. Модернизм мен Батыстық білім беру жүйесіне қарсылық танытуды ақылды ұйғарымға жатқыза алмаймыз. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп ата-бабаларымыз айтқандай, батыстық озық дүниелердің керегін таңдап алып, шығыстық құндылықтармен синтездей білген жөн.  

–  ДАИШ сонымен несімен қауіпті?

–  ДАИШ-тің қауіп-қатерін бірнеше тұрғыдан қарастыруға болады. Мәселен, мүшелерінің қолына қару ұстатып, қара күшке арқа сүйеуі. Тарихтан да байқалғандай, жақсылықты іс ешқашан зорлықпен жасалмайды. Ислам діні де әу бастан бейбіт ұстаныммен таралды. Сондықтан, дегенін күшпен істету ислам ұстанымына қайшы. Олар исламды зорлықшыл дін ретінде көрсетуде. Құран аятында дінде күштеу жоқтығы анық ескертілген. Екінші бір қауіп, шімірікпей адам өлтіруі. Тіпті мұсылман болса да қанын судай шашуы. Бұл исламдағы ең алғашқы бүлікшіл ағым Харижиттерде кездескен ерекшелік. Харижиттер өз пікірлеріне қосылмағандарды күпірлікпен айыптаған, хазірет Османды, әділетті халифтардың соңғысы хазірет Әлиді де еш шімірікпестен шейіт еткен, тіпті сол әрекетін мақтаныш көрген. Сахаба Абдулла ибн Хаббаб ибн Әрат пен аяғы ауыр әйелін де өз пікірлеріне қосылмағаны үшін-ақ аяусыз түрде өлтірген. ДАИШ-тіктер әйел, бала-шаға демей, керек десеңіз, өзге дін өкілдерін де талғамай өлтіріп, әлем жұртшылығын Ислам десе, шошитын күйге келтіруде. Ал исламда адам өлтіру үлкен күнә. Соғыс кезінің өзінде әйел, бала-шағаны, бейбіт тұрғындарды, ғибадатханаларды паналағандарды, кәрі кісілерді өлтіруге тыйым салынған. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) «Кім мұсылмандар қарамағындағы өзге дін өкіліне қиянат жасаса, ақыретте онымен өзім есептесемін» деп қатаң ескерткен. Сондықтан бұл әрекеттерді тек жауыздық деп қана бағалауға болады. Бұған қоса, халифат орнатамыз деп даурығатындай Сирия да, Ирак та өзге дінді ұстанатын елдер емес, тарихтан ислам мәдениетінің бесігі болған, арғысы ұлық имам Әбу Ханифа, бергісі Уахбату Зухайли секілді небір мықты ғалымдар шыққан орта.    

–  Сөз арасында Харижиттер туралы айтып қалдыңыз. Харижиттік көзқарас, түсініктің ерекшелігін қалай ажыратуға болады?

–  Харижиттер – Ислам тарихындағы ең алғашқы бүлікшіл ағым ретінде білінеді. Заңды билікке қарсы келу, талас-тартыспен бүлік шығару, қарулы қарсылық таныту, орынды уәжге тоқтамау, тек өздерін ғана ақиқатшыл деп біліп, өзгелерді адасуда деп қабылдау, өздеріне қосылмағандарды жау санау, күнә істеген адамды кәпір деп айыптап, оны өлтіріп, дүние-мүлкін тонауға болады деп қабылдау, өз түсініктерін өзгелерге күшпен таңуға тырысу, зорлықшыл әрекетке бару, таңдаулы сахабалардың өзін аяусыз өлтіру, терррорлық акт жасау т.б. алғаш осыларда байқалған. Өкініштісі сол, әділетті халифалар кезінде пайда болған аса қауіпті харижиттік түсінік тарихта сол күйі жоғалып кетпеді. Одан бергі ғасырларда да әр түрлі атпен қылаң беріп келеді. Бүгінгі террорлық діни ұйымдардың астарынан да осыны байқауға болады. 

–  Енді бұндай радикалды ағымдармен күрес турасына ойыссақ...

–  Иә, дінді қате түсінудің дінге тигізер кесірі сыртқы күштердің дінге тигізетін кесірінен әлдеқайда орасан. Расында, бүгінгі күні мұсылмандар өздеріне деген сынды күшейткені дұрыс. Радикал топтардың қатарына ертіп кете беретіндей, ақ пен қараны ажырата алмайтындай халық соншалықты діни сауатсыз ба? Жоқ, жастарымыз қараусыз ба? Егер шынымен де деңгейіміз сондай төмен болса, онда бұл мәселенің шешімі сондық ұзай түседі. Ендеше, халықты қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп отыруды үзбеген дұрыс. Әрі радикалды идеялармен тек дінге жауапты мекемелер ғана емес, басқа да азаматтық қоғам ұйымдары, мемлекеттік мекемелер – бәрі жұдырықтай жұмыла кірісуі керек. Елімізде 15-16 белгілі лаңкестік діни ұйымдарға тыйым салынған. Араларына былтырғы жылы осы ДАИШ де кірді. Өйткені жалпы әлем елдеріне төніп тұрған қауіптен Қазақстан шет қала алмайды. Республикамызда профилактика жұмыстарының арқасында діни радикалды сайттарға тазарту жүргізіліп тұрады. Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен бірқатар маңызды шаралар қолға алынуда. Ақпараттық насихат топтарының да түрмелерге дейін барып  өте белсенді жұмыс істеп жатқанын білеміз. Оның тысында Облыстық Дін істері басқармалары да ауыл, аудандарда дін және зайырлылық тақырыбына жиі кездесулер ұйымдастырады. Муфтият жүйесі өз алдына, дінтану сабақтары да белгілі бір деңгейде жастардың дұрыс діни түсінік алуына көмектеседі. Бұның барлығы да радикалды идеяларға еріп кетпеу үшін елімізде жасалып жатқан жұмыстар. Бұған қоса, исламның бейбітсүйгіш келбетін, ғылым, білім, дінаралық сұқбаттастыққа ашықтығын, көптүрлілікті байлық деп білетінін, толеранттылығын, әрдайым татулық пен тыныштықты жақтайтынын, ондағы жиһад, әйел түсінігі, наным-сенімі, ұлты, нәсіліне қарамастан адамға құрмет пен адам өмірін сақтаудың маңызы, адамгершілік құндылықтарын да жиі насихаттап түсіндіре берген дұрыс.    

–  Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

Иманды айдаладан емес, айналаңнан ізде

Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛМЕН әңгіме

– Бүгінгі күні Сирия мен Ирак аумағында орын алып отыр­ған қанды қырғын бүкіл әлемді әбігерге салуда. Әу бас­та сырт көзге «Араб көктемі» атты көтерілістің Сириядағы жалғасы секілді көрін­ген бұл үрдіс 2014 жылдан бас­тап жаңа сипатқа ие болды. «Араб көктемі» – әлеуметтік аз қамтылған қалың бұқараның авторитарлық билікке қарсы көтерілуі еді. Ал 2014 жылы осы дүрмектен бөлініп, «Ислам мемлекеті» («ДАИШ») атты жаңа дүмпу шықты. Халықты қанға бөктірген қанқұйлы топ өздерінің барлық сорақы істерін ислам шариғатымен ақтап алуға тырысып бағуда. Бірақ, сарапшылар «ДАИШ»-тың сыртқы күштердің әсерімен жа­салған исламофобиялық ойын екенін алға тартады. Сіз не айтасыз?

− Иә, «ДАИШ» бүгінде қан­­­төгіс жолымен Сирия мен Ирак­тың біршама аумағын жаулап алды. Қазір террорлық ұйым­ның аталған аймақтардағы қан­ды-қасап іс-әрекеттері әлем жұрт­шылығын шошындырып отыр. Оның қызметіне БҰҰ-ға мүше көптеген мемлекеттермен бірге, Қазақстанда да тыйым са­лынған.

Ислам атын жамылған бұл қарулы құрылым бір күнде пайда болған жоқ. Бұл трансұлттық террорлық топ Ирактағы атышулы «Әл-Каида» террорлық ұйымы секілді он шақты әр­түрлі экстремистік топтардан құрылғандығы белгілі. «ДАИШ» террорлық ұйымы 2014-2015 жыл­дардың өзінде Таяу Шығыстың талай жерін қанға бөктірді.

Таяу тарихтан белгілі бол­ғандай, мұндай ұйымдар Сирия­дағы 2011 жылы басталған сұ­рапыл соғысты ұтымды пай­да­ланып, қару-жарақ, мұнай көз­дерін және тағы басқа бай­лықтарды оңай қолға түсіруді ғана қалайды. Өкінішке қарай, олар осы мақсаттарын жүзеге асыруға біршама қол жеткізгені бәрімізге мәлім. Алайда, мұның барлығы қандай құнмен іске асты? Толыққанды қалыптас­қан, тарихы мен өркениеті бай бү­тіндей бір елді геноцидпен қырып-жою орын алуда. Бү­гінде әлемдік БАҚ өкілдерінің мәлімдеуінше, соғыс зардабынан 1 миллионнан астам адам қы­рылып, 4 миллиондай адам елін тастап, босқынға айналып кетті. Қарулы қырғыннан аман қалғаны оқшауланған қалаларда аштық пен аурулардан жапа шегіп жатыр. Мұндай сұмдықтың басталуы мен жалғасуына жол берген қарулы топтарды әсте діни ұйым немесе мемлекет деп атауға болмайды.

– «Ислам мемлекеті» делі­нетін лаңкестік топтың артында кім­дер­дің тұруы ықтимал? Олар кімдер деп ойлайсыз?

– Әрине, ешбір қарулы топ бір мемлекеттің әскери қорғанысын тек өз күшімен бұза алмайды. Ол үшін көп қаражат пен сырт­қы күштердің қолдауы қажет. Айталық, Ауғанстандағы «Тали­банмен» жүргізілген соғыс, сондай-ақ, Солтүстік Кавказдағы қарулы қақтығыстардың еш­қай­сысы сыртқы күштердің қолдауынсыз жүзеге асқан емес.

Сирия мен Ирак − алпауыт мемлекеттердің саяси-эко­но­микалық мүдделері тоғысқан жер. Яғни, «ДАИШ»-тың пайда болуы, қаржылай қолдау табуы, қанатын кеңге жаюы сыртқы күштердің ықпалымен болып отыр. Әйткенмен, лаңкестік топқа көмек қолын созғандардың кімдер екенін дөп басып айту қиын. Бұл сауал аясында ақпарат кеңістігінде таласты пікірлер көп.

− «ДАИШ»-тың мұсыл­мандардың мүддесін қорғаған болып көрінуінің астарында не жатыр?

− Біз кез келген дін атын жа­мылған ұйымдардың жалған ұран­дарына емес, шынайы мұрат-мақсатына, нақты іс-әрекетіне қарап баға беруіміз керек. Бір діни қозғалысқа толымды баға беру үшін оның қандай мәселелерге көбірек назар аударатынын, қан­дай істе белсенділік танытатынын бағамдау қажет. Осыдан ке­йін барып ол ұйымның шынайы мұрат-мақсаты айқындалады. Ал «ДАИШ-тың» қанды-қасап қарекеті мен саяси ұстанымдары оның діни емес, дін атын жа­мыл­­­ған террорлық топ еке­нін әй­гілейді. Шынтуайтында, «ДАИШ» − жай ғана лаңкестік топ емес, жаһандық терроризмнің аса қауіпті көрінісі.

− Бүкіл әлемде ислам ға­лымдары «ДАИШ» ұйымын ислами емес деп таныған. Осы­ған қарамастан, бұл ұйым өзін жарнамалауды жалғастыруда. Себебі неде деп ойлайсыз?

− «ДАИШ» содырларының қантөгіс әрекеттері шариғаттың ешқандай моральдық және құқық­тық қағидаттары мен нормаларына сәйкес келмейді. Естеріңізде болса, таяуда дүние­жүзінің жүз­ден астам ислам ғалымдары бұл ұйымға ашық хат жазып, олар­дың іс-әрекеттерін қатаң сынға алғандығы осыған айғақ. Бұл жөнінде көптеген БАҚ жария­лаған болатын. Сондай-ақ, былтыр елордамыз Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезінде біз білетін барлық танымал дінба­сы­лар мен халықаралық ислам ұйым­дары­ның өкілдері «ДАИШ» тер­рорлық ұйымының іс-әрекеті ислам қағидаттарына үш қайнаса сор­пасы қосылмайтынын атап көрсетті.

ХХІ ғасыр, төртінші билік өкілдері айтпақшы, ақпарат ға­сыры. Қазіргі ақпарат кеңіс­тігіндегі жүргізіліп жатқан ойын­дар­дың залал-зардабы қа­рулы қақтығыстардан ауыр болмаса, жеңіл емес. Қаржылық тұр­ғыдан әлеуеті жоғары «ДАИШ» ұйымы бүгінде техниканың заманауи құралдарын пайдаланып, ғаламтор кеңістігіндегі насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Сол арқылы бұл ұйым әлемнің әр түкпірінен қаржылық ресурстар мен адамдарды көбірек тартып жатқандығын түсіну қиын емес.

«ДАИШ» ұйымының негізгі кадрлық құрамына назар салсақ, олар, ең алдымен, Саддам Ху­сейн кезіндегі тәжірибелі арнайы қызметтің мамандарынан, жоғары шенді әскерилер­ден құралғандығын байқауға болады. Яғни, ұйым мүшелерінің саны кәсіби білікті рекрутерлерді пайдалана отырып көбеюде. Со­нымен қатар, «ДАИШ» өзінің қар­жылық әлеуетінің арқасында арнайы әскери дайындықтан өткен мамандарға мол жалақы төлейтінін жарнамалап және тағы басқа түрлі алдап-арбау тәсілдерін қолдана отырып, қатар­ластарының санын арттырып жатқанын көреміз.

− Қазақстан Респуб­лика­сының соты «ДАИШ» және «Ан-нусра» ұйымдарын те­р­рорлық ұйымдар деп шешім шығарды. Алайда, бұл ұйым­дарға кетушілердің саны не­лік­тен азаймайды және осы мәселені қа­лай шешуге болады?

− Қазақстан сотының «ДАИШ» және «Ан-нусраны» террорлық ұйымдар деп тануы дер кезінде қабылданған шешім болды. Өткен жылы «Ат-такфир уәл-хижра» ұйы­мының да қызметіне тыйым салынды. Қазақстан сотының мұн­дай шешімдері теріс пиғылды лаңкестерге қосылатын адасушылар легін азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын.

«ДАИШ» пен «Ан-нусра» се­кілді террорлық ұйымдарға түс­кен жандар – зайырлы қоғам­нан оқшауланған адамдар, пси­хо­логиялық арбау салдарынан ұстанымдары мен өмірге көз­қарастары агрессивті идеялармен уланған.

Жалпы, шетін көзқарастарды ұстанатын діндарлар ресми ақ­парат көздері арқылы немесе діни институттар тарапы­нан таратылатын түсіндіру мақсатындағы жарияланымдарды қабылдамайды. Мұның мысалын қазіргі таңда мешіттерде көруге болады. Көп­теген жастарымыз мешіт имамдарына құлақ аспай, өз білгенімен құлшылықтарын орындап жатыр. Бұл – қазақ үшін ерсі қы­лық. Көзіқарақты жұртшылықты біздің бүгінгі қоғамымызда бой көрсетіп жүрген ислам атын жамылған теріс діни ағым­дар жақтастарының мешіттегі жүріс-тұрыстары мен өзін өзі ұстау мәдениеті ойландырмай қоймайды… Бұл, жұмсартып айтқанда, әдепсіздік.

Ата-бабаларымыз дін ұс­тан­ғанда имам-молдаларға әр­дайым құрмет көрсетіп, тура жолдан таймас үшін ізін де ту­ра басқан. Қазақтың ешбір ұлт­тық салт-дәстүрлері мен жиын­дары елдің, жұрттың рухани көш­­басшыларынсыз өтпей­тін. Оған тарихымыздың өзі куә. Ал діндегі тура жолдан адас­қандардың әрекеттері олардың қалың жұрттан оқшау­ланып, бөлініп кетіп бара жат­қанын көр­сетеді. Бұл – біз үшін алаң­датарлық жайт.

Осы бір мысалдан-ақ атышулы «ДАИШ» ұйымының белсенділері қатарластарын ресми дін мамандарын тыңдамауға үгіттеп, ақ­параттық тұрғыдан оқ­шау­лап тас­тайтындығын байқауға болады. Олар өзара әлеуметтік қа­тынастар арқылы жаңа­дан қосылған немесе екі ойлы адамдарды жедел баурап, өз қатарларына бір­­жола енгізуге ықпал етеді. Осыған орай, біз олар­дың артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде көбірек жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Радикалдардың шырғала­ңына түскен қаракөздерімізге рухани әрі психологиялық көмек бе­­ру қажет. Ол үшін, әри­не, ең алдымен, жастарымыз­дың ді­­ни сауаттылығымен қатар, кәсі­­би зайырлы білімін көтеріп, патриоттық пен ұлттық сананы жан­­­дандыруға көп көңіл бөлу керек.

Сондай-ақ, мұндай жағ­дай­ларды болдырмау үшін радикалды идеологиядан азат аудиторияға алдын алу бағытындағы жалпы тү­сіндіру жұмыстарын жүргізуді қарқынды түрде жалғастырған жөн.

− Соңғы уақытта «ДАИШ» ұйы­­мына қосылу­ға кетуші­лердің жолы құқық қор­ғау органдары тарапынан жиі бөгелуде. Осыған орай, бұл ұйымның идеологтары «қарулы жиһадты» Орталық Азия аумағында, соның ішін­­­­де, әсіресе, Қазақстанда жүзеге асыруға үндеп жатыр. Лаңкестік ұйым үндеген бұл қа­уіптің іске асырылуы қанша­лықты ықтимал?

− Жалпы, экстремистік жә­не террорлық идеология­ның негізінде «қарсылық таныту», «қанды оқиға арқылы өзіне көңіл аударту» секілді түсініктер жатыр. Осы түсініктер негізінде экс­тремистік ұйымдардың идеологтары топ мүшелерін ресми үкімет тарапынан көрсетіліп жат­қан «әділетсіздіктерге» қарсы шы­ғуға, діни емес мемлекеттік жүйені қарулы төңкеріс арқылы жоюға үндейді. Лаңкестік ұйым­дар үшін бұл – әдеттегі түсінік. Өйткені, олардың құрылу миссия­сының өзі осындай қанқұйлы теріс пиғылдардан тұрады.

Бүгінде халықаралық терроризм қаупі барлық елде бар. Оған соңғы уақытта Еуропа елдеріндегі және Түркиядағы қанды оқиғалар айғақ бола алады. Бұл індетке қарсы тұрудың ең дұрыс жолы – тиянақты алдын алу шараларын жүргізу. Қоғам мүшелерінің діни және дінтанулық сауаттылы­ғын арттырып қана қоймай, азамат­тық белсенділігін күшей­ту, отан­­сүй­гіштік сезімдеріне соны серпін беру, ғасырлар бойы қа­лыптасқан діни таным мен рухани құндылықтарды жаң­ғырту, мәмілегер, бірлікшіл, бей­­­біт­сүйгіш ұлттық мінездер­ге қозғау салу қазіргі таңдағы идео­логиялық бағдарымыздың негізгі тіндеріне айналуы тиіс. Тұтастай алғанда, жаһандық терроризмнің салдарымен кү­ресумен шектелмей, пайда болу себептерін түбірімен жойсақ, әлдеқайда үл­кен жетістіктерге жете аламыз.

– Бәке, теріс көзқарасқа елі­гіп, жаңылып жүрген жас­тар­ға аға ретінде не айтар еді­ңіз?

– Мен – Ауған соғысына қа­тысып, талай қанды қырғынды көзімен көрген жанның бірімін. Адамның соғысты сырттан ес­тіп-білгені бір басқа да, қанды қасапты бастан кешіру бір басқа. Қазіргі күнде «ДАИШ» содырларынан қиянат көріп отырған Таяу Шығыс жұртшылығына да, теріс идеяның жетегінде кетіп, жат елдегі сойқанға алданып ба­рып ұрынған біздің кейбір қаракөздерімізге де өте ауыр сын сағаты туып тұр. Бейбіт ел­дің басындағы бағын ұшырған Сириядағы соғыс аумағында лаң­кестердің қатарында жүрген қаракөз бауырларымыз ғаламтор желілеріндегі жалған бейнематериалдарда көрсететіндей алаңсыз өмір сүріп, жұмақ-дәуренді бас­тан кешіп жатқан жоқ, керісін­ше, олар өз бастарынан нағыз қия­мет-қайымды өткеріп, басқа елдегі жат соғыста ажал құшуда.

Сондықтан мен бүгінгі жас­тарға айдың, күннің аманында адаспаңыздар, тәуелсіздік пен тыныштықтың қадірін біліңіздер, бастарыңыздағы бақытты баға­лаңыздар дер едім. Ата-ана, туған жерден артық жұмақ жоқ. Дін-исламның шынайы жолымен жүргің келсе, Отаныңа, еліңе, ата-ана, бауырларыңа қызмет жаса, оқы, ізден, еңбек ет! Бабалары­мыз қанымен де, жанымен де, арымен де қорғаған туған жерге туың тік! Иманды айдаладан емес, айна­лаңнан ізде дер едім…

Біздің топырағымызда орнық­қан ислам дінінің ханафи мазха­бына қатып қалған қасаң қағидалар мен біржақтылық жат деп ойлаймын. Мен теріс идеялардың жетегінде кеткен бәзбіреулер айтатындай, «сақалың бір тұтамнан аспаса, мұсылман емессің» деу­шілерді өз басым құптай ал­май­мын. Мәселе тек сақалда бол­­са, мен көрген Ауғанстан дү­ние­жүзіндегі озық елдердің қатарында болар еді ғой… Мен сон­­дықтан да Қазақстан азаматтарын алауыздықтың әсерінен басынан бағы тайып, соғыс өртіне оранған алыс-жақын елдердің бүгінінен сабақ алып, өз елімізде берік орныққан тыныштық пен келісімді қадірлеуге шақырамын. Біз түтіні түзу шығатын қуатты ел болуымыз үшін ғылымға, бі­лім­ге, жаңашылдыққа жақын бо­лып, еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын қашанда басты орынға қоюымыз қажет деп біле­мін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».

 

Досай КЕНЖЕТАЙ: «Аллаға оралу мекені Сирияда емес, әркімнің жүрегінде, өз Отанында»

– Қазіргі ислам әлемінің шаңырағын шайқалтып, адамзат қоғамына қауіп төндірген ДАИШ террористік ұйымының әрекеттері мен идеологиясына көзқарасыңызды білдіріп кетсеңіз.

– Сириядағы содырлардың «Ислам мемлекеті» деген лаңы жаһандық күштердің бүгінгі ең ықпалды жобасы болып отыр. Батыс ориентализмінің тарихын ақтарып отырып, Эдуард Сайидтің шариғат негізіндегі ислам мемлекетін құру идеясын Батыстық республикалық жүйеге қарсы оппозициялық агрессиялық сананы мұсылмандарға егумен азықтандырып отыру басты саяси ойын екенін көруге болады. Жалпы, жаһандық тепе-теңдік  қарама-қайшылықтардан тұруы тиіс деген ұстаным, бұл – христандық саяси орталықтарға тән түсінік. Ал ислам өркениетінің теоретиктеріненИбн Халдун, «қала мен дала» (хадра уа уадийу) арасындағы тепе-теңдік теориясын табиғи үйлесім ретінде көрсетіпті. Қазіргі жаһандық саясат та батысты – «қала», шығысты (мұсылман әлемі) «дала» ретінде танып, табиғи диалектика ретінде қарастыруын жалғастырып келеді. Себебі, Батыс пен Шығыс диалектикасы саяси ойындарында мұсылман әлемі тұрақсыздық пен қаржы құралы ретінде орын алып келеді. Осы ғаламшардағы, фани дүниедегі диалектикалық орта, ақша табу, ақша шашу, мұсылман қанымен, басқаларды исламофобиямен үркітіп, дегеніне көндіріп, әлемді уысына ұстап отыру – негізі керемет жаһандық саясиорталықтандырылған жүйе. Бұл жүйеге мұсылмандарды орталықсыздандыру, ыдырату, санасын тұмшалау, тек ашуы мен ызасын туғызып,агрессиясына жоғары технологиялық қару арқылы жауап беру, мұсылмандарды өзара қырқыстырып мал табу – адамзаттың адамдықтан алшақтауы. Армагедон теориясының практикадағы траекториясы – адам адамның қасқыры. Мұндайда дін де ештеңе істей алмайды. Себебі, бұл – теологияның кризисі. Енді тек мұсылмандар үшін ғана емес, жалпы әлем үшін Аллаға тәуекел ету ғана қалады.

– Қазақ жастарының содырлар қатарына қосылып, қолдарына қару алуын ұлтқа төнген қауіп деуге әбден болады. Осы келеңсіздіктің себеп-салдары, саяси астары туралы не айтасыз?

– Қазір Сириядағы содырлардың методологиясында ақыл емес, тек нақылдағы бұйрықтарды орындау сияқты тәуекелшілдік ұстанымы қалды. Бұл адам құндылығын ұмытып, тек қана өлімге, жихадқа, шахидтікке бағытталған идеологияны көріктеп жатыр. Осы құбылыстан тыс қалмаған қазақ жастары да «Дәлелің бар ма?» деген сұрақтар төңірегінде нақылды ғана тану, өзін ұмытып, жаттану үдерісін басынан өткеруде. Дәлел іздеу – жақсы құбылыс. Себебі, адам рухының тыныштығы үшін мазалаған сұрақтарға жауап алу, қанағат табу, уәжді тұжырымға келу шарт. Дегенмен, «дәлелдің жоқтығы, сол жоқтың дәлелі емес». Егер дәлел жоқ деп отырса, мұсылмандар тарих бойы Құраннан, сосын сүннеттен, ижмадан, сосын қиястан дәлел жауап іздеп әуре болмас еді. Қала берді, мәзһабтар, фикх, калам мектептері қалыптаспаған болар еді. Бұлар – мұсылмандардың бүгінге дейінгі діни тәжірибесі...

Рас, қазіргі жаһандық үдерісте, уақыттың адамды езіп жатқан кезінде, жастарымыз өз бетінше ізденуден не оқудан гөрі, дайын таным, мәлімет, не құлақпен естіп, «тақлиди» иман деңгейінен шығудан қашады. Оның да психологиялық себептері жоқ емес, әрине. Ақиқатты Алламен, адаммен, тәжірибемен, нақылмен салыстырып отыру – адамның табиғатында бар құбылыс. Осылардың ішінде ақиқатты Алламен салыстырып, өздерін кішкентай ғана айна ретінде танытатындар болған. Солардың бірі әрі бірегейі Яссауи бабамыз былай дейді: «Алла мен адам арасындағы байланыста әмбебап нәтижелерге жету мүмкін емес. Осы шындық деген танымның бір бұрышын ғана жарықтандырып алсақ, қанеки. Ақиқаттың бір бұрышы сенің жүрегіңнен өтеді. Сенде бір айнасың, әрбір адам – айна. Адам сол айнадан ақиқаттың бір бұрышын ғана "көре" алады. Онда да көкірек көзі ашылса. Ал Алланың ақиқатын тұтас көрдім деу – нағыз надандық. Себебі, ол – Жаратушы, сен – жаратылғансың, ол шексіз, сен фанисің, шектеулісің, ол кемел, сен нұқсансың, міне, ақиқатпен өзіңді осылай салыстырып қарай алсаң, жахил екеніңді сезіне түсесің» дейді. Сол жүрегіңе Алла ақыл, жан берді аманат қылып. Сондықтан сен ақылдысың, бірақ адам «ақиқатты тұтас таныдым, Алла осы, ақиқат осы» деп айқайлау – ақылды адамды надан қылып көрсететін өлшем.

ДАИШ содырларының бүгінгі ұстанымы ақиқатты тек өздері ғана танып, түсінгендей, әлемге ислам жолын қайта жасап жатқандай насихаттау екендігі мәлім. Білесіздер, Ұлыбританиялық басылым «Ислам мемлекеті» ультра-радикал діни ұйымы таратты» деп сипатталған қазақ тілінде кәмелетке толмаған жас балалар түскен бейнежазба жариялады. Өрімдей жастарды осылай жариялауы олардың Қазақстанға деген көзқарасы мен бағалауының ең төменгі дәрежесі екендігін байқауға болады. Олар қазақ елі дін жағынан ең сауатсыз ел деп қарағанының көрінісі. Әйтпесе, ықпалды видео жас балаларды емес, ол жердегі идеологиялық негіздермен келуі керек еді. Бұл жерде сауатсыз қазақтың жастарын үлкен жаһандық жобаның құралы ретінде ғана ұстап отырғандығын көрсетеді. Сол сияқты, содырлардың «әл-хаят» атты медиа орталығы даярлаған бейнежазбада адамдар арабша және қазақша сөйлейді. Үш қатар субтитрлердің бірі ағылшын тілінде жазылған. Басылымның сипаттауынша, бейнематериалдың толық нұсқасының басында «хижра жасап, Аллаға оралған қазақстандық бауырлар» деп сипатталатын бір топ адам көрсетіледі. Негізінен, Аллаға оралудың мекені Сирия емес, ол әркімнің жүрегінде, санасында, танымында, өз елінде болатындығына ой жүгіртпеген кез келген мұсылман осы тұзақтың құрбаны бола береді.

Ал үзінді видеода өзі сияқты әскери форма киген қатарластарының алдында шамамен бастауыш сынып жасындағы бала Калашников автоматын жылдам құрастырып, нысана көздейді. Одан кадр сыртындағы адам қазақша: «Атың кім? Қай жақтан келдің? Қайда тұрасың? Өскенде кім боласың?» деген сұрақтар қояды. Ол: «(атым) Абдулла. Қазақстаннан (келдім). Ислам халифатында (тұрам). Өскенде, кәпірлер, сендерді бауыздайтын муджаһид болам» деп жауап береді. Міне, нағыз "исламофобия", мұсылманды, қазақты басты құндылығы рухани тірегі исламнан бездіру дегеніміз осы. Калашников автоматы – символ ретінде, уаххабистердің қаруы. Оларға бұдан артық қару берілмейді де. Бірінің етін бірі жесін, бірінің қанын бірі төксін деп беріледі. Мұсылманды мұсылманға айдап салу тактикасы.

– Былтыр «жиһад» қылу мақсатында елімізден кеткен 150 отбасы туралы видео әлі есімізде. Мұның артынша қазақстандықтардың Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстарға қатысып жатқанын растайтын және бірнеше видео интернетте дүркін-дүркін жарияланды. Одан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ДАИШ экстремистік ұйымына қосылған Қазақстан азаматтарының саны 300-ден асқанын хабарлады. Осындай жарияланымдар да бір түйткілдің шетін тарқататын сыңайлы...

– Иә, бұл жарнамалар Қазақстанның ішкі, сыртқы саясатқа тартылуын, сосын, елдің тыныштығы мен тұрақтылығына сына қағу үшін ұйымдастырылып отыр. Қазақ «Іштен шыққан жау жаман» дейді, яғни, өз бауырларыңды қарсы диалектикалық жаққа шығарып, қазақты жікке бөліп, екі лагерьде шабыстырып қою, исламды батыстық жобаларға қолдану, тәуелсіз елдің зайырлылық ұстанымына қарсы, елдің ертеңі мен баяндылығына қарсы күш қалыптастыру – арандату әрекеті. Ал исламның саясилануы дегеніміз – батыстық шаблонға қарсы (құқық мемлекеттік құрылым, мораль, орталықтану жаһандану, техникалық өркениет, ватикан саясатына) революциялық наразылыққа исламды құрал қылып, идеологиялық негіз ретінде алып, жалаң қолмен «исламофобияға», яғни, батыстық жобаға жем болу деген сөз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

 

 

Сирия мен Ирактағы содырлардың жасап жүргендері «жиһад» емес

 

«Алайда адам баласы күнә жасауды қалап тұрады»

Құран Кәрім, «Әл-Қияма» сүресі, 5-аят.

 Бүгінде елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Сирия мен Ирак жеріндегі содырлар туралы блогыма көптеген сұрақтар келіп түсіп жатыр. Сол сұрақтардың басым көпшілігі «жиһад» жасаймыз деп аттанып жүрген жастар жөнінде. Исламдағы жиһад ұғымы мен содырлардың көксеген «жиһады» туралы.

Сирия мен Ирактағы содырлардың жасап жүргендері «жиһад» емес.Олар мұсылмандармен соғысуда. Оның ішінде бейбіт халықтың қанын төгуде. Олардың көксегені «мұсылманның қанын төгу» деп атасақ дұрыс болады.

 «Жиһад» сөзі – араб тіліндегі [жахд] «тырысу, күш салу, талпыну, ынталану» деген түбір етістіктен шығады. «Жиһад» ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда деструктивті ағымдар мен жат пиғылды саяси топтар «жиһадты» қару алып соғысу деп біржақты түсіндіріп жүр. Бұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Ал, «Жиһад» сөзінің дұрыс мағынасы белгілі бір асыл мақсатқа жету үшін, яки бір игі істі істеу үшін ең қымбат саналатын уақытыңды, дәулетіңді, бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, сол үшін тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді.

Менің пайымдауымша, Алла Тағаланы дұрыс танып, білім алып белгілі бір салада маманданып, өз мамандығын жетік меңгеруге бар қажыр-қайратын жұмсап, сол арқылы адамзатқа, өз отанына, еліне, халқына пайдасын тигізу, өркендеуіне үлес қосу да нағыз жиһадқа жатады.

«Жиһад жасаймыз» деп Сирия мен Иракқа аттанған жастар не үшін, кім үшін соғысып, кімнің қанын не үшін төгіп жүр?

Сирия мен Иракқа аттанған жастар "Ат-такфир уаль-хиджра", яғни «Тәкпіршілер»жамағатының өкілдері. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері жастарға жарқын болашақты уәде етіп, бүлікке бастайды

Әбу Бәкра есімді сахаба (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздың(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер екі мұсылман қолдарына қару алып соғысатын болса, өлтіргені де, өлгені де тозаққа түседі», – дегенін естідім. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Өлтіргеннің тозаққа түсуі түсінікті. Ал өліп қалған байғұс не үшін тозақы?» – деп сұрадым. Ол: «Өйткені, ол (өлген адам) өз бауырын өлтіруге қатты тырысқаны үшін (тозаққа түседі)» деп жауап берді». Әйгілі сахаба Ибн Аббас қасақана кісі өлтіруші тозақта мәңгі қалады деген пікір білдірген. Қасиетті Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аят та бар.

Содырлардың шығарған сорақы шешімдерінің бірі – «жиһаду ан-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу деп аталады. Некенің бұл түрі шариғатқа қайшы келеді. Бейбіт халықты қойдай қырып, қан төгіп, бас кесуді қасиетті жиһад санайтын Сирия мен Ирак жеріндегі лаңкестік топтардың содырларына тәнін ұсынып, біраз күн немесе бірнеше сағат «әйел» болуды бүгінгі шейх-сымақтар қыз баланың жыныстық жиһады деп атап жүр.

Ғалымдардың пікірінше, «әз-зауажу әл-мунакаха» деген терминді алғашқы болып радикалды Ислам ағымының жақтаушысы Мұхаммед әл-Арифи шығарып, сунниттік бағыттағы мұсылман қыздардың өз еріктерімен Сирияға барып, сол жақта Башар әл-Асадтың режиміне қарсы соғысып жатқан әскерлердің жыныстық құмарларын қандыруға шақырған. «Бұл барып тұрған зинақорлық» деген ғалымдарға Арифи «Ниса» сүресінің 24-ші аятын дәлел ретінде көрсетеді. Ол аятта былай делінген: «Сендер олардан алған ләззаттарың, көрген қызықтарың үшін оларға тиісті мәһірлерін (сыйақыларын) беріңдер».

Бұл аятты «тұрақты ақ некелі әйелден алынған ләззат үшін мәһір ақысын төлеңдер» деп түсінген мақұл. Себебі, әйгілі тәпсірші Ибн Аббас та, Хасан Басри де, Мужаһид те, өзге де көптеген тәпсіршілер бұл аятты осылай түсіндірген. Міне, бұл шектен шыққандар мұсылмандықтан да, адамшылықтан да ауытқығандығы даусыз.

Кейінірек Мұхаммед әл-Арифи бұндай радикалды пікірді айтпағаны жөнінде мәлімдесе де, өкінішке орай ол содырлардың арасына тез тарқап, бүлікшілдіктің белең алуына себеп болды.

Шынайы мұсылман адам еш уақытта лаңкес болмайды. Құран Кәрімде «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар), – деп, пенденің әрбір ісі үшін Ахиретте жауап беретіндігін білдірген.

Мұсылман жамағатының назарын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисінде аударсақ. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Денеде бір ет бөлшегі бар, егер ол жақсы, түзу болса бүкіл дене жақсы болады. Ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар ол – жүрек»-деген болатын. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзінен кейін мұсылманның жүрегін дұрыстау жолы үлкен жиһад болмағанда не болады? Мұсылман кісі ойлау арқылы бұл ақиқатқа жеткеннен кейін оны орындауға тырысып, Ислам әдебіне сай, әрі шарттарына қатты көңіл бөлуі тиіс. Өз бойында түрлі кемшілік бола тұра, басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған адам тура жол көрсеткендігі үшін сауап алғанымен, өзі жақсылықтан мақрұм қалып, жамандықтан жиренбегені үшін күнәлі болады. Өйткені «жақсылықты кешіктіру, жамандыққа аяқ басу» деген сөз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Тәкпіршілерге» қатысты арнайы пәтуа шығарған болатын. Сол пәтуада «тәкпір – дінге енген жаңалық» екені туралы үкім берілді. Бұл пәтуа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сенімде шектен шыққан тәкпіршілердің іс-әрекеті мұсылмандыққа мүлдем жат. Діни басқарма Сириядағы соғысқа не үшін барғанын білмейтін, мақсаты айқын емес жастарды мұндай фитнаға (бүлінушілікке) қатыспауға шақырады.

 Ершат ОҢҒАРОВ,

исламтанушы, теолог PhD доктор

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы

 

ДАИШ тұзағы немесе соқыр сенімнің салдары

Ертеде аталарымыз имандылық туралы әңгіме айтқанда:«Жақсылыққа адамның жаны жақын тұрады», «Жақсылыққа адам сүйсіне қарайды» деуші еді. Өйткені, ислам – мейірімділік және бейбітшілік діні. «Ислам» сөзінің өзі амандық, бейбіт өмір деген мағыналарды білдіреді. Ал, енді осы дінді ұстанатын мұсылман – момын адам. Мұсылман ең алдымен рухани таза адам, ол ешкімге жаманшылық ойламайды, біреудің ала жібін аттамайды, мұқтажға жәрдем береді, жаны жақсылыққа жақын, парыздарын да бұлжытпай орындайды. Сондықтан да хадис шәрифте: «Мұсылман тілімен де, қолымен де қауіпсіз адам» деп келеді. Міне, дәстүрлі ислам сомдаған мұсылманның бейнесі осы.

Бүгінде қой терісін жамылған қасқыр сияқты көптеген террористік ұйымдар да ислам атын жамылып, әлем жұртшылығын әбден әуре сарсаңға салды. ДАИШ осындай террористік ұйымдардың бірі.

Киімдері қара, жүздері суық, шаштары өскен, сақалы қараусыз кеткен ДАИШ-тың содырларын пайғамбар сомдап кеткен мұсылманның бейнесімен салыстыра алмайсыз. Қалайша адамзатты мейіріммен жаратқан Алланың дінін жамылып, жазықсыз адамдарды, бейкүнә балаларды, нәзік әйелдерді, әлсіз қарияларды жайдан-жай өлтіруге болады? Алланың дінін ұстанған адам жан-жағына қорқыныш пен үрейді емес, қуаныш пен шаттық сыйлауы керек емес пе?

Суһайб әр-Румидің риуаяты бойынша имам Мүслим жеткізген хадисте пайғамбар (с.ғ.с.): «Мүминның ісі ғажап! Расында оның барлық ісі жақсылық. Бұл нәрсе тек мүмінге тән, басқа ешкімге нәсіп болмаған», – деп айтқан. Ал, енді ДАИШ содырларының істеп отырғаны мүлдем басқа. Зорлық пен зомбылық, қантөгіс. Жер бетінде мейірім мен бейбітшілік символына айналған ана мен баланы аяусыз өлтіруде.

Бүгінде содырлардың Ирак пен Сирия жеріндегі бейкүнә балаларды ұрлап, қару пайдалануды үйрететін арнайы лагерлерге жіберіп, тоғыз жасқа толған соң оларды соғыс шептеріне жіберетіні белгілі. Бұған қоса, бұл ұйым оларды жарақат алған әскерлері үшін жан-жақты донор ретінде де пайдаланады. Мәселен, ДАИШ 2015 жылдың қаңтар айында Ирактың Мосул қаласында теледидардан футбол көргендері үшін 13 баланы өлтірді. Алаңға халықты жинап, футбол көрудің харам екенін айтып, кейін бейшара жасөспірімдерді ешқандай аяусыз пулеметпен қырып салған. Ал ата-аналар балаларының өлі денелерін алып та кете алмаған. Өйткені содырлар «Сендер дұрыс тәрбие бермегенсіңдер» деп оларға да кінә тағып, айыптаулары мүмкін еді. АҚШ-тың Джорджия университеті жүргізген зерттеу қорытындысына сүйенетін болсақ, онда мамандар бірнеше жыл қатарынан террористік ұйымның үгіт-насихаты мен өзге де материалдарына, сонымен қатар, лаңкестікке тартылған жас балалардың белсенділігіне сараптау-талдау жұмыстарын жүргізген. Зерттеу қорытындысында сарапшылар қарулы қақтығыстарда 8-18 жас аралығындағы 89 бала қаза болғанын мәлім етті. Жасөспірімдердің көпшілігі негізінен Ирак пен Сирия елдерінен. Олардың басым бөлігі бомба орнатылған көлікпен жанкештілікке барған. Қазір ДАИШ қатарындағы балалардың 60 %-і – 12-16 жастағылар. ДАИШ террористік ұйымындағы балалар мен жасөспірімдер саны 2014 жылғы дерекпен салыстырғанда үш есеге көбейген екен. Шынайы исламда ойын баласын өлтіру немесе соғыс мақсатында пайдалану, азаптау былай тұрсын, оны алдауға да болмайды. Бұған ислам қатты қарайды. Баланың өзі де, жаны да қымбат. Ертедегі дін ғалымдары мен тақуалары баладан бата сұрайтын болған. Оның дұғасын Алла тез қабыл алады деп өзі үшін дұға жасауын өтініш қылған. Өйткені бала – бейкүнә. Бұған қоса Алла тағала балаларды осы дүниенің гүлі мен сәні етіп жаратқан:
«Мал мен балалар дүние тіршілігінің сәні…» (Кәһф: 46). Иә, асыл дініміз баламен бірге әйел баласын өмір бойы құрметтеп өтуге бұйырады. Ол бізге ана, әпке, жеңге, қарындас не қызымыз болсын оны өмір соңына дейін құрметтеу – мұсылмандық міндетіміз. Құранда арнайы «Ниса», яғни «Әйелдер» деп аталатын сүре бар. Осының өзі мұсылман қоғамындағы әйелдің орны мен маңызын білдіреді. Пайғамбар да (с.ғ.с.) өзінің мәшһүр хадисінде: «Жәннат ананың аяғының астында», – деп айтқан. Алайда мұндай аят пен хадистер ДАИШ содырларына мүлдем қатысы жоқ деп ойлайсың. Олар мұндай тыйымдарды ұстанбайды, елемейді де. Өйткені ДАИШ үшін әйелдерді өлтіру, ұрлау, күңдікке сату, көңіл көтеру, зорлықпен содырларға үйлендіру және т.б. қылмыс түрлері үйреншікті нәрсе. Мәселен, 2014 жылы ДАИШ мүшелері күрд халқының қыздары мен әйелдерін тұтқынға алып, Таяу Шығыста әйелдерді жыныстық күңдікке сатумен айналысатын саудагерлерге сатып жібергені мәлім. Ал тұтқынға тұскен басқа әйелдер ДАИШ мүшелеріне тоқалдыққа немесе жыныстық күң қызметшісі ретінде қызмет көрсетуге мәжбүр. Олардың мұндай қорлығы мен зорлығына шыдай алмай өмірмен қош айтысып жатқан қыз-келіншектер де бар. Олардың нақты саны белгісіз. Анығы сол, ДАИШ басшыларының бірі Әбу Анас әл-Либи 150-ге жуық қыз-келіншекті өлтіруге бұйрық берген. Олардың арасында аяғы ауырлары мен балиғат жасына жетпегендері де болған. Олардың бар кінәсі содырлармен жыныстық қатынасқа түсуден бас тартқан. Мұны Ирактың Адам құқығын қорғау министрлігі хабарлаған. Бейбіт өмірді былай қойғанда, тіпті, ұрыс заманында да ислам соғысқа қатысы жоқ бала-шағаны, кемпір мен шалды, әйелдер мен өзге дін қызметкерлерін қинауға, атуға тыйым салған. Біз мұны пайғамбар дәуіріндегі жорықтардан да көреміз. Мұсылмандар Мекке шаһарына кіргенде пайғамбар осылай әмір еткен. Ол кезде Меккені билеп тұрған мүшріктер болатын. Сонда мұсылмандар: «өз ауласына кіргендерге, үйінде отырғандарға, есігін жауып алғандарға, Қағбаның қасындағыларға, балалар мен әйелдерге, қарияларға, қарсылық қылмаған ешбір жанға қылыш көтеруге болмайды, ағашты шабуға, жануарды өлтіруге тыйым салынады» деген бұйрық алады. Ал енді мұсылман халифасы Әбу Бәкір Сыддық әскер қолбасшысы Усама ибн Зайдке мынадай өсиет айтқан: «Саған он нәрсені өсиет қыламын: әйел адамды, сәбиді, жасы келген қарияны өлтіруден сақ бол! Жеміс ағашын кеспе, көтерілген ғимаратты құлатпа, азық мақсаты болмаса қой, түйені сойма, пальма ағашын өртеп, суға ағызба. Шектен тыс қатыгез болмаңдар. Өздерін құлшылыққа бағыштаған қауымдарды көрсеңдер, оларға тимеңдер».

Құран мен сүннет осыны бұйырады. Исламдағы бұл талап тек мұсылмандар үшін емес, сол мұсылман мемлекетінде жасап жатқан барлық адамдарға қатысты: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру» (Мүслим).
Осыдан мынадай заңды сұрақ туады: «Құранға да, Сүннетке де амал қылмай отырған ДАИШ содырлары – кімдер? Олар жоғарыда айтылған ислам қағидаттарына теріс амал жасайды. Өздерінен басқалардың барлығын кәпір санап, жазықсыз адамдарды қырып, әлемдік маңызы бар мәдени мұраларды (Жүніс, Шит пайғамбарлардың кесенелері, Аммар ибн Ясирдың қабірі, тарихи мешіттер, Дар әш-Шаррукин қаласы, Намруд қақпасының «сақшылары», көне Палмира және т.б.) қиратып, оларды жермен жексен етуі – олардың адамзатқа қарсы дұшпан екенін дәлелдейді.

Ислам атын жамылып, ақ көңілді жастарды алдап, арбап оларды бейбіт халыққа қарсы қойып жүрген ДАИШ зұлмат емей немене? ДАИШ-тың идеологиясы тұнып тұрған бүлік. Кішіні үлкенге, баланы әкесіне, қызды анасына, жастарды бір-біріне «мұсылман-кәпір» деп қарсы қояды. Ислам жазықсыз адамның өміріне қауіп төндіруге, жеке мүлкіне қол салуға, ар-намысын таптауға рұқсат бермейді: «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» (Бақара: 217).

Сондықтан, Сирияға барып, ДАИШ-тың қатарында жиһад қыламын, шаһид боламын деуге ешбір негіз жоқ. Ол жақтағы терроризмді Алланың жолындағы соғыспен шатастыруға болмайды. ДАИШ – исламнан емес. Бұған қатысты ислам әлеміне танымал түрлі ғұламалар шураларының (Бүкіләлемдік мұсылман ғұламалар ұйымы, Ирак мұсылман ғұламаларының қауымдастығы, Сирия ислам кеңесі, Мысырдың бас мүфтиі Абдул Карим аш-Шауқи, Уақф министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма, Мысыр пәтуа шығару басқармасы және т.б.) пәтуалары шықты. Жазықсыз халықты қырып, кейін «Аллаһу акбар» дегеннен ешкім жәннатқа кіре салмайды. Ешкім де мұндай лаңға бой алдырып, өзіне де, исламға да абырой әкелмейді. Керісінше, қанша бейкүнә баланың обалына, ақ жаулықты ананың қарғысына қалмақ! Мұны еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматы білгені дұрыс. Жастарымызды осындай қателіктен сақтап қалуға күш салайық.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы

 

Жалғас Сандыбаев: Пайғамбар айтқан хауариждер – осылар

 

Қазір Ислам атын жамылған ағымдардан аяқ алып жүргісіз уақытқа тап болдық. Аллаға мадақ айта тұрып адам өлтіруден тайынбайтын баскесерлер бүкіл әлемге билік жүргізгісі келеді. Солардың ең қауіптісі – ДАИШ ұйымы. Өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған бұл топтың хақ дінімізге қатысы қанша? Шариғат жолын қаншалықты ұстанады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде философия ғылымының кандидаты, Жалғас Сандыбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Бүгінде өзін ДАИШ (Ирак және Шам ислам мемлекеті) деп жариялаған ұйымды естімеген адам жоқ шығар. Әдетте, ислам дегенде адамның ақылына мейірім, қайырымдылық, ізгілік пен достық сияқты т.б. көптеген адамгершілік ұғымдар келеді. Ал енді «Ирак және Шам ислам мемлекеті» деген сөзді естігенде дереу майдан алаңы, жан-жақта өліп жатқан адамдар, қайғы, қара киім киген, жүздерінде мейірім жоқ баскесерлерді ойлаймыз. Неге?

Басым бөлігіміз жалпы ДАИШ деген атауды естігеніміз болмаса, оның қалай және қайдан пайда болғанын біле бермейміз. Ирак пен Сирияның аумағында «Әл-Каида» террористік ұйымы мұрындық болып, халықаралық террорист Әбу Мусаб әз-Заркауймен бірге 2006 жылы «Моджаһед шурасының кеңесін» құрады. Кейін бұл кеңеске бірнеше шағын әскери ұйымдар қосылады. Мәселен, «Джайшәт-Таифа әл-Мансура» (Жеңіске жетуші топ әскері), «Джайш Әһлу әс-Суннау әл-Джамаа» (Сүннет және жамағат азаматтарының әскері), «Джайш әл-Фатихин» (Жеңушілер әскері), «Джунд ас-Сахаба» (Сахабалардың әскері) және т.б. Сөйтіп, 2006 жылдың 15 қазанында осы және бұларға қосылған басқа да шағын әскери ұйымдар бірігіп, Ирак Ислам мемлекетін құрады (ИИМ)

Ирак Ислам мемлекетінің содрлары Сириядағы азаматтық соғысқа дербес әскери күш ретінде тартылғандықтан бұл ұйым 2013 жылдың сәуір айында Ирак және Сирия ислам мемлекеті (ИСИМ) немесе Ирак және Шам ислам мемлекеті (ДАИШ) деп аталды. 2014 жылы бұл ұйым Ирак пен Шам жерінде ислам халифаттығын жариялайды.

– Расында да, қазіргі исламның бейнесі осы ма, әлде, әлемге өзін шариғат заңымен өмір сүретін виртуалды «Ислам мемлекеті» деп жариялаған «халифаттың» исламмен мүлдем қатынасы жоқ па? Олар үшін Исламдағы «адам өлтірме», «зорлық жасама», «қиянат қылма», «зұлымдықтан сақтан» деген сияқты т.б. көптеген адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдар маңызды ма? Олар Құран аяттары мен хадистерге дұрыс амал етеді ме?

– Дін исламның негізгі қайнар көздері – Құран және Сүннет (Мұхаммед пайғамбардың қалдырған өсиеттері және амалдары). Бұл екеуі – исламның іргетасы. Кез келген адамның немесе топтың, қоғамның, тіпті, мемлекеттің исламға қаншалықты жақын екенін немесе, керісінше, оның исламнан алшақ екенін білу үшін Құран және Сүннетпен анықтауға болады.

Бойына ислам құндылықтарын сіңірген иманды адам – көркем мінезді адам. Қазақ бұзық, қиянатшыл, көрегенсіз адамды «имансыз» деп айтады. Демек, «иманды» адам – жақсы адам. «Ислам» сөзі бейбітшілік, амандық мағыналарын білдірсе, «мұсылман» сөзі Алланың әміріне бойұсынған деген мағынаны береді. Олай болса, діндар, құдайшыл әрі тақуа адам қалайша Алланың әміріне қарсы шығып, басқаларды қанішерлікке шақырмақ, жазықсыз адамдардың жанын алмақ?! Өйткені, Құранда Алла тағала былай деп әмір етеді: «Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).

Енді ДАИШ содырларының жарнама үшін салып отыратын, ғаламторда толып жүрген бейнероликтеріне назар салсаңыз, онда олардың қатыгездігі мен қаншерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда жұрт алдында үлкен немесе кіші, мұсылман немесе кәпір деп айырмастан жазалау рәсімін жүзеге асырады. Жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, қойша бауыздалып жатады.

Шынайы исламда жазықсыз адамды өлтіру былай тұрсын, жануарды да қинауға тиым салынған. Тіпті, имам Бұһаридің сенімді хадистер жинағында бір әйелдің мысықты тамақтандырмай аш қалдырғаны үшін тозаққа түскені туралы хадис бар. Бұл әйел мысықты қамап, оған тамақ бермеген, не оның өзіне тышқан аулап ұстауына мүмкіндік жасамаған екен. Сол үшін оны Алла тозаққа түсіріпті (Әл-Асабату фит-Тамиизи әс-Сахаба кітабы). Сондықтан да дінді қадір тұтқан қазақ малды еш уақытта қорламаған. Бала кезімізде ауылдағы апаларымыз: «Малды теппе – обал болады» деп айтушы еді.

Егер ислам жануарды қинаған адамды осылай жазаласа, онда кінәсіз адамдарды қинаған, оларға күш көрсеткен немесе жарып жибергендерге қандай жаза бермек?! Исламда адам өмірі, оның құқығы қасиетті ұғымдар саналып, қатты сақталады. Адамға жан беріп, оған өмір сыйлаған – Алла. Адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқығы жоқ: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер, тек заңға сәйкес болмаса. Ол мұны сендерге әмір етті, бәлкім, түсінерсіңдер» (Әнғам: 151).

Ислам жасықсыз адамдарға қарсы басқыншылық жасауға тыйым салады. Жазықсыз адамға оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандайда бір басқыншылық жасауға рұқсат бермейді. Исламдағы бұл қағида барлығына тең. Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің «Хадж әл-Уадағ» (қоштасу қажылығында) халыққа қарап, адамның өміріне, жеке мүлкіне және ар-намысына Қиямет күніне дейін қол сұғылмауы тиіс екенін былай айтқан: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру» (Мүслимның риуаяты). Исламдағы бұл талап тек мұсылмандар үшін емес, бәлкім, сол мұсылман мемлекетінде жасап жатқан барлық адамдарға қатысты. Бейбіт өмірді былай қойғанда, тіпті, ұрыс заманында да ислам соғысқа қатысы жоқ бала-шағаны, кемпір мен шалды, әйелдер мен өзге дін қызметкерлерін қинауға, атуға тиым салған.

– Сонда исламның атын жамылған бұл ұйым исламдағы негізгі қағидаттарды қаншалықты ұстанады?

– ДАИШ содрларының кейбір ұстанымдары мынадай: мұсылман емес адамды күштеп дінге кіргізу, болмаған жағдайда өлтіріп тастау; Өзін мұсылманмын деген адам намаз оқымаса – кәпір, кәпірдің үкімі – өлім; Мұсылман емес мемлекетте өмір сүрген адам – тағутқа табынады. («Тағут» араб сөзі – адамдардың Алладан басқа құдай етіп табынатындары); Патшасы намаз оқымайтын мемлекет – кәпірлердің мемлекеті; Өзін мұсылман санаған адам кәпірдің мемлекетінен мұсылман мемлекетіне немесе ДАИШ-ке (халифатқа) көшуі керек; Намаз оқымайтын отбасынан ажырау қажет. Ер адам намаз оқымайтын әйелін талақ етеді немесе әйел өзінің намаз оқымайтын күйеуімен ажырасуы қажет және т.б.

 Енді содырлардың осы ұстанымдарынабайланысты жауаптарды Құран және сүннеттен іздеп көрсек...

Бірінші ұстанымға қатысты жауап: Бұған нақты жауапты Алла тағаланың мына аятынан көреміз: «Дінде – күштеу жоқ» (Бақара: 256). Демек, исламда басқа біреуді дінге күштеп, зорлап кіргізу деген жоқ. Дінді әркім өзі еркімен, қалауымен және махаббатымен көңіл қойып қабылдайды. Ислам тарихында да бұған мысалдар жетерлік. Бірде бәдәуй келіп, сахабалармен тұрған пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасынан шап береді де, дөрекі сөздер сөйлейді. Оның жағасынан қатты ұстағаны сонша, пайғамбардың мойнында қызарып шапанының ізі қалады. Пайғамбардың қасында тұрған Омар сияқты батыр сахаба әлгі әдепсіз бәдауйдің сазайын беру үшін қылышын жалаңаштаған уақытта пайғамбар оны ақырын ғана тоқтатты. Сөйтіп, әлгі бәдауймен жылы сөйлесіп, керісінше оған сый-құрмет көрсетеді. Кейін, сол бәдауй мұсылман болады.

Екінші ұстанымға қатысты жауап: Құранда мынадай аят бар: «Ей, адам баласы! Шын мәнінде, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (Хужрат: 13). Демек, адамдардың әртүрлі болуы, ұлттар мен ұлыстар, этностық топтар болып бөлінуі – Алланың жаратылысы. Алла тағала Құранда ешкімді қатыгездікке, дұшпандыққа шақырып отырған жоқ, керісінше, бір-бірлеріңді танып, араласып, тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Егер Алла қаласа, онда біздерді ұлттар мен ұлыстар етіп жаратпай, барлығымызды бір үмбет етіп жасайтын еді. «Ей, Мұхаммед! Егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді» (Һуд: 118) делінген Құранда. Сондықтан, бір мемлекетте түрлі адамдардың бірге өмір сүруі және олардың алуан түрлі болуы – тағдыр. Мұсылман адам тағдыр мәселесінде таласпайды. Өйткені, тағдырға қарсы келу – Құдайдың әміріне қарсы шыққанмен тең.

Исламда барлық адамның құқығы да тең. Исламда намаз оқитын және намаз оқымайтын, мұсылман немесе өзге дін өкілі деп ажыратылмайды. Ислам тарихында бұған дәлел көп. Солардың бірі мына оқиға: Халифа Омардың кезінде бір яһуди хазіреті Әлидің үстінен шағым айтып келеді. Сонда Омар: «Сен яһудисің, ал, сен Әли – мұсылмансың» деп ешкімді бөліп-жарған жоқ, керісінше, шағымданушы яһуди де, Әли де разы болатындай әділ үкім шығарды. Ал енді кім: «Лә иләһа ил-лалла» деп кәлимасын келтірсе, сол – мұсылман. Оған «Сен мұсылман емессің» деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Ал енді, ол қандай мұсылман – бұл басқа мәселе. Яғни, ол иманы әлсіз мұсылман ба, күнәһар мұсылман ба? Мұның ұйғарымын Аллаға тапсырған жөн.

Үшінші ұстанымға қатысты жауап: «Мұсылман емес мемлекетте өмір сұрген адам тағутқа табынады» деген сөздерінің астарында мынадай мағына жатыр: мұсылман емес басшының айтқанын істеп, соған табынған болады. Оның оған бойұсынғаны табынғаны болып саналады. Олардың мұндай ұстанымы қоғамда анық бүлік шығаруды көздейді. Ал Құран бүліктен қатты қайтарған: «Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр күнә» (Бақара: 217). Өйткені, бүлік салдарынан қанша кінәсіз адамдар жер жастануы мүмкін. Бүлік – ұйып отырған елдің тыныштығын бұзып, берекесін қашырады. Сондықтан да бүлік шығарушы адамға Алланың  мейірімі де болмайды. Құран бізге осыны айтады: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда: 64).

Төртінші ұстанымға қатысты жауап: Біз бұл ұстанымға қатысты жауаптың бір шетін жоғарыда қарастырдық. Шынайы ислам, ДАИШ содырлары айтқандай, қоғамды «мұсылмандар» және «кәпірлер» деп бөлмейді, керісінше, бірлікке шақырып, аразданған адамдарды жарастыруға жігерлендіреді. Термези, Әбу Дәуіт және Ибн Мәжаһтың хадистер жинақтарында мынадай хабар келеді: Бір күні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларға қарап:«Сендерге мәртебесі жағынан ораза, намаз және садақадан да абзал нәрсе жайында хабар берейін бе?» деп сұрайды. Сахабалар бір ауыздан: «Әрине» дейді. Сонда пайғамбар: «Ол – қырқысушылықты жарастыру» деп айтады. Бұған қоса, ислам басшыға бағынуға әмір етеді: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойсұныңдар, пайғамбарға бұйсұныңдар және өздеріңнен болған басшыларға да бұйсұныңдар» (Ниса: 59) дейді.

Бесінші ұстанымға қатысты жауап: Негізінде, мұсылман адам кәпірдің мемлекетінен мұсылман еліне көшуі керек деген ұстанымды бұлар сонау пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінен алады. Меккенің мүшриктері Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) қаладан қуған кезде ол кісі мәжбүрліктен Мәдине шаһарына көшкен болатын. Міне, ДАИШ содырлары осы уақиғаны дәлел ретінде алға тартады. Сөйтіп, олар мұсылман қысымшылық көрген кәпір қоғамынан шығып, мұсылман еліне көшуі қажет деп санайды. Бірақ, олар бір жағдайды естен шығарған сияқты. Біріншіден, Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) қаланың мүшриктері қуып шығарды, яғни, ол кісі Меккеден мәжбүрлікпен көшті. Ол өз еркімен қашып шыққан жоқ. Сондай-ақ, қаладан шығып бара жатып, артына қарап, «Уатани, уатани» яғни, кіндік қаны тамған жерді қимай, көздеріне жас алып: «Отаным, менің отаным...» деп айтты деген хабар бар. Бұл уақиға ислам тарихында анық айтылады. Ал біздің мемлекетте қандай мұсылманға діні үшін қысымшылық жасалып жатыр немесе ұстанған діні үшін кімді елден аластатып жатыр? Ешкімге де мұндай қысымшылық жасалып жатқан жоқ. Емін-еркін өмір сүр, отбасыңды асыра, еңбегіңді жандандыр, қалаған дініңді ұстан. Өкінішке қарай, осындай насихатты естіген білімсіз қазақ жігіттері отбасыларын алып, Сирияға жиһадқа шығып кеткенін жақсы білеміз. Халықаралық БАҚ ақпараттарынан естіп отырғанымыздай, ДАИШ-ке жан-жақтан адасып келіп жатқан жастар сол «кәпір» мемлекеттерінен қашып, халифатқа келіп жатырмыз деп ойлап, адасқандар.

Алтыншы ұстанымға қатысты жауап: Бұл мәселеге қатысты тағы да айтарымыз: «Дінде күштеу жоқ» (Бақара: 256). Қазақ: «Құдай қосқан қосағыңмен ағар» дейді. Алла екі жасты қосқан екен, енді өмірдің ағын да, қарасын да өмірлік серігімен бірге көреді. Қайта, егер шынайы мұсылман болса, онда: «Сендердің ең жақсыларың – әйеліне және қыздарына ең жақсы мәміледе болғандарың» деген хадиске амал қылғаны жөн (Байһақидің риуаяты).

– ДАИШ ұйымы туралы айтылған көзқарастар мен пікірлер әртүрлі бағытта өрбіп жатады. Ал сіз не дейсіз?

– Мынаған назар аударайық: БҰҰ миссиясымен БҰҰ-ның Адам құқы жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Ирактың солтүстік аудандарындағы халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуына қатысты бірлескен баяндамасында Адам құқығы жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы Руперт Колвилл былай деген: «Бұлар – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып, дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, әйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету және оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар». Сонымен қатар баяндама авторлары Ирактағы шиіт, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық әрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасалып жатқандығын мәлімдеді. Бұл бар болғаны екі айлық бақылау нәтижесі негізінде жасалған баяндама. Ал енді ДАИШ-тің қолында тұтқында оннан астам ай болып, еліне аман оралған француз журналисті Дидье Франсуа «CNN»-ге берген сұқбатында мынадай жәйтті айтқан. Ол он ай бойы ДАИШ мүшелерінің Құран оқып отырғандарын көрмеген, не ислам жайында айтқан әңгімелерін естімеген немесе бөлмелерінде бір де бір Құран нұсқасын байқамаған: «Ешқашан Құран тәпсірінің түсіндірмесіне қатысты әңгімені немесе исламға байланысты уағызды айтып отырғанын естімедім. Олардың Құранға ешқандай қатысы жоқ. Олардың өздерінде Құран жоқ еді және оны бізге де бермейтін...» дейді.

ДАИШ содырларының тарапынан адамға жасаған айуандық әрекеттерін көрген кейбір ислам ғалымдары оларды Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айтып кеткен адасушы хауариждер тобына да жатқызады. Өйткені, олардың киім киістері, адамдардан ерекшеленуі, адамды қойша боуыздаулары, нақты дәлелдерді керек етпестен күмәнге сүйеніп, адамның тағдырын шешу, олардағы қатыгездік сияқты т.б. сипаттары пайғамбардың  хауариждер туралы айтқан сипаттарымен сәйкес. Сондай-ақ, араларында танымал, мұсылман әлемі мойындаған немесе есімі белгілі пәтуә беріп отырған ғалымдары да жоқ...

Ал енді хауариж дегеніміз кімдер? «Хауаридж» араб сөзі – қарсы шығу, бөлініп шығу сияқты мағыналарды қамтиды. Мемлекетте бүлік шығарған саяси-діни топ. Олар мұсылман мемлекетінің үшінші халифасы Осман ибн Аффанды сарайында Құран оқып отырған жерде өлтірген.  Кейін олар төртінші халифа, пайғамбардың күйеу баласы Әли ибн Әбу Талибті де өлтіреді. Пайғамбар хауариждер турасында: «Олар жаратылыстың ең жаманы» деп айтқан (Мүслимнің риуаяты).

– Әңгімеңізге рахмет!

 

ДАИШ: бетперденің арғы жағындағы кім?

Ия, бүгінде өзін ДАИШ (Ирак және Шам ислам мемлекеті) етіп жариялаған ұйымды естімеген адам жоқ шығар. Әдетте, Ислам деген уақытта адамның ақылына мейірім, қайырымдылық, ізгілік пен достық сияқты т.б. көптеген адамгершілік ұғымдар келеді.

Ал енді Ирак және Шам ислам мемлекеті деген сөзді естігенде дереу майдан алаңы, жан-жақта өліп жатқан адамдар, қайғы, қара киім киген жүздерінде мейірім жоқ баскесерлерді ойлаймыз. Неге? Расында да қазіргі Исламның бейнесі осы ма әлде әлемге өзін шариғат заңымен өмір сүретін виртуалды «Ислам мемлекеті» деп жариялаған «халифаттың» Исламмен мүлдем қатынасы жоқ па? Исламның атын жамылған бұл ұйым Исламдағы негізгі қағидаттарды қаншалықты ұстанады? Олар үшін Исламдағы «адам өлтірме», «зорлық жасама», «қиянат қылма», «зұлымдықтан сақтан»деген сияқты т.б. көптеген адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдар маңызды ма?Олар Құран аяттары мен хадистерге дұрыс амал етеді ме? – деген сияқты сұрақтар барлығымызды мазалайтыны рас. Біз осы сұрақтарға шамамыз келгенше жауап іздеп көруге тырысамыз. Әрине, мұндай сұрақтарды жан-жақты талдау үшін бір мақаланың жеткіліксіз болары анық. Дегенмен, бірге көрейік.

Әуелі, ДАИШ туралы

Басым бөлігіміз жалпы ДАИШ деген атауды естігеніміз болмаса, оның қалай және қайдан пайда болғанын біле бермейміз. Ирак пен Сирияның аумағында «Әл-Каида» террористік ұйымы мұрындық болып, халықаралық террорист Әбу Мусабәз-Заркауймен бірге 2006 жылы «Моджаһедшурасының Кеңесін» құрады. Кейін бұл кеңеске бірнеше шағын әскери ұйымдар қосылады:

– «Джайшәт-Таифаәл-Мансура» (Жеңіске жетуші топ әскері);

– «ДжайшӘһлуәс-Суннауәл-Джамаа» (Сүннет және жамағат азаматтарының әскері);

– «Джайшәә-Фатихин» (Жеңушілер әскері);

– «Джундас-Сахаба» (Сахабалардың әскері) және т.б.

Сөйтіп, 2006 жылдың 15 қазанында осы және бұларға қосылған басқа да шағын әскери ұйымдар бірігіп, Ирак Ислам мемлекетін құрады (ИИМ).

Ирак Ислам мемлекетінің содырлары Сириядағы азаматтық соғысқа дербес әскери күш ретінде тартылғандықтан бұл ұйым 2013 жылдың сәуір айында Ирак және Сирия ислам мемлекеті (ИСИМ) немесе Ирак және Шам ислам мемлекеті (ДАИШ) деп аталды.

2014 жылы бұл ұйым Ирак пен Шам жерінде ислам халифаттығын жариялайды.

Салыстырмалы талдау

Дін Исламның негізгі қайнар көздері Құран және Сүннет (Мұхаммед пайғамбардың қалдырған өсиеттері және амалдары). Бұл екеуі – Исламның іргетасы. Кез-келген адамның немесе топтың, қоғамның тіпіті, мемлекттің Исламға қаншалықты жақын екенін немесе керісінше, оның Исламнан алшақ екенін білу үшін Құран және Сүннетпен анықтауға болады.

Бойына Ислам құндылықтарын сіңірген иманды адам – көркем мінезді адам. Қазақ бұзық, қиянатшыл, көрегенсіз адамды «имансыз» деп айтады. Демек, «иманды» адам – жақсы адам. «Ислам» сөзі бейбітшілік, амандық мағыналарын білдірсе, «мұсылман» сөзі Алланың әміріне бойұсынған деген мағынаны береді. Олай болса, діндар, құдайшыл әрі тақуа адам қалайша Алланың әміріне қарсы шығып, басқаларды қанішерлікке шақырмақ, жазықсыз адамдардың жанын алмақ?! Өйткені, Құранда Алла тағала былай деп әмір етеді:

«Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).

Ал енді ДАИШ содырларының жарнама үшін салып отыратынғаламторда толып жүрген бейнероликтеріне назар салсаңыз, онда олардың қатыгездігі мен қаншерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.Мұнда жұрт алдында үлкен немесекіші, мұсылман немесе кәпір деп айырмастанжазалау рәсімін жүзеге асырады. Жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, қойша бауыздалып жатады.

Шынайы Исламда жазықсыз адамды өлтіру былай тұрсын, жануарды да қинауға тиым салынған. Тіпті, имам Бұһаридің сенімді хадистер жинағында бір әйелдің мысықты тамақтандырмай аш қалдырғаны үшін тозаққа түскені туралы хадис бар. Бұл әйел мысықы қамап оған тамақ бермеген, не оның өзіне тышқан аулап ұстауына мүмкіндік жасамаған екен. Сол үшін оны Алла тозаққа түсіріпті (Әл-Асабатуфит-Тамиизиәс-Сахаба кітабы). Сондықтан да дінді қадір тұтқан қазақ малды еш уақытта қорламаған. Бала кезімізде ауылдағы апаларымыз: «Малды теппе – обал болады», – деп айтушы еді.

Егер Ислам жануарды қинаған адамды осылай жазаласа, онда кінәсіз адамдарды қинаған, оларға күш көрсеткен немесе жарып жибергендерге қандай жаза бермек?! Исламда адам өмірі, оның құқығы қасиетті ұғымдар саналып, қатты сақталады. Адамға жан беріп, оған өмір сыйлаған Алла. Адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқығы жоқ: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер...» (Әнғам: 151).

Ислам жасықсыз адамдарға қарсы басқыншылық жасауға тыйым салады:

Жазықсыз адамға оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандайда бір басқыншылық жасауға рұқсат бермейді. Исламдағы бұл қағида барлығына тең. Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің «Хадж әл-Уадағ» (қоштасу қажылығында) халыққа қарап, адамның өміріне, жеке мүлкіне және ар-намысына Қиямет күніне дейін қол сұғылмауы тиіс екенін айтқан: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру» (Мүслимның риуаяты).

Исламдағы бұл талап тек мұсылмандар үшін емес, бәлкім сол мұсылман мемлекетінде жасап жатқан барлық адамдарға қатысты. Бейбіт өмірді былай қойғанда, тіпті ұрыс заманында да Ислам соғысқа қатысы жоқ бала-шағаны, кемпір мен шалды, әйелдер мен өзге дін қызметкерлерін қинауға, атуға тиым салған.

ДАИШ содырларының кейбір ұстанымдары:

1. Мұсылман емес адамды күштеп дінге кіргізу. Болмаған жағдайда өлтіріп тастау;

2. Өзін мұсылманмын деген адам намаз оқымаса – кәпір. Кәпірдің үкімі – өлім;

3. Мұсылман емес мемлекетте өмір сүрген адам – тағутқа табынады. («Тағут»араб сөзі – адамдардың Алладан басқа құдай етіп табынатындары);

4. Патшасы намаз оқымайтын мемлекет – кәпірлердің мемлекеті;

5. Өзін мұсылман санаған адам кәпірдің мемлекетінен мұсылман мемлекетіне немесе ДАИШ (халифатқа) көшуі керек;

6. Намаз оқымайтын отбасынан ажырау қажет. Ер адам намаз оқымайтын әйелін талақ етеді немесе әйел өзінің намаз оқымайтын күйеуімен ажырасуы қажет және т.б.

Енді содырлардың осы ұстанымдарынабайланысты жауаптарды Құран және Сүннеттен іздеп көрейік.

Бірінші ұстанымға қатысты жауап: Бұған нақты жауапты Алла тағаланың мына аятынан көреміз: «Дінде – күштеу жоқ» (Бақара: 256). Демек, Исламда басқа біреуді дінге күштеп, зорлап кіргізу деген жоқ. Дінді әркім өзі еркімен, қалауымен және махаббатымен көңіл қойып қабылдайды. Ислам тарихында да бұған мысалдар жетерлік. Бірде бәдәуй келіп, сахабалармен тұрған пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасына шап береді де дөрекі сөздер сөйлейді. Оның жағасынан қатты ұстағаны сонша пайғамбардың мойынында қызарып шапанының ізі қалады. Пайғамбардың қасында тұрған Омар сияқты батыр сахаба әлгі әдепсізбәдауйдің сазайын беру үшін қылышын жалаңаштаған уақытта пайғамбар оны ақырын ғана тоқтатты. Сөйтіп, әлгі бәдауймен жылы сөйлесіп, керісінше оған сый-құрмет көрсетеді. Кейін, сол бәдауй мұсылман болады.

Екінші ұстанымға қатысты жауап: Құранда мынадай аят бар: «Ей, адам баласы! Шын мәнінде, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (Хужрат: 13).

Демек, адамдардың әртүрлі болуы, ұлттар мен ұлыстар, этностық топтар болып бөлінуі – Алланың жаратылысы. Алла тағала Құранда ешкімді қатыгездікке, дұшпандыққа шақырып отырған жоқ, керісінше, бір-бірлеріңді танып, араласып, тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Егер Алла қаласа, онда біздерді ұлттар мен ұлыстар етіп жаратпай, барлығымызды бір үмбет етіп жасайтын еді:

«Ей, Мұхаммед! Егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді» (Һуд: 118). Сондықтан, бір мемлекетте түрлі адамдардың бірге өмір сүруі және олардың алуан түрлі болуы – тағдыр. Мұсылман адам тағдыр мәселесінде таласпайды. Өйткені, тағдырға қарсы келу – Құдайдың әміріне қарсы шыққанмен тең. Исламда барлық адамның құқығы тең. Исламда намаз оқитын және намаз оқымайтын, мұсылман немесе өзге дін өкілі деп ажыратылмайды.Ислам тарихында бұған дәлел көп. Солардың бірі мына оқиға:

Халифа Омардың кезінде бір яһуди хазіреті Әлидің үстінен шағым айтып келеді. Сонда Омар: «Сен яһудисің, ал, сен Әли – мұсылмансың», – деп ешкімді бөліп-жарған жоқ керісінше, шағымданушы яһуди де, Әли де разы болатындай әділ үкім шығарды. Ал енді кім: «Лә иләһаил-лалла», – деп кәлимасын келтірсе, сол мұсылман. Оған сен мұсылман емессің деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Ал енді, ол қандай мұсылман – бұл басқа мәселе. Яғни, ол иманы әлсіз мұсылман ба, күнәһар мұсылман ба? Мұның ұйғарымын Аллаға тапсырған жөн.

Үшінші ұстанымға қатысты жауап: Мұсылман емес мемлекетте өмір сүрген адам тағутқа табынады деген сөздерінің астарында мынадай мағына жатыр – мұсылман емес басшының айтқанын істеп, соған табынған болады. Оның оған бойұсынғаны табынғаны болып саналады. Олардың мұндай ұстанымы қоғамда анық бүлік шығаруды көздейді. Ал Құран бүліктен қатты қайтарған:

«Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр күнә» (Бақара: 217). Өйткені, бүлік салдарынан қанша кінәсіз адамдар жер жастануы мүмкін. Бүлік – ұйып отырған елдің тыныштығын бұзып, берекесін қашырады. Сондықтан да бүлік шығарушы адамға Алланың мейірімі де болмайды. Құран бізге осыны айтады: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда: 64).

Төртінші ұстанымға қатысты жауап: Біз бұл ұстанымға қатысты жауаптың бір шетін жоғарыда қарастырдық. Шынайы Ислам, ДАИШ содырлары айтқандай қоғамды «мұсылмандар» және «кәпірлер» деп бөлмейді, керісінше бірлікке шақырып, аразданған адамдарды жарастыруға жігерлендіреді. Термези, Әбу Дәуіт және Ибн Мәжаһның хадистер жинақтарында мынадай хабар келеді:

Бір күні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларға қарап: «Сендерге мәртебесі жағынан ораза, намаз және садақадан да абзал нәрсе жайында хабар берейін бе?» – деп сұрайды. Сахабалар бір ауыздан: «Әрине», – дейді. Сонда пайғамбар: «Ол – қырқысушылықты жарастыру», – деп айтады. Бұған қоса, Ислам басшыға бағынуға әмір етеді: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойсұныңдар, пайғамбарға бойсұныңдар және өздеріңнен болған басшыларға да бойсұныңдар» (Ниса: 59).

Бесінші ұстанымға қатысты жауап: Негізінде, мұсылман адам кәпірдің мемлекетінен мұсылман еліне көшуі керек деген ұстанымды бұлар сонау пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінен алады. Меккенің мүшриктері Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) қаладан қуған кезде ол кісі мәжбүр Мәдине шаһарына көшкен болатын. Міне, ДАИШ содырлары осы уақиғаны дәлел ретінде алға тартады. Сөйтіп, олар мұсылман қысымшылық көрген кәпір қоғамынан шығып, мұсылман еліне көшуі қажет деп санайды. Бірақ, олар бір жағдайды естен шығарған сияқты. Біріншіден, Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) қаланың мүшриктері қуып шығарды, яғни ол кісі Меккеден мәжбүр көшті. Ол өз еркімен қашып шыққан жоқ. Сондай-ақ, қаладан шығып бара жатып, артына қарап, «Уатани, уатани» яғни, кіндік қаны тамған жерді қимай, көздеріне жас алып: «Отаным, менің отаным...», – деп айтты деген хабар бар. Бұл уақиға Ислам тарихында анық айтылады. Ал біздің мемлекетте қандай мұсылманға діні үшін қысымшылық жасалып жатыр немесе ұстанған діні үшін кімді елден аластатып жатыр? Ешкімге де мұндай қысымшылық жасалып жатқан жоқ. Емін еркін өмір сүр, отбасыңды асыра, еңбегіңді жандандыр, қалаған дініңді ұстан. Өкінішке орай, осындай насихатты естіген білімсіз қазақ жігіттері отбасын алып, Сирияға жиһадқа шығып кеткенін жақсы білеміз. Халықаралық БАҚ ақпараттарынан естіп отырғанымыздай ДАИШ-ке жан-жақтан адасып келіп жатқан жастар, сол «кәпір» мемлекеттерінен қашып, халифатқа келіп жатырмыз деп ойлап, адасқандар.

Жақында ғана ғаламторда қазақ жігіттерінің соғыс үшін ДАИШ-ке шақырған бейнебаянын көрдік. Сараптама жасадық. Олар тағы да Қазақстан азаматтарын отбастарымен «һижра жасауға» (һижра – араб сөзі. Қоныс аудару, көшу) үндеп отыр. Он екі минуттен астам уақыт аят-хадистерді бұрмалап, өтірік талдау жасалған бұл бейне баянжастарды бүлікке үндейді. Тағы да қаракөз жігіттеріміздің дінге деген сенімін пайдаланып, олардың эмоцияларына ықпал ету арқылы Сирия, Ирақ мемлекеттеріне соғысқа шақырды.Бейнероликтің қысқаша мазмұны: «Біз кәпірлердің мемлекетінде тұрып жатыр екенбіз. Біз Сирия, Ирақ жерлеріне жиһадқа келіп, көзіміз ашылды. Сендерді де осылай жасауға шақырамыз, көп нәрсені түсінесіңдер, жолдарың жеңіл болады. Мұнда келу оңай. Отбастарымен келіп тұрып жатқан қазақ бауырларымыз бар және сол сияқты т.б.».

Бейнероликтің мақсаты – ұйып отырған ел ішінде бүлік шығару. Діндес әрі бауырлас адамдарды «мұсылман» және «кәпір» деп екіге бөліп, бір-бірімен соғыстырып қою. Ислам адамдарды бір-бірімен дос болуға шақырса, ДАИШ-тіктер соғысқа үндейді.

Алтыншы ұстанымға қатысты жауап: Бұл мәселеге қатысты тағы да айтарымыз:«Дінде – күштеу жоқ» (Бақара: 256). Қазақ: «Құдай қосқан қосағыңмен ағар», – дейді. Алла екі жасты қосқан екен, енді өмірдің ағын да, қарасын да өмірлік серігімен бірге көреді. Қайта, егер шынайы мұсылман болса, онда: «Сендердің ең жақсыларың – әйеліне және қыздарына ең жақсы мәміледе болғандарың», – деген хадиске амал қылғаны жөн (Байһақидің риуаяты).

БҰҰ миссиясы мен БҰҰ-ның Адам құқы жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Ирактың солтүстік аудандарындағы халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуына қатысты бірлескен баяндамасында Адам құқығы жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы РупертКолвилл былай деген: «Бұлар – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, әйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету және оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар». Сонымен қатар баяндама авторлары Ирактағы шиіт, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық әрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасалып жатқандығын мәлімдеуде.

Бұл бар болғаны екі айлық бақылау нәтижесі негізінде жасалған баяндама. Ал енді ДАИШ-тің қолында тұтқында оннан астам ай болып, еліне аман оралған француз журналисті Дидье Франсуа CNN-ге берген сұқбатында мынадай жәйтті айтқан. Ол он ай бойы ДАИШ мүшелерінің Құран оқып отырғандарын көрмеген, не Ислам жайында айтқан әңгімелерін естімеген немесе бөлмелерінде бір де бір Құран нұсқасын байқамаған: «Ешқашан Құран тәпсірінің түсіндірмесіне қатысты әңгімені немесе Исламға байланысты уағызды айтып отырғанын естімедім. Олардың Құранға ешқандай қатысы жоқ. Олардың өздеріндеде Құран жоқ еді және оны бізге де бермейтін...».

ДАИШ содырларының тарапынан адамға жасаған айуандық әрекеттерін көрген кейбір ислам ғалымдары оларды Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айтып кеткен адасушы хауариждер тобына да жатқызады. Өйткені, олардың киім киістері, адамдардан ерекшелінуі, адамды қойша боуыздаулары, нақты дәлелдерді керек етпестен күмәнге сүйеніп адамның тағдырын шешу, олардағы қатыгездік сияқты т.б. сипаттары пайғамбардың хауарижтер туралы айтқан сипаттарымен сәйкес. Сондай-ақ, араларында танымал, мұсылман әлемі мойындаған немесе есімі белгілі пәтуә беріп отырған ғалымдары да жоқ...

Ал енді хауариж дегеніміз кімдер? «Хауаридж» араб сөзі – қарсы шығу, бөлініп шығу сияқты мағыналарды қамтиды. Мемлекетте бүлік шығарған саяси-діни топ. Олар мұсылман мемлекетінің үшінші халифасы Осман ибн Аффанды сарайында Құран оқып отырған жерде өлтірген. Кейін олар төртінші халифа, пайғамбардың күйеу баласы Әли ибн Әбу Талибті де өлтіреді. Пайғамбар харижиттер турасында: «Олар жаратылыстың ең жаманы», – деп айтқан болатын (Мүслимнің риуаяты).

Сондай-ақ, кейбір дін мамандары ДАИШ-тің артында саяси астардың жатқанын да жоққа шығармайды. Исламды әлемге жаман етіп көрсету үшін дін дұшпандары ДАИШ-ты шығарды деген пікір де жоқ емес. Өйткені, Ислам әлемдегі ең жас дін болғанына қарамастан, әлем халқы арасында қолдау тауып, тез тарап жатқан дін. Қалай болғанда да бұл тақырыптың саяси астарын өз мамандарына қалдырғанымыз дұрыс шығар.

Сонымен, Исламның атын жамылып, ойларына келгенін істеп жатқан ДАИШ содырларының мұндай айюандық әрекеттеріне артық шыдай алмаған мұсылман әлемінің белгілі ғалымдары да қосылып, бірауыздан оларға қарсы шығуда. Жақында ДАИШ-тің басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдади мен оның жақтаушыларына арналған жүз жиырмадан астам ислам ғұламалары мен муфтилерінің қолдары қойылған ашық хат жарияланды.

Ашық хатта ғалымдар содырлардың жасап жатқан әрекеттері мен деклорацияларына талдау жасап, олардың Ислам ұстанымдарына мүлдем сәйкес келмейтінін баяндайды. Олардың тәубеге келіп, қайырымдылық пен мейірімділік дініне қайтуларын және террористік әрекеттерін тоқтатуға шақырады.

Құметті оқырман, сіздің назарыңызға Исламның атын бүркеніп, кінәсіз адамдарды қинап, Құран мен хадистерді бұрмалап адам түршігерлік істер жасап жатқан ДАИШ-тің басшылыққа ұстанатын кейбір ұстанымдарын баяндадық, оларға қатысты жауаптар келтірдік. ДАИШ-ке арнап, мұсылман әлемі ғұламаларының жазған ашық хатымен таныстырдық. Бұл хаттаИслам ғалымдарының ДАИШ ұйымына білдірген позициясын көрдік. Атам қазақ: «Қой терісін жамылған қасыр», – демекші өздерін «Ирақ және Шам ислам мемлекеті» жариялаған визуалды мемлекеттің ұстанған бағыты хақ Исламның жолымен мүлдем үйлеспейді. Еліміз тыныш, болашағымыз жарқын болсын.

 Жалғас САНДЫБАЕВ,

дінтанушы, философия ғылымының кандидаты

Автордан ескерту: Мақалада мүмкіндігінше «Ислам мемлекеті» атауын қолданғанымыз жоқ. Мұның орнына ДАИШ сөзін пайдаланғанды жөн көрдік.

 

 

 

Мұхитдин Исаұлы: ДАИШ террористері – шейхсымақтардың жетегіндегі сауатсыз тобырлар

Бүгінде исламға күйе жағуда кең қолданылып жүрген терминдердің бірі - терроризм.  Ал, террорист деген кім? Ойымызға бірден келетіні бет-аузын тұмшалаған, қолына қару ұстаған,  халықтың құтын қашырғысы келетін жан.  Психологтардың айтуынша, олар да адам баласы, бірақ адами қасиеттен айырылғандар.  Ендеше, олар бұл жолға қалай түсті? Террорист дайындаудың қандай да бір мектебі бар ма?  Жалпы, террористердің танымы мен  әлемдік психологиялық зерттеулердің қорытындысы  туралы теология ғылымның докторы, исламтанушы ғалым Мұхиддин ИСАҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.

 – Мұхитдин аға,  қарапайым ғана сұраққа жауап берсеңіз. Адам қалай террорист болады?

– Жалпы,содырларға психологиялық зерттеу жүргізілгенде,  ең алдымен олардың бәрі террорлық іс-әрекеттің құрбаны екені анықталған. Өзінің адами қасиеттері мен  өмірге  деген сенімін жоғалтқан және болашаққа деген үміті өшіп, адами ұстанымы, сенімі бұзылғандар бірден террорист болатыны дәлелденген. Мұндай құрбандар болашақ өмірін жоғалтып алғандықтан, олардың жан-дүниелерінде  қайғы-қасірет болады.  Өмірден  өз орнын таба алмай,  қабілетсіз әрі діттеген мақсаттарына  жете алмағандықтан,  осының бәріне кінәліні өзгеден көріп, өш алудың жолына түседі. Сол жолда өзін де құрбан етуді мақсат тұтады. Өйткені, оның бойында алдымен өзінің қабілетсіз болғаны, ал өзге адамдардың қабілетті болып діттеген мақсаттарына жетіп жатқаны, оны әрі қызғандарады әрі өшпенділік сезімін оятады. Екіншіден,  оның ең қорқынышы – болашаққа деген үмітсіздігі.  Яғни,  болашағы күңгірт әрі өте қорқынышты болып көрінеді. Сол қорқынышының қасында өзін құрбан ету ешқандай да қорқыныш емес, керісінше әлгі қорқынышты басу, серпілту болып саналады. Ал, мұны жаман пиғылды топтар өз мақсаттарына пайдаланып кетеді.

– Көбіне қай жастағы адамдар  бейім болып келеді?

– Әрине, жасы ұлғайған жандарда мұндай қорқыныш  кездесе бермейді. Психолог ғалымдардың сөзіне қарасақ мұндай сезімдер көбінесе  17-23  жастағы жастар арасында  кездеседі.  Осы жас аралығындағы  террористерді зерттегенде, олардың көбі ата-анасынан және өз ортасынан қорлық көрген, мұң-зарын ешкімге  айта алмағандар. Олар үйде де,  сыртта да,  жалпы қоғамнан шеттетілгендер.

– Яғни, оларды толығымен рухани науқасқа шалдыққандар деп атауға бола ма?

– Келісемін. Біреуі өзінің кім екендігін, енді бірі ұлтшылдығын, енді бірі діни сенімін алға шығарғысы келеді. Бірақ, табысқа жете алмаған соң қаталдық арқылы тез арада қол жеткізуге тырысады. Егер, өзін танытқысы келсе тірі бомбаға айналады. Ал, қоғамдық болса арнайы өзін қолдайтын террорлық топтарға қосылады. Кейбір психологтар оларда мұндай науқас көрінбейтінін,  бар- жоғы  түрлі себептерден болатынын айтады. Мысалы, туғаннан атыс-шабыс арасында өскен, өзгелерден  қорлық көріп, ешбір тірі жанға сенбей, барлық адамдарды өзіне жау көріп өсу де адамды террорлық іс-әрекетке сүйрейтінін алға тартады. Сондай-ақ, психологтар әрбір террористің өзіндік психологиялық ауытқуы барын айтады. Террористтердің бәрін «бір таразыға салып тарту» қиын екендігіне назар аудартады.

– Жалпы, террористердің түрлі типологиялары барын білеміз.  Мысал ретінде,  ДАИШ құрамындағы содырларды екі топқа бөліп қарастырады.  Біріншісі - психологиялық ауытқуға ұшырағандар. Ал, екіншісі ислам дінін білмейтіндер. Осы екі топты ашықтап түсіндіріп берсеңіз...

– Дұрыс айтасыз.Террористердің арасында  ақыл-есі дұрыс,  интеллектсі жоғары тұлғалар, сондай –ақ сауаты шамалы адамдар да кездеседі. Психикалық тұрғыда ақыл есі толық емес фанатиктер де жетіп артылады. Сол секілді ақшаға байланысты - пайдакүнемдік мотивтері ретінде де анықтауға болады.

Ал, қазіргі ДАИШ-те өз-өзін жарып жатқан «мұсылмандарға» келетін болсақ, бұлардың псиохологиялық ауытқулары бір арнаға тоғыса бермейді. Әйткенмен, бұларды өзіңіз айтқандай, екіге бөліп қарауға болады. Әуелгі топта психологиялық ауытқулар бар. Отбасымен дұрыс қарым-қатынаста болмаған немесе бала кезінде ортасынан қысым көрген, қысқаша айтқанда өмірден опа таппаған жас. Біздің елдегі суициттің басым көпшілігі осындай себептен болып жатады. Осындай жастар теріс ағымдардың қолына түссе, оп-оңай солардың ығына жығалады.

Екінші топтағылар - ислам дінін білмейтіндер. Олар өз дінін білгісі келіп жүргенде, сол теріс ағымның қолына түседі де оңай және төте жолмен жұмаққа барғысы келеді. Олардың шейхтары оларға аят пен хадистен мысал бере отырып (бұрмалап), шейіт болудың қадір-қасиетін айтып, дәрі арқылы емес кәдімгі насихат арқылы өздерін құрбан етуге дайындайды. Олар, тіпті жұмақта жүргендей сезінеді. Яғни, бірі қоғамнан өш алу үшін, кек алу үшін істесе, енді бірі өзінің жұмақтық бақыты жолында зұлымдықты дұрыс санайды. Бұл топтағыларды егер дін білетін біреу олардан бұрып әкетіп, ұзақ уақыт насихаттайтын болса өз райларынан қайтуы мүмкін. Бұл ретте айтарым, терролық іс-әрекетке баратын содырлардың бәрін бір таразыға қойып, бәріне бірдей диогноз қою қиын. Бірақ, бәрінің де адами қасиет жағынан психологиялық ауытқулар бар екені анық.

 – Осы, теріс ағымдардың жергілікті халық дәстүрлерін, құлшылықтағы кейбір айырмашылықтарын ширкке шығарып, бидғатқа балауы  қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

– Бидғатшылықтың қаупі сырттай қарағанда, содырлық әрекеттермен салыстырғанда қауіпсіз тәрізді көрінгенмен, салыстырмалы жағынан келгенде оның содырлық әрекеттерге баратын жастарды дайындауға және психологиялық ауытқуына ерекше рөл атқаратын жақтары бар. Яғни, бидғатшылық қаупі содырлық қауіптің түпкі тамырлары деп айтуға келеді. Бидғатшылықтың түбінде халық пен қоғамды өзіне жау ету жатыр.

Жалпы, исламда бидғат жаман-жақсы болып екіге бөлінеді. Бидғат деген сөз асылы дінде болмай, кейіннен адамдардың не болмаса белгілі бір халықтың дінде жоқ нәрселерді дін етіп көрсетіп, соны діни амалдай санауы. Мысалы, сахабалар Мысырды алғанда ол жерде сол баяғы пирамида тәрізді жәдігерлік ескерткіштер көп еді. Бірақ, оларды қиратпаған. Сұлтан Фатих да Аясопияны мешітке айналдырғанда қабырғалардағы христиандардың киелі санаған суреттерге тиіспеген. Ауғанстан тәрізді елдерде де Орта Азияда көне будда тәрізді діндерге арналған жәдігерлер әлі күнге дейін сақталған еді.  Міне, дінде осылай бола тұра ислам атын жамылған содырларда осыған қарама-қайшы әрекеттердің болуы, олардың исламға қарама-қайшы топтар екені анық білінеді.

Олар өздеріне бір жеткіншекті тартқан кезде, осы бидғатшылықты басқаша түсіндіріп, қоғамды өзіне жау етіп көрсетеді. Мысалы, қазақтың бүкіл салт-дәстүрін және ханафидің фәтуаларын дінде болмаған нәрсе етіп көрсетіп, жастың санасында «бұлар адасқан, ендеше олардың қанын төгу – халал» деген түсінік орнықтырады.  Мұның арты «бұл ел, бұл ұлт сенің ұлтың емес, сенің барың да, жақының да бізбіз» дегенге ұласады. Яғни, техникалық тілмен айтқанда «виндоуысы» тұтас ауысады. Түрі қазақ, бірақ жан дүниесі тұтастай өзгеріп кетеді.

– Өзіңіз  білесіз, қазіргі уақытта радикалды топтар содырларды дайындауда Құран аяттарын жиі пайдаланады екен. Әрине, аяттарды терең түсіндірмей,  өз мақсаттарына ыңғайлап, жастардың санасына басқаша пікір қалыптастырады. Осы ретте, құранның астарлы аяттарын қалай түсіндіруге болады?

– Жорамал арқылы ғана түсіндіруге болады. Мысалы, Құранда Алла Тағаланың затына қатысты аяттарды Имам Матуриди тәрізді ғалымдар жорамал арқылы түсіндірген. Бірақ, жорамал тұп-тура ақиқат, меңзеген мағынаның дәл өзі деген сөз емес. Сол астарлыға жақын мағына. Мұндағы мақсат - қарапайым халықты ақиқатқа жақындату және ақиқаттан алыстатпау. Ал, мұның содырларды дайындауда қандай психологиялық әсері бар деп сұрайтын болсаңыз, бұл жерде әсері мол. Жалпы, исламда ең әуелі сенім – Аллаға сенім, Аллаға деген түсінік. Ал, енді содырларды дайындайтын психолог мамандар өзінің нысаналық адамының санасында «жорамалдарды» жоққа шығарып, астарлы аяттар туралы басқа пікір айтып, солай қалыптастырғанда, оның сенімі мүлде басқаша болып шыға келеді. Яғни, ол нысана өз межесінен тайғанда, күллі қоғаммен үйлеспейтін бар-жоғы сол елде «жиһад» жасауға араб елінен келген мужаһид болып сезінетін болады. Сол үшін де олар арнайы өздерінің бағыты қойылған діни терминдерді жиі айтқызатын болады.

 Бұған қатысты «Әли Имран» сүресіндегі жетінші аятта мұндай астарлы аяттарды жүрегінде ауытқу болғандар ел ішінде бүлік шығару үшін өз идеологияларына пайдаланатындығы ашық айтылады. Тіпті Муслимде хазіреті Айша Пайғамбарымыздан «олар кімдер?» деп сұрағанда Алла елшісі астарлы аяттарға қарай жүгіріп, өзіне қарай бұра тартқандарды көрсең, міне Алланың атап көрсеткені солар деп белгілерін береді.

– Ал, ДАИШ құрамындағы діни санасы уланған, діни білімі таяз азаматтар тек ДАИШ уағызын тыңдаумен шектеледі емес пе?

– Иран билігі қалай Аятолладан жеңілді? Олардың ең басты қателігі, оған жәй бір уағызшы ретінде қарап, мән бермеді. Ол шет елде жүрсе де халық арасында уағыз насихатын кең жайды. Ол діни уағызды пайдаланып, өзінің саяси идеологиясын діни мотив арқылы жақсы жүргізе алды. Ол төңкеріліс жасаған кезде халық әлдеқашан әзір болып, бояуы сіңіп кеткен еді.

 Ендеше, саясатшылар ғана емес содырлардағы психолог күштер де діни мотивпен өз идеологиясын кеңінен жүргізеді. Дінді қашан да сыңар жақты етіп түсіндіріп, соны сіңіретін болса қалғанының бәрі жалған болып көрінеді. Өйткені, дінді саяз білетін адамда діни түсінік солардың идеологисына қарай қалыптасып, қатаяды. Оны олар аят пен хадистерді пайдалана отырып қалыптастырады. Белгілі бір уақыттан кейін ол қалыптан айнуы өте қиынға соғады. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық көрінеді». «Ет пен тері жымдасып, сүйек қатайған соң ота жасау қиынға түседі». «Қисық айна тәрізді. Дүниенің ең түзуін де қисық көрсетеді». Ал, ислам түсінігінде олай емес. Мысалы, исламда қалыптасқан төрт мәзһаб бар. Мұсылмандар сол мәзһаб имамдарының бәрін ұстаз санайды. Ендеше, ДАИШ уағызын тыңдаған ел арасындағы жастар арнайы лагерлерде содырлыққа дайындалып жатқан бір жерде жиналған топтар тәрізді. Уағыз арқылы содырларды дайындау әлде қайда жеңіл әрі әлде қайда шығынсыз болады. Ал, жою жағынан келсек лагерлерді жою оңай, ал ел арасында санасы өзгергендерді түзеу аса қиынға түседі. Олар қазір көрінбегенімен, уақыты келгенде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай бұрқ ете қалады.

– Мамандар ДАИШ құрамындағы жастардың көбі  тәкпіршілер екенін алға тартады. Жалпы, тәкпір ұғымының мәнін түсіндірсеңіз...

– Тәкпір ұғымының психикалық түбіне үңілсек өз тобынан, өз үйірінен басқаның бәрін жау санау деген сөз. Әрбір санасында тәкпірлік пікір қалыптасқан адам өз деңгейінде террорист деген сөз. Ең азы содырлық жұқпалы дерт жұқтырған адам. Қазіргі Кореядағы «эбола» дертінен де жаман. Өйткені ондай дерттердің әйтеуір бір күні емі табылады. Бір ем бәріне жарайды. Ал, тәкпірлік дертін жұқтырғандардың бәріне бір ем әсер ете бермейді. Жазылғанмен күндердің бір күні бұғып жатып, қайта бас көтере салуы мүмкін. Өйткені, оның ұғымында өздерінен басқа барлық жер бетіндегі мұсылмандар – кәпір мен екі жүзді мұнапық. Күллі мешіт пен имамдар сол кәпірлердің басшысы, Әбу Жәһілдер болып саналады.

ДАИШ идеологиясының негізінде тәкпіршілік ұғым мен сенім жатыр. Олардың идеологиясы тек шариғатқа ғана қарсы емес, күллі адами қасиеттердің бәріне жат нәрсе. Олардың тағылықтары ең азғын жыртқыштардан да асып кеткен. Ал, исламдағы шариғат адами қасиеттердің бәрін қорғау үшін, жер бетіне зұлымдықты жойып, әділдік пен бейбітшілік орнату үшін Алладан берілген.

– Арнайы уақыт бөліп, тағылымды сұхбат бергеніңізге рахмет!

 Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

Балғабек МЫРЗАЕВ: «Ислам – үрейдің діні емес!»

Бүгінгі қоғамда ислам дінін шамадан тыс қатыгездікпен байланыстырып, адамдардың бойына қорқыныш, үрей сезімін ұялату белең алуда. Исламды шектен шығып қаралаушылар «исламофобия» ұғымын орынды-орынсыз тықпалап, оны соқыр түсінікке негізделген дін ретінде көрсеткісі келеді. Осы ретте ислам дінінің шынайы құндылықтары төңірегінде теология ғылымының докторы Балғабек МЫРЗАЕВПЕН әңгімелескен едік.

– Балғабек Әбдіқайымұлы, ислам дінінің асыл құндылықтарды дәріптейтінін әлем халықтары жақсы біледі. Десек те, соңғы жылдары орын алып жатқан мұсылман елдеріндегі қарулы қақығыстар мен түрлі террорлық әрекеттердің астарын ислам дінінен іздеу үйреншікті  жағдайға айналды. Бұл кімнің қателігінен болып отыр?  Мұсылмандарға қарсы теріс көзқарас қалыптастырып отырғандардың шынайы көксегені не?­

­– Бұл, біріншіден, ислам дінінің шынайы құндылықтарын дұрыс түсіне алмаған мұсылмандардың қателігінен дегім келеді. Екіншіден, ислам мен мұсылмандарға деген жеккөрушілік және мұсылмандық мәдениетті прогрессивті емес, "тоқырауда қалған, фундаменталистік және басқа мәдениеттерге қауіп төндіретін мәдениет" деп мұсылмандарға қарсы жаулық көзқарас қалыптасып отырған әлемдегі астыртын күштердің ықпалынан деп түсінуіміз керек.

Таразының бір жағында ислам елдеріндегі «Араб көктемі», Ирактағы сунниттер мен шииттердің билікке таласып бірін бірі қырып-жоюы, Кувейт-Ирак текетіресі, Пәкістан мен Ауғанстандағы үздіксіз терактілер, Сириядағы төңкеріс, Ливиядағы жағдай, Мысырдағы «Жасыл кітап» авторына жасалған озбырлық, Сауд Арабиясы Корольдігі мен Иеменнің арасындағы саяси шиеленіс, «аль-Кайда» және басқа да лаңкестік ұйымдардың әр жерде жойқын жарылыстар ұйымдастыруы, Ауғанстандағы Талибан, өзін өзі құрбандыққа шалатын жанкештілер мен «Халифат құру» мақсатын көздеген, жаппай жихадқа шақырған содырлар  өздерін мұсылман ретінде көрсетіп, исламға деген үрейдің көрігін үрлеп отыр. Яғни, білімі таяз мұсылмандар ислам тарихында болмаған жағымсыз әрекеттерімен исламофобияға қызмет етіп жатыр. Ислам дінінің негізінде экстремистік, оның ішінде діни танымдарды жамылатын лаңкестік құрылымдармен ешқандай байланысы жоқ. Лаңкестіктің салдарынан ең бірінші ислам мемлекеттерінің азаматтары зардап шегіп отырғандарын бүкіл әлем көріп отыр. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде былай делінеді: «Дін – зорлық-зомбылықтан бас тарту. Ешқандай мұсылман баласы зорлық-зомбылықты қолдауға тиісті емес». Таразының екінші жағында, христиан әлемінде 2001жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-тағы терактіден кейін исламофобияның күрт өсуі тұр. Сонымен қатар, мұсылмандардың христиандық дамыған мемлекеттерге, оның ішінде Еуропаға жүйесіз миграциясы да исламофобияның өршуіне себеп болды. Еуропалықтар мұсылмандарды жалқаулар мен жатыпішерлер, білім алуға ынтасыз, өркениеттің көшінен қалып кеткен сауатсыздар деп айыптағанымен, негізгі үрейлері мешіттердің көбеюі,  жұма және айт намаздарында мұсылмандардың мешітке сыймай, көшелерге шығуы, оның қасында шіркеулердің қаңырап бос тұруы екенін жоққа шығаруға болмайды. Құранды өртегісі келген пастор Терри Джонс, Рим папасы Бенедикт XVI 2006 жылғы Регенсбурк қаласында исламға қатысты айтқан сыни сөздері, Франциядағы «хиджаб» киюге тыйым салу, Швейцарияда мешіт мұнараларын салуға тыйым салу, Франциядағы, Даниядағы Ислам пайғамбарының каррикатурасын жарнамалауы, Норвегиядағы Брейвиктің жасаған терактысы исламофобияның шоғын қоздатты.

– Яғни, діни көзқарастардың радикалдануы исламофобияның өршуіне әкеледі дейсіз ғой...

– Негізінен, ислам діні тек жалаң сенімнің ғана емес, ол – адамгершілік пен ғылымға негізделген биік мәдениет, өркениеттің діні. Ислам өркениеті он төрт ғасырдан бері бүкіл адамзатты сенім мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келеді. Ислам діні тарих сахнасына көтерілгеннен бері ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем мойындауда.

Өкінішке қарай, заманымызда әлемнің бірқатар елдеріндегі діндар тұрғындардың кейбірінің көзқарастарының радикалдануы мәселесі тым шиеленісті жағдайда. Бітіспейтін, агрессивтік ислам идеологиясынан нәр алып отырған радикализм әлемдік қауымдастықтың басты назарында. Радикалданған мұсылмандардың әрекеттерімен байланысты экстремизм мен терроризм көріністері тұрғындар арасында исламофобияның өсуіне алып келіп, жағдайды шиеленістіре түсуде. Сонымен қатар, тұрғындар көзқарастарының радикалдануының себептеріне әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси факторлардан басқа, ислам ілімінің гуманистік, мәдени, жасампаздық  бастауларының дағдарысы да жатады.

– Өзіңіз айтқандай,  қоғамның радикалдануы, экстремистік көріністер мен терроризм сияқты жаһандық проблемалармен бетпе-бет келген уақытта тығырықтан шығу үшін еліміз халықаралық деңгейде қандай бастамалар көтерді?

– Ислам діні зорбалықты, жамандықты әмір етпейді, керісінше жақсылықты насихаттауды әмір етеді. Құран Кәрімнің Нахыл сүресінің 125-ші аятында: “Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және ең жақсы насихат түрімен шақыр әрі олармен ең көркем мінез арқылы іліммен күрес.” – деп, бұйырылған.  Сонымен қатар, Құранда: “Кім бір адамды жазықсыз өлтірсе бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең саналады. Ал кімде кім адамды өлімнен құтқарса бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғанмен тең саналады ”(Мәйда/32) - деп, айтылады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясындағы сөйлеген сөзінде «Ислам қоғамдастығына бейбітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және өркендеу ауадай қажет. Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет етіп, жаңа идеялардың алға жылжуына қабілет танытатын интеллек­туалдық элитаны тәрбиелеу біздің міндетіміз болуы тиіс.Орта ғасырларда ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады. Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия секілді қалалар бүкіл әлемнің интеллектуалдық орталықтары болып табылды. Олар ғалымдар, әдебиетшілер мен кітап шығарушылардың ірі қауымдастығын өздерінде шоғырландыра білді. Мұсылмандар көрші елдердің қызығушылығы мен таңданысын туындатқан қуатты интеллектуалдық өркениетті құра алды. Қайта өрлеу заманының қарсаңында христиандық Еуропа шығыс киімдерін киді және мұсылмандардың филосо­фиялық шығармаларын оқуды дәстүрге айналдырды. Араб цифрлары мен есептеу жүйесінің пайда болуы математикада, алгебрада, геометрияда танымдық төңкеріске әкелді. Осының негізінде Еуропаның мұнан кейінгі гүлденуіне қызмет еткен оқытушылық жүйесі қалыптасып, сәулеткерлік пен сауда дамыды. Міне, осындай қуатты тарихи іргетасқа сүйене және бірлесе отырып біз ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғыртуға міндеттіміз. Мұсылман әлемінің интеллектуалдық ұлылығы мен жасампаздық күш-қуаты неліктен жоғалғандығын зерттеп, түсінуіміз қажет. Ислам елдері бай табиғи, адами, қаржылық ресурстарға ие бола отырып, неліктен әлемдік даму деңгейінде жоғарғы орындарға ие бола алмады? Неліктен ислам университеттері әлемдік жоғары білім жүйесінде өздерін көрсете алмай отыр? Соңғы жиырма жылда мұсылман елдерінде жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласында әлемдік дең­гейдегі жаңалық ашулардың болмау сыры неде?» - деп, мұсылман әлеміне әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы идеялардың пісіп-жетілуі мен жаңалықтардың ашылуына ақша мен табиғи ресурстар емес, бірінші кезекте интеллектуалдық орта мен қоғамдық-саяси ахуалдың қажет болатындығы туралы ой тастады.

Мұсылмандар осыған баса назар аударуы тиіс. Ислам негізінен мұсылмандардың бір-біріне және өзге діннің барлығына деген төзімділігі, байыптылығы және танымдылығы негізінде бірігуін жақтайды. Бұл ретте исламның бірінші кезекте жалпы адамзаттық құндылықтарды адамгершілік, төзімділік және әділет­тілік қасиеттерді насихаттайтындығын атап көрсету керек.

– Ол үшін нақты не істеу керек деп ойлайсыз?

– Біріншіден, бүгін мұсылман уммасы исламның саяси зорлық-зомбылықпен, экстремизммен және лаңкестікпен ешқандай байланысы жоқ екендігін үзілді-кесілді мәлімдеп, саяси идеология ретінде діни фундаментализмге қарсы тұруды үйренуі қажет.

Екіншіден, өткен мыңжылдықтың орта ғасырларындағы Ислам, әлемдік ғылым мен мәдениеттің дамуына едәуір салым салды. Ислам ойшылдары діни ғылымдармен қатар адам білімінің басқа да гуманитарлық және табиғи салаларының өркендетті. Бұл фәлсафа, математика, медицина, астрономия, география. Бүгін мұсылмандар сол дәуірдегі жағдайына қайта жету үшін білім мен ғылымды игеруге ұмытылуы керек.

Үшіншіден, мұсылман әлемі және Батыс әлемі арасындағы ашық және әділетті үнқатысуды барынша жандандыру керек.

Қасиетті Құранда мұсылман емес адамдармен пікірталас және үнқатысу негізін жүргізу туралы былай делінеді: «Жаратқанның қасиетті жолына ғұламалықпен және ізгі ісіңмен баста және олармен болатын пікірталасты ізгілікпен жалғастыр».  Бұл әртүрлі пиғылдағы экстремистердің әлемде өзара жаулық дәнін сеуіп, «өркениеттер қақтығысы» деген текетіреске тартып жатқан кезеңде ерекше маңызды болып табылады.

Қазақстанда мұсылман мешіттерінің мұнаралары, христиан храмдары мен иудейлік синагогалардың күмбездері бейбіт қатар өмір сүруі Қазақстанның бейбітшілік және толеранттылықты насихаттауға қосқан үлесі болып табылады.

Ислам уммасының «Исламофобияны» жеңуі үшін Қазақстаннан үйренетін тәжірибелері  жеткілікті.

Лайым, елімізден береке-бірлік етпесін!

– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

 

ДАИШ-тен келер қауiп қандай?

Жуырда елорданың Есіл аудандық соты «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымын террорлық деп танып, қызметіне тыйым салды. ДАИШ елімізде террорлық деп танылған 17-ші ұйым болып отыр. Айта кету керек, содырлардан жасақталған террорлық топ қазіргі уақытта Ирак пен Сирияның біраз аумағын басып алған. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Əбіқаев бұған дейін ДАИШ қатарында 300 қазақстандықтың соғысып жүргенін мəлімдеген болатын. Жалпы, ДАИШ Қазақстанға қаншалықты қауіпті? Олардың шынайы бет-бейнесі қандай? Осы ретте отандық мамандардың пікіріне назар аударсақ.

Балғабек МЫРЗАЕВ, Теология ғылымының докторы:

– Ислам атын жамылып жер бетінде халифатын орнатамыз деп жаһанды дүрліктірген «Ислам мемлекеті» жəне «ан-Нусра фронты» ұйымдары елімізде террористік деп танылды. Себебі, оның идеологиясы мен мақсаты Қазақстан Республикасы қол қойған халықаралық келісімдер мен еліміздің заңнамаларына қайшы келеді жəне Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, осы ұйымдардың «әл-Каидамен» байланысы бар екені жəне лаңкестік əрекетерге араласқаны да анықталды. ДАИШ жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранмен бірқатар мемлекеттерден жиналған заңсыз қарулы топтар арқылы Ирак жəне Шам елдерінде діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақыруда. «Халифатшылардың» ғаламтор бетінде дүние жүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио жəне видеоматериалдар күн санап көбеюде. Ал енді ДАИШ содырларының ғаламторда толып жүрген бейнероликтеріне назар салсаңыз, онда олардың қатыгездігі мен қанішерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда мұсылман немесе кəпір деп айырмастан жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, қойша бауыздалып жатады. Исламда адам өмірі, оның құқығы қасиетті. Адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқы жоқ:«Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер…» (Əнғам: 151).

ДАИШ-тіктер – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, əйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету жəне оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар». Сонымен қатар ДАИШ Ирактағы шиит, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық əрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасап, қан төгуде. Сондықтан, мүшелері қолына Құран ұстамаған ДАИШ содырлардан құралған лаңкестік ұйымнан басқа ештеңе де емес. Олардың шектен шыққан əрекеттерін, ДАИШ-тің басшысы Əбу Бəкір əл-Бағдади мен оның жақтаушыларын айыптаған мұсылман əлемінің жүз жиырмадан астам белгілі ислам ғұламалары мен мүфтилерінің қолдары қойылған ашық хат жарияланғаны белгілі.

Ашық хатта ғалымдар содырлардың жасап жатқан əрекеттері мен декларацияларына талдау жасап, олардың ислам ұстанымдарына мүлдем сəйкес келмейтінін баяндайды. Олардың тəубеге келіп, қайырымдылық пен мейірімділік дініне қайтуларын жəне террористік əрекеттерін тоқтатуға шақырады. Мысыр пəтуа шығару басқармасы такфир ағымы деп танылған ДАИШ террористік ұйымының өзін-өзі жарып жіберуге арналған қаруды қолдануына қарсы пəтуа шығарды. Пəтуада: «Мұндай қарулар арнайы жасалады. Бүгінде лаңкестер өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қарудың əйелдерге арналған түрін ойлап шығаруда. Мұндай қару террористік қақтығыстарда өзін-өзі жару үшін жасалған. Қазіргі таңда лаңкестер өзін-өзі жарып жіберу əрекеттерінде əйелдерді құрал етіп алды. Лаңкестер ол үшін алдымен бір əйелді таңдап алып, оның санасына психологиялық шабуыл жасайды. Əлгі əйелге өлім туралы əбден насихат айтылады. Қажет болған жағдайда өзін өлтіруге итермелейтін арнайы миға əсер ететін шөптер ішкізеді. Біршама уақыттан кейін əлгі əйел дайын əскер болып шығады» делінген. Осы əлемдегі беделді ислам елдерінің ғалымдарының ислам атын жамылған «Ислам мемлекеті» террористік ұйымын айыптағанын ескере отырып, Астана қаласы Есіл аудандық сотының «Ислам мемлекеті» (олардың «ДАИШ», «ИГИЛ» деген де атаулары бар) жəне «ан-Нусра фронты» ұйымдарын террористік деп танып, оның Қазақстанның аумағында қызметіне тыйым салуы дер кезінде қабылданданған шешім екені анық.

Жалғас САНДЫБАЕВ, «Е-Ислам» порталының бас редакторы:

– ДАИШ содырларының тарапынан адамға жасаған айуандық əрекеттерін көрген кейбір ислам ғалымдары оларды Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айтып кеткен адасушы хауариждер тобына да жат қызады. Өйткені, олардың киім киістері, адамдардан ерекшелінуі, адамды қойша бауыздаулары, нақты дəлелдерді керек етпестен күмəнға сүйеніп адамның тағдырын шешу, олардағы қатыгездік сияқты т.б. сипаттары пайғамбардың хауариждер туралы айтқан сипаттарымен сəйкес. Сондай-ақ, араларында танымал, мұсылман əлемі мойындаған немесе есімі белгілі пəтуə беріп отырған ғалымдары да жоқ… Ал енді хауариж дегеніміз кімдер? «Хауаридж» араб сөзі – қарсы шығу, бөлініп шығу сияқты мағыналарды қамтиды. Мемлекетте бүлік шығарған саяси-діни топ. Олар мұсылман мемлекетінің үшінші халифасы Осман ибн Аффанды сарайында Құран оқып отырған жерінен өлтірген. Кейін олар төртінші халифа, пайғамбардың күйеу баласы Əли ибн Əбу Талибті де өлтіреді. Пайғамбар харижиттер турасында: «Олар – жаратылыстың ең жаманы» деп айтқан (Мүслимнің риуаяты).

Ермек МҰҚАТАЙ, «Əлжан ана» мешітінің бас имамы:

– Дін атын жамылған трансұлттық сипаттағы террорлық ұйымдар адамзаттың бейбіт өмір сүруіне қатер төндіре бастады. Соның бірі өткен ширек ғасырда ислам дінінің атын жамылған «Əл-Кайда» террорлық ұйымы болса, келесі біреуі 2014 жылы Сирия мен Ирак жерінде пайда болған ДАИШ ұйымы екені əмбеге аян. ДАИШ қандай ерекшелігімен қауіпті дегенге келетін болсақ, бұл ұйымның ұстанымында ислам шариғатына теріс «тағут» жəне «тəкфир» түсініктері бар. Олардың пайымдауынша, «тəкпір» деп үлкен күнə жасаған адамды айтамыз.

Ислам шариғатын басшылыққа алмаған кез келген саяси жүйеге «кəпір» үкімін тағады. Яғни, мемлекеттік конституциялық құрылысы Құран мен сүннеттен тұрмаған əрбір жоғары саяси институт «кəпір» болып табылады. Сондай-ақ, ДАИШ-тің бұл пікірін құптамаған өзге мұсылмандар да «кəпір» саналады. Əлбетте, бұл – асыра сілтеп, шектен шыққандық. ДАИШ террорларының түсінігінше, бұл ұйымға кірмеген жəне олардың шейхтарына мойынсұнбаған əрбір мұсылман «тағут» саналады. Ал, ДАИШ-ке мүше болып, кейін олардан шыққан адам «муртад» (дінін тəрк етуші) болып есептеліп, өз пəтуаларында мұндай қадамға барған адамды өлтіруге рұқсат береді.

Əсілі, «тағут» туралы түсінік уахабилік-салафиттік ілімнің теориясын жазған Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негіз» атты еңбегінде кездеседі. Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб өзінің бұл пікіріне Ибн Таймия жəне Ибн əл-Қайимның шетін көзқарастарын арқау еткен. Ол «тағуттың» бірнеше санаттарын келтіре отырып, оның ішіне зайырлы жүйені де жатқызады. Яғни, Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың «Үш негізі» бойынша Алланың заңымен құрылмаған əрбір саяси жүйе жəне оның қызметкерлері «тағут» саналады. Олар: «тағут» адамдардың қаны мен мал-мүлкі адал деген үкім шығарған. Осыған байланысты ДАИШ-тің жетегіндегі жанкештілер өздеріне қосылмаған немесе өздерін құптамаған мұсылмандардың бəрін өлтіруді күнə деп есептемейді. ДАИШ туралы сараптамаларға зер салсақ, бұл ұйымның алдын ала əзірленген жоба екенін аңғарамыз. Өйткені, алдын-ала ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бас қосып, үлкен көлемдегі əскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы мүмкін емес. Мұсылман мемлекеттерімен қоса, ислам діні аз таралған елдерден əп-сəтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны əйгілесе керек.

Қазан айының 15-күні Астана қаласының Есіл ауданының соты осы ДАИШ-ті террорлық ұйым деп таныған шешім шығарды. Бұдан кейін ДАИШ-ті құптау немесе оған еру ҚР Қылмыстық кодексінің терроризм бабы бойынша сотталатын болады. Əрине, тек жазалаумен ДАИШ-ті ауыздықтай алмаймыз. ДАИШ идеологиясын түбегейлі жеңу үшін исламның содырлыққа емес, ізгілікке негізделген дін екенін толық сезінуіміз қажет. Ол үшін ҚМДБ имамдары мен өзге де теолог азаматтардың Хақ дінді жан-жақты насихаттауына қолдау білдіруіміз шарт.

Ноян ЖОЯМЕРГЕН

 

 

ДАИШ ұйымы – олар кімдер?

Бүгінгі күні әлем бетпе-бет келіп отырған лаңкестік қылмыс пен діни экстремизм дерті  адамзат болашағына зор қауіп төндіруде. Әлемдік аренада экстремизм мен зорлық-зомбылықты пайдаланатын, ислам атын жамылған жаңа жүйесіз ұйымдар пайда болуда. Оның ішінде, бүтін әлем елдерінің тыныштығы мен қауіпсіздігіне көлеңке түсіріп, үрей тудырушы топтар арасында ДАИШ лаңкестік ұйымының белсенді әрекет етуде.

ДАИШ – 2013 жылы «әл-Каидамен» байланысын үзіп, 2014 жылдың маусымында Ирак және Сирия аумағында халифат құрылғанын жариялап, Абдалла Ибрагим әл-Самарийді (Әбу Бәкір әл-Багдади) өздеріне халиф етіп сайлады.  Осылайша ДАИШ ұйымы құрылған уақыттан бері ислам әлемінің бейбітшілігіне бұлт үйіріліп, тыныштығына сызат түсті.

Әлемдік ақпарат құралдарының бүгінгі бас тақырыбы да осы ДАИШ ұйымының қантөгісті қылмыстарына арналып, баспасөз осыны жарыса жариялаумен әлектенуде.

Бүгінгі ислам әлемі әр күн экстремист-жанкештілердің лаңкестік әрекеттерінен жазықсыз ажал құшып жатқандардың саны туралы ақпараттармен көзін ашатын болды. Осы тектес барлық дерлік экстремистік әрекеттердің артында өздерін ДАИШ деп атайтын, Ирак және Сирия мемлекеттерінің солтүстігінде «азаматтық» соғыс отырған халықаралық террористтік, діни экстремистік ұйым тұр.

ДАИШ-тың негізі Сирияда "араб көктемі"деп аталған, халықтың президент Башар Асадтың режиміне қарсы наразылық білдіру шараларынан бастаған кейін пайда бола бастады. Ұйым Ирак, Сирия билігіне және мемлекеттік әскерлеріне қарсы соғысып, осы елдерде тұратын түрікмендерге, күрдтер мен христиан дінін ұстанушыларға қарсы қысым көрсетіп, қару қолдануда. Осының салдарынан отанын, баспанасын тастап қаншама тұрғындар босқынның күнін кешіп, бас сауғалауда.

ДАИШ неге осыншама қанқұмар ұйым деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Күллі әлемге белгілі, Ислам діні адам баласын ешуақытта да әсіре діншілдікті ұстануға шақырмаған. Керісінше, бұл дін мемлекетте, қоғамда тыныштықтың болуын көздейді.

Ал, ДАИШ болса жер бетінде «Ислам халифатын» орнатамыз деген ұранмен бірқатар мемлекеттерден жиналған, қарумен құрсауланған қылмыстық топтар арқылы Ирак және Шам елдеріне ойран салып, діни дүрдараздық пен бүлік шығаруды. Жазсықсыз жандардың қанын төгіп, ажал құштыруда.

Ең сұмдығы, «Ислам мемлекетін» құрушы лаңкестер әлем мұсылмандары үшін қасиетті Қағбаны қиратып, жермен жексен ету керек деген қара пиғылдарын ашық мәлімдеуі. Бұл – Исламға деген анық дұшпандық, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал. Тарихта Карматилер Бахрейнде Муминие кентін құрып, қажылықтың батыл сенім екенін алға тарта отырып 930 жылы Меккеге шабуыл жасап, 2000 қажыны өлтіріп, Зәмзәм құдығына тастағаны, сонымен қатар, Қабадан қара тасты алып кеткені де тарихтан белгілі. Бүгінігі ДАИШ Карматилердің сол идеологиясын негізге алған адасқан ағым екеніне осыдан ақ көз жеткізуге болады.

Теріс пиғылды радикалды ағымдар Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақыруда. «Халифатшылардың» ғаламтор бетінде дүние жүзінің мұсылмандарын «жиһадқа» шақыратын аудио және видеоматериалдар күн санап көбеюде.

ДАИШ-тің қатарына дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсініп қосылған, қару алып, «жиһадқа» шыққан Қазақстан азаматтарының болуы, әрине, өкінішті-ақ.

Осыған байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстан азаматтарының мұсылман елдерінде орын алған соғысқа қатысуына байланысты мәлімдеме жасағаны да белгілі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мүшелері, Ғұламалар Кеңесі мұсылман мемлекеттерінде орын алған келеңсіз оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, тұрақсыздықты, діни жанжал мен алауыздықты өркениетті түрде, бейбіт жолмен шешуге шақырды. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі «Жиһад ұғымы және қазіргі заман» туралы арнайы пәтуа шығарып, Жиһадтың шарттарын түсіндіріп берді. Олар төмендегідей шарттардан тұрады:

Ең әуелі имамның (мемлекет басшысының) рұқсаты болуы тиіс. Ислам шариғатында имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад (соғыс) істері имамға (мемлекет басшысына) жүктелгенінде ешқандай күмән жоқ. Күнә істерден бөлек басшыға бойсұну міндет. Қасиетті Құранда: «Әй, мүміндер. Аллаға бойсұнып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойсұныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) деп бұйырылған.

Екіншіден, шариғат шартына сәйкес, жиһадқа шыққан адамның мақсаты айқын болуы тиіс.

Үшіншіден, дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты болуы шарт.

Егер бұл шарттар орындалмаса, онда мұсылманның іс-әрекеттері бұзақылыққа, қаскөйлікке ұласады. Біреудің өміріне қауіп төндіруге, ар-намысына тиюге, зұлымдық жасауға – Ислам дінінде рұқсат жоқ. Бұл туралы Құранда: «Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәкар) болады» («Мәида» сүресі, 32-аят) – деп қатаң ескертілген.

Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – «ахли сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы. Шындығында, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, жағдайды ушықтырып, шиеленістіре түседі. Ақиқатында, адамзат үшін қазіргі ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес», – деген өсиеті мұсылман затына өмірлік ұстаным болуы тиіс.

Осылайша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі кезде Ирак және Шам елдерінде орын алып жатқан оқиғаларды қолдамайтынын мәлімдеп, қазақ жастарының озбырлық әрекетін айыптады.

Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік дін ретінде әлемдегі алуан  нәсілі, түрлі тілдерді, әрқилы ұлттық ерекшеліктері бар ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін. Бейбіт өмір мен ізгілік қағидаларын ардақтайтын, адамгершілік пен бауырмашылықты насихаттайтын Исламда – зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымаса ағайын туыспен қатынас үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен тығыз қарым-қатынаста болу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты т.б. ұстанымдар ешуақытта да болмаған.

«Жалған жихад» жолында бөтен елді паналап, өз Отанын тастап, өзгеге жәрдем беремін деген адамнан бүгінгі қоғам үшін пайда жоқ екені айдан анық дүние.

Экстремистік, діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат екенін «Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» (Ниса: 29-30) деген Алланың аяттарынан білетін мұсылман баласы өзгеге зәредей зиян етпейді.

Ал енді ДАИШ содырларының ғаламтор бетін жаулаған бейнероликтеріне назар салсаңыз, ондағы қатыгездік мен қаншерлікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда мұсылман немесе кәпір деп айырмастан жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, қойша бауыздалып жатады.

Исламда адам өмірі, оның құқығы – қасиетті. Адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқығы жоқ. Сөзімізге: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер...» (Әнғам: 151) Құран аяты дәлел.

Ислам адамзатты бірлікке шақырып, достыққа үндесе, ДАИШ-тіктер қарулы шайқасқа, қанды соғысқа үндейді. Бұлар – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, әйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету және оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар. Сонымен қатар, ДАИШ Ирактағы шиит, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық әрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасап, қан төгуде. Сондықтан, Құран ұстап, ізгілікке ұмтылып көрмеген ДАИШ ұйымы бұзақы, қылмыскер топ, экстремистік ұйым болып танылады. ДАИШ содырларының шектен тыс әрекеттерін,  басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдади мен оның жақтаушыларын айыптаған, мұсылман әлемінің белгілі жүз жиырмадан астам ислам ғұламалары мен мүфтилерінің қолдары қойылған ашық хат жарияланғаны белгілі. Ашық хатта ғалымдар содырлардың жасап жатқан әрекеттері мен деклорацияларына талдау жасап, олардың Ислам ұстанымдарына мүлдем сәйкес келмейтінін мәлімдейді. Ғұламалар оларды тәубеге келіп, қайырымдылық пен мейірімділік дініне қайтуға, террористік әрекеттерін тоқтатуға шақырады.

Сөз соңында ислам әлемі мен дін ғұламаларының бүтін тұжырымына сәйкес, ДАИШ Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын,  содырлардан құрылған лаңкестік ұйым деген қорытынды шығаруымызға болады.

Балғабек МЫРЗАЕВ,

теология ғылымының докторы, дінтанушы

 

 

«Жиһадқа» жанаспайтын «сайтан тірлік»

Түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының жарыса-жанталаса жазуының арқасында ДАИШ туралы естімеген адам кемде-кем шығар. Бүкіл әлем жұртшылығының назары сонда десек қателесе қоймаймыз. Шын мәнінде Сирия мен Иракта орын алып отырған күрделі жағдай түрлі мәселелерге жол ашып, көптеген елдердің ақпарат кеңістігіндегі қақтығыс алаңына айналды. Бұл құбылысқа әр ел өз мүддесі тұрғысынан баға бере отырып, кінәліні іздеуде. Бірілері алпауыт АҚШ, Батыс Европа елдері мен Израильді кінәласа, өз кезегінде олар сол елдердің режимдері мен қатар Ресей өкіметін кінәлап бағуда. Ал Иран өкіметі мен шииттік режимді жақтаушылар Сауд Арабиясы, Қатар, Түркия секілді мұсылман елдерін тікелей жауапкер ретінде қарауда. Мәселенің саяси астарларына қатысты тым көп жазылғандықтан, оның егжей-тегжейін саяи сарапшыларға қалдыра отырып, бұл мәселеге біз діни тұрғыдан ғана баға беруге тырысып көрейік.

Иә, 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін әлемде исламофобияның күшейгені белгілі. Осының салдарынан ислам террор діні ретінде қабылдана бастады. Сол он бес жылдың ішінде осы түсінік көптеген адамдардың санасына сіңіп те үлгерді. Өйткені Таяу Шығыстағы «Араб көктемінен» кейінгі оқиғалар мұсылман-араб елдерін қызып тұрған соғыс ошағына айналдырып жіберді. Даниядағы карикатураға қатысты үлкен дау, Франциядағы журналистердің өлтірілуі, т.б. секілді оқиғалар адамдардың көз алдында Ислам деген кезде террорлық әрекеттер елестеп,  үрей тудыратын болды. Мұсылман ғалымдары мен қатар көптеген елдің ықпалды тұлғалары Исламның террормен байланысы жоқ екендігін, адамдар арасындағы бейбітшілік пен сенімділіктің тірегі, әділдік пен мейірімділіктің қайнары екенін қанша атйқанына қарамастан, әлемдік бұқаралық ақпарат көздерінде Исламға қарсы шабуыл тым қарқынды әрі ықпалды түрде жүргізілуде. Ақырында, Ислам соғыс діні секілді қабылдана бастады. Әсіресе, Иракта ДАИШ-тің жасаған сұмдықтарына куә болған әлем жұртшылығының көз алдында мұсылмандар мейірімсіз, қараңғы, көзі қанға тоймайтын құбыжыққа айналды.

Исламды зұлымдықпен, терроризммен қатар қоюдың тарихи қателік әрі шындықты бұрмалаушылық екенін тағы да бір қайталап айта кеткім келеді. Этимологиялық тұрғыда алған күннің өзінде Ислам мен террордың бір-бірінен қаншалықты алшақ ұғымдар екендігі айтпаса да көрініп тұр. (Осы тақырыпқа қатысты кең көлемді мәлімет үшін қараңыз: А. Әділбаев. Ислам мен терроризм – кереғар ұғымдар).

Әсілінде Исламды терроизмге телу 1990 жылдардағы әлемде орын алған саяси оқиғалардан кейін ғана қылаң бере бастағаны белгілі.  Сондықтан бұл мәлім мәселеге көп тоқталып жатпай-ақ, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында және террористік қарулы күштердің арасында Исламға қара күйе жағу үшін қолданылып жүрген «жиһад» және «халифат» секілді ұғымдарға тоқтала отырып, мәселеге үңілейік.

Қазіргі таңда Исламды терроризммен байланыстыруға жол ашқан себептердің бірі Исламдағы «жиһад» ұғымының бұрмаланып көрсетілуі болып табылады. Ол - әрі кейбір мұсылмандар, әрі басқа дін өкілдері тарапынан бұрмаланып, бұрыс түсініліп жүрген басты ұғымдардың бірі. Араб тіліндегі жиһад сөзі «алға қойған мақсатқа жету үшін күш-жігер жұмсау», «талпыну», «тырысу» деген сияқты мағыналарды қамтиды. Жиһад сөзі батыстық ақпарат құралдарында негізгі мағынасынан бұрмаланып дін үшін жасалатын «қасиетті соғыс» деп аударылып жүр. Бұл – біле тұра әдейі жасалып отырған бұрмалаушылық.

Ислам дініндегі жиһад – дін үшін жасалатын «қасиетті соғыс» емес. Ислам діні кез келген діни соғысқа қарсы. Дін және сенім мәселесі кез келген адамның ар-ождан бостандығына тапсырылатын өте нәзік мәселе. Адамның діндарлығы жүркетегі Аллаға деген ыстық ықыласына қарай бағаланады. Сондықтан Құрандағы «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) деген қағида ешкімді күштеп иманға келтіруге болмайтындығын шегелеп тұрып көрсетіп берген. Құранда адамдар арасындағы түрлі сенімдердің болуы арнайы Аллаһ тағаланың қалауы ретінде қарастырылған. Мысалы, «Худ» сүресінде: «Егер Жаратқан Иең қалаған болса, адамдардың барлығы бір үмбет (бірдей сенімде) болар еді. Бірақ олар үнемі әртүрлі жолды ұстануда» («Худ», 118) десе тағы бір аятта бұл шындық «Егер Жаратқан Иең қаласа, жер бетіндегі адамдардың барлығы тегіс иман келтірер еді» («Юнус», 99) деп баяндалған.

Сондықтан Құран Кәрімде ислам дінін өз еркімен қабылдағысы келмеген адамдарға «Сендердің діндерің – өздеріңе, менің дінім өзім» («Кафирун» сүресі, 6-аят), «Қалаған иман келтірсін, қаламаған иман келтірмесін» («Кәхф» сүресі, 29-аят), деген аяттармен қатар Пайғамбардың міндетінің адамдарға дінді айтып жеткізу, оларды күштеп кіргізу емес екендігін көрсеткен көптеген аяттар да бар («Мәида» сүресі, 99-аят, «Ғашия» сүресі, 22-аят.)

Сондықтан ислам тарихында дінге зорлықпен кіргізу болмаған. Иудейлер өз дінінде, христиандар да өз дінінде қала берген. Мұсылмандар өз мемлекетінде тұратын кез келген азаматты өз қорғауына алған. Олардың құлшылық орындарына тиіспеген. Қазіргі таңда мұсылман елдерінде сонау ерте кезеңнің өзінде салынған құлшылық үйлерінің әлі күнге дейін сақталып қалуы – Ислам дінінің ар-ождан бостандығына қаншалықты мән бергендігінің бұлжымас дәлелі. Ал қазіргі таңда өздеріне «халифат» деп жариялап алған қараңғы, қан көрмесе тұра алмайтын деңгейге жеткен озбырлардың мұсылмандықты күштеп қабылдатқызып, қабылдамаған жағдайда шімірікпестен айуандықпен өлтірулері қай қиялдарынан туған жиһад? Бұл – Құдай жолында жасалып жатқан жиһад емес, Алланың дініне қарсы жасалып жатқан қиянат.

Жиһадты мұсылман ғалымдары негізінде үлкен жиһад және кіші жиһад деп екіге бөледі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ауыр шайқастан қайтып келе жатып «Кіші жиһадтан үлкен жиһадқа келе жатырмыз» деген кезде сахабалар мұндай кескілескен, жан-алысып жан беріскен соғыстан үлкен қандай жиһад бар екен деп таң қалған еді. Шын мәнінде мұндай соғыстар өткінші құбылысқа жатады. Үлкен жиһад деп адамның кемелдікке көтерілуіне кедергі келтіретін ең үлкен дұшпаны нәпсімен күресіне байланысты айтылған. Ал кіші жиһад көбіне материалдық тұстарды қамтиды. Сондықтан да қолға қару алып күресу мағынасындағы жиһад парыз айын, яғни кез келген адам жасауы қажет парыз емес. Ол парыз кифая, яғни оны мемлекеттің қарулы күштері жасаса, өзге адамаддың оған қатысуы міндет емес. Ал нәпсімен болатын соғыс жан алқымға келгенге дейін бітпейтіндіктен, бұл үлкен жиһадқа саналған.

Қысқаша қайтарсақ, мұсылманның адамдармен қатынасында барлық амалдарын Алла тағаланың ризашылығы үшін жасауы осы ұғымның аясына кіреді, ал Оның ризашылығына бастайтын жолдар аса көп. Мәселен, адамзат өмірін жақсарту, қоғамда әділдікті оррнату, мейірімділік таныту, білім алу, қажылыққа бару т.б. секілді ізгі әрекеттердің барлығы өз кезегінде жиһад саналмақ.

Сол тұрғыдан қарастырар болсақ, қолға қару алып соғысу мұның азғантай бір бөлігі ғана. Ол діннің ең негізгі элементі емес. Оның өзінде де белгілі қағидалармен шектеліп, жүйеленген және оның басты мақсаты – зұлымдыққа қарсы тұру. Жалпы алғанда соғыс жағдайында ешқандай құқық сақталмайтыны белгілі. Ал Исламда соғыс жағдайының өзінде қатаң сақталуы қажет талаптар бар. Адамзат тарихында соғысқа күрделі шектеулер қойған Ислам діні ғана. Құран Кәрімде: «Әй мүміндер! Алла үшін куәлікте туралық пен табандылық танытыңдар. Және бір қауымға деген өшпенділік сендерді әділетсіздікке жетелемесін. Әділ болыңдар. Сол тақуалыққа жақынырақ және Алладан қорқыңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңнен толық хабардар» («Мәида» сүресі, 8-аят) – деген аят жаудың өзіне әділдік таныту қажет екенін ескертеді. Сонымен қатар: «Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді» («Бақара» сүресі, 190-аят) – деген аяттан мына маңызды мәселелерді аңғарамыз:

1. «Өздеріңмен соғысқандармен» деген тіркес тек қолында қаруы бар адамдармен ғана шайқасып, қолында қаруы жоқ бейбіт халыққа қарсы қару көтермеу керек екенін анық айтып тұр.

2. Жасалатын соғыс «Алла жолында» болуы қажет. Яғни өзге елдерді күшпен басып алу, табиғи байлықтарға иелік ету т.б. деген секілді дүниелік мақсаттарды көздемеу керек.

3. Соғыс кезінде яки біткеннен соң «шектен шықпау» қажет екендігі қатаң түрде ескертілуде.  

Демек қазіргі ДАИШ содырларының «жиһад» деп жар салып, қан төгуінен Құранның қойған бұл мақсаттарын көре алмаймыз.

Ислам дінінде бейбітшілікті сақтауға ешқандай амал қалмаған кезде соғысуға рұқсат берілгенімен, соғыстың жалпы адамға ұнамсыз нәрсе екені мына аятта былайша баяндалады: «Сендерге ұнамаса да (керек кезде Алла жолында) соғысу парыз етілді»(«Бақара» сүресі, 216-аят). Құран Кәрімде мұсылман баласына парыз ретінде бекітілген мәселелердің ішінде осы соғыс қана араб тілінде «курһ», яғни ұнамсыз деген сөзбен келген.  Сонымен қатар Алла елшісі (с.а.с.) де бір хадисінде: «Дұшпанмен бетпе-бет келуді тілемеңдер. Алайда дұшпанмен бетпе-бет келе қалсаңдар, сабыр етіп, табандылық танытыңдар», – деген (Бұхари, Жиһад, 112, 156). Ал, қазіргі ДАИШ содырлары соғысты барынша жарнамалап, жастарды арбап, қатарларына қосуда.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) да хадис шәріптерінде соғысқа қатысты қатаң талаптар қойған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынадай ескертулер жасаған: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла  жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле»  (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер».Тіпті жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған (Ахмед ибн Ханбәл, Муснәд, 1/300. Әбу Дәуід, Жихад, 82). Ислам дінінің бұл дәстүрін Пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен мұсылман елдері басшылары қатаң ұстанып отырды.Шариғаттың бұл заңдылығын ешкім алып тастаған емес. Бұл ерекше мән берерлік жәйт.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жүргізген шайқастарына үңіліп қарар болсақ, көп адамның өлмегенін көреміз. Яғни пайғамбарымыз зұлымдықты тоқтату үшін үлкен күш салумен қатар, бір адамның өмірін сақтап қалу үшін өте үлкен күш-қайрат жұмсағанын көреміз. Өйткені ол соғыс кезінің өзінде астамшылық пен шектен шығушылыққа жол бермеген. Ал қазіргі ДАИШ-тіктердің жасап жатқан бейкүнә адамдарды малша, аяусыздықпен, өте жиіркенішті түрде қырып-жоюлары қай шариғаттан алынған? Негізінде ол лаңкестердің жасап жатқанының жиһад түгілі, исламға мүлдем қатысы жоқ. Олар – өздерін мұсылман санап, исламды мүлде тани алмаған сауатсыз, қараңғы, бәдәуи саналы адасушылар. 

Адам өлтіру арқылы жұмаққа кіремін деу бос қиял ғана. Бейкүнә адамдарды өлтіру арқылы Алла тағаланың разылығына бөленемін деу барып тұрған азғындық пен үлкен қателік. Ал әрбір мұсылманның басты мақсаты – Алла ағаланың разылығына бөлену.

Ислам соғысты барынша шектеп, әділдік пен бейбітшіліктің болғанын қалайды. Ислам діні өзге адамдарды, мәдениеттірді жойып, жоқы қылуды тіптен көздемейді. Бұған Пайғамбарымыздың өмірі мен оның ізін жалғастырған ардақты сахабалардың өмірі куә. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін әлсіз болып тұрған кезеңде де, күшті болып тұрған кезеңде де кез-келген келісімді жасауға дайын тұрған. Мәселен, Хұдайбия келісім шарты қаншалықты ауыр болғанына қарамастан Пайғамбарымыз мүшіріктермен келісімге келген. Мәдинада күшті болып тұрған кездің өзінде июдей және христиандармен келісім шарт жасасқан. Мәдина келісім шарты – бұны дәлелдейтін ең маңызды және сонау ерте кезеңнің өзінде жазбаша түрде бекітілген құқықтық құжат.

Сонымен қатар, жеке адамдар мен кейбір топтардың өз бетінше жиһад жариялауға ешқандай құқы жоқ. Соғысты тек қана мемлекет жариялай алады. Кейбір құқықшылар формальді түрде ДАИШ ұйымында мемлекеттің белгілері бар дегенімен, шындап келгенде олардың күшпен басып алып, елді тонап, озбырлық және қорқынышпен ұстап отырған территориясы мемлекетке жатпайды. Олар өз озбырлықтарын заңды етіп көрсету үшін өздерін мемлекет ал басшыларын «халифа» деп жариялаған.

Шын мәнінде олар халифат бола алады ма және басшылары халифа ма?

Алдымен мына жайтты айта кетейік. Құран Кәрімде мемлекет билігі міндетті түрде халифат деп аталуы керек деген ешқандай да бұйрық жоқ. Қала берді Пайғамбарымыз (с.а.с.) : «Менен кейін халифалық отыз жыл ғана жалғасады. Ал одан кейін патшалықтарға айналады»,– деген (Әбу Дәуіт, Сунна, 8; Тирмизи, Фитән, 48 ). Демек нағыз халифалыққа лайық кезең сол алтын ғасырдағы отыз жылдық кезеңмен шектеліп тұр.

ДАИШ-тің өзін халифат деп жариялап өзге мұсылмандарды өзіне бағынуға шақыруы исламның ұстанымдарына да әлдемдегі қазіргі жағдайға да мүлдем сәйкес келмейді. Ислам шариғаты бойынша халифа мұсылман үмбетінің бәріне ортақ бір өкіл болып табылады. Сондықтан мұсылман үмбеті келісу арқылы немесе жоғары деңгейдегі мұсылман ғалымдары, мұсылман мемлекетттері немес үлкен мұсылман қауымдастықтары лайық деп тапқан жағдайда ғана халифалық жайлы сөз қозғауға болады. Демек өте жоғары маңызға ие халифаны күллі мұсылман үмбетінің шынайы жан ашырлары ғана лайық көріп таңдайды. Ондай халифа таңдала қалған  жағдайда бүкіл істерін Құран мен сүннеттегі Алланың бұйрықтарына сай, елді шура, яғни мұсылман үмбетінің мәселелерін шешуге лайықты тұлғалардан тұратын кеңес арқылы басқаруы тиіс. Ал құрамында ешқандай ғалымы да жоқ, мұсылман үмбеті түгілі сол аймақта «халифат құрамыз» деп күрес жүргізіп жатқан түрлі топтардың өзі мойындамаған ат төбеліндей ғана содырлардың өздерін халифат деп жариялап, ойларына келгенін жасаулары ислам шариғатының нормаларына мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан ислам құқығында ерекше орны бар халифалықты террористік ұйыммен байланыстыру – Исламға жасалған ауыр қиянат. 

Халифалық міндетті атқаратын адамның бойында табылуы қажет кейбір мынадай ерекшеліктерді алға тартқан. Ғалымдар бірауыздан келіскен сипаттарға мұсылман, көркем мінез құлыққа ие, ижтихад жасай алатындай дәрежеде білімді, жауапты міндетті алып жүре алатындай тән және жан саулығына ие, әділ болу жатады. Ал ұлты араб, құрайыш руынан, әхлі бәйттен, бәйкүнә болу деген сипаттарға қатысты пікірлер біркелкі емес. Осы тұрғыдан алып қарасақ та өз-өзін халифа жариялап алған Бағдадидің осы сипаттардың көпшілігіне мүлдем лайық емес екені анық көрінеді. Тіпті оның осы бүліктерді шығару үшін арнайы дайындықтан өтіп сол аймаққа жіберілген, сырттан басқарылатын «қуыршақ» тұлға екені де бәріне мәлім ғой. Елді Ислам нәрімен сусындату былай тұрсын, халықтың алдына шығып сөйлеуді де білмейтін Бағдадидің АҚШ түрмесінен қалай оңайлықпен шығып, үлкен күшті басқарып отырғаны бізге ой салу керек. Қазіргі таңда Ирак пен Сириядағы өздерінше жиһад деп жариялап жүрген қантөгісті басқарып жүргендердің кім екеніне да қарасақ, мұның Ислам үшін жасалып жатпағанын көреміз. Көптеген сарапшы мамандардың пікірінше оны басқарып отырғандар – Исламның мүддесін мүлдем ойламайтын, Ислам дінімен тіптен қатысы жоқ бұрынғы «Баас-тық» офицерлер.

Сонымен қатар, Сириядағы әскери жағдай орын алмағанда қазіргі әлемдік БАҚ әдейі «сүннит-шиит соғысы» ретінде көрсетуге жатқан жағдай болмас еді. Неге десеңіз Хафиз Асад және Башар Асадтың кезінде де Сирияда сунниттік ислам қысым көрген жоқ. Қайта ол жер сунниттік ілімнің кең таралып, осы ғасырдың ең көрнекті ғалымдары шыққан ел еді. Бұл – мұсылмандардың арасына салынған от.Кезінде Ауғаныстан соғысы барысында Кеңес Одағына қарсы АҚШ тарапынан құрылып, бақыланатын «әл-Каида» ұйымы соңында көптеген елдердің қолдауы және ақпарат кеңістігінде жүргізіліп жатқан PR-дың нәтижесінде қазіргі ИГИШ-ке айналды. Әрине, әлемдегі қара алтынның ең бай қорына ие Таяу Шығыс елдерінде тыныштықтың орнамауы алпауыт елдер үшін өте тиімді. Бұл соғыс – баяғы капиталистік және социалистік екі блоктың қырғи қабақ соғысының әлі бітпей келе жатқан жалғасы. Сондықтан қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан Сириядағы, Мысырдағы немесе Украинадағы, Шешеністан, Грузиядағы т.б. қақтығыстардың бәрінің астарында осы себептер жатыр. Сылтаулар әр түрлі болғанымен, астарындағы мақсат бір.

ДАИШ – мұсылман үмбетінің арасына арнайы салынған үлкен іріткі, Исламға жағылып жатқан қара күйе. ДАИШ аймақтағы тұрақсыздық мүддесіне жарап отырған елдердің ойыншығы, соғыс отын маздатуға жарап тұрған әншейін бір көсеу ғана. Сондықтан «жиһад» деп сағым қуып кетіп жатқан мұсылман жастарының осы айтылғандардың бәрін ақыл елегінен өткізіп, салқынқандылықпен әрекет етіп, ешкімнің ойыншығына айналмайтындай парасатқа ие болуы қажет. Қазіргі таңда әлемге исламның нағыз адамшылыққа, көркемдікке негізделген шынайы бейнесін көрсете білу – ең ұлық жиһадтың нақ өзі.

 

 

Алау ӘДІЛБАЕВ: «Баба салты ата дінмен сабақтас»

Қазақтың ертеден келе жатқан асыл құндылықтары – салт-дәстүрі. Десек те, қит етсе, әрбір дәстүрімізді "харамға" балап, қазақтың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып келе жатқан рухани байлығымыздан ажырау мүмкін бе? Дінді келте түсінген кейбір діндарлардың қоғамда мұндай пікір туғызудағы мақсаты не?  Жалпы,  исламдағы шірік ұғымы және көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдар төңірегінде теология ғылымының докторы, доцент Алау Әділбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Алау Шайхымұлы,  алдымен ислам дінінің ең негізгі ерекшелігіне тоқталсаңыз...

­–Ислам дінінің адам өмірі үшін маңызды болып табылатын иман, құлшылық және мінез құлыққа қатысты әкелген жүйесі мен асыл құндылықтары күллі адамзатқа ортақ болуымен ерекшеленеді. Ислам дінінің ең негізгі ерекшелігі – адамзат санасына ортақ, діни әрі дүниелік тұрмыс тіршілікте аса маңызды саналатын дұрыс таухид, яғни бір құдайлық түсінікті қалыптастырып, орнықтыру. Ислам діні бойынша алғашқы Адам пайғамбардан соңғы Пайғамбар Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) келген дін осы таухид діні. Сондықтан, ислам дінінде таухидке қайшы келетін ширк, Аллаға серік қосу деген түсінікке орын жоқ.

– Байқап отырсақ, әлеуметтік желілерде, осы ширк терминін жиі қолданатындар көп екен. Әрине, оны айтып отырған белгілі дінтанушылар немесе осы саланың арнаулы мамандары емес, керісінше қарапайым адамдар.  Бұл ретте "ширк", "бидғат"  терминдерінің жаппай бұқаралық сипатқа ие болуының себебі неде?

­– Жалпы, араб тіліндегі ширк сөзі – серік қосу деген мағынаны білдіреді және таухид сөзінің онтонимі болып табылады. Ширк Жаратқан хақ тағаланың сипаттарын өзге болмыстарға, жаратылыстарға таңу мен қатар тәңірлік сипаттарды өзге болмыстарға тиесілі деп қабылдап, оған құлшылық жасауды білдіреді. Серік қосудың ауыр һәм тәубе етпеген жағдайда кешірілмес күнә екендігі Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде нақты айтылған. Сондықтан, ислам ғалымдары да осы ширк ұғымына ерекше тоқталып, оны түрлі категорияларға бөліп қарастырған. Алайда ХVIII ғасырда пайда болған уаххабилік қозғалыстың нәтижесінде «ширк», «бидғат» секілді терминдердің аясы мүлдем кеңейіп, мұсылман болып табылатын Пайғамбар үмбетіне қарсы қолданылып, мұсылман қанын төгуге алып барды. Міне, осы түсінік қазіргі таңда сыртқы күштердің ықпалымен арнайы қару ретінде қолданылып, мұсылман үмбетінің арасына бүлік салуда.

­ – Өзіңіз айтып отырғандай, сонда бұл сөзді қару етіп қолданып отырған азаматтарымыз  діни білімді қайдан игерген?

– Өкінішке қарай, шет елдерден (әсіресе, Сауд Арабиясынан) оқып келген немесе сол жақта оқып келгендердің уағыз-насихаттарынан нәр алып жүрген шала сауатты азаматтарымыз. Олар  «тек солардың айтқандары ғана дұрыс, қазақ халқы Аллаға серік қосады, олар нағыз ислам дінін ұстанбайды, ислам қазақ даласында бұрын-соңды дұрыс таралмаған, нағыз ислам 91 жылдан бастап келе бастады» деген секілді қате пікірдің шырмауына түсіп, елдігімізге, діни тұтастығымызға өте үлкен қауіп төндіретін уаххабистердің көтерген «исламды ширк және бидғаттардан тазарту» ұранына қосылып, дәстүріміз бен діни түсінігімізді мансұқтап, дін мен әдет-ғұрыпты ажырата алмай, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеттін дұрыс түсінбеудің нәтижесінде ислам дінінің негізгі табиғатына жат қылықтарға бой алдырып, ислам дінін тек қана арабтану деп түсініп, жағымсыз бейнеде көрсетуде.

– Өз тарихымыз бен мәденитімізді дұрыс түсінбей жүрген мұндай азаматтарға, мүмкін солар түсінетін деңгейде, яғни,  тек Құран мен хадистен бөлек, сан мың жылдан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымыздың өміршеңдігін, тарихи орнын діни-ақидалық тұрғыдан  айтқан жөн шығар?

– Ислам дінінің ғұмырлық өлшемдері кез-келген уақыт пен заманға, кез келген ұлт пен ұлыстардың өмір тіршілігіне сай келетіндіктен оны араб емес өзге көптеген ұлттар қабылдап, өмірлік дәстүріне айналдырып, ислам мәдениетінің дамуы мен өркендеуіне үлестерін қосқан.

Әрине, бұл ұлы көштен сонау сегізінші ғасырдан бастап ислам дінін қабылдаған мұсылман қазақ еліміз де өз нәсібін алып, ислам өркениетіне өзіндік үлесін қосқандығын мамандарымыз жазып та, айтып та жүр. Бұған күмән келтірудің өзі – төл тархымызды, мәдениетімізді білмеушілік.

Дінді келте түсінген кейбір діндарлар ислам шариғатының дәлелдері тек қана Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне негізделуі керек деп ойлайды. Алайда ислам шариғатында Құран-хадистермен қатар өзге де дәлелдер негізге алынады. Ислам шариғатының өміршеңдігін қамтамасыз еткен ең маңызды факторлардың бірі, кез келген халықтың ерекшеліктерін ескерген әдет-ғұрыпты діни дәлелдердің қатарына қосуында. Сондықтан, қысқаша ғана осы әдет-ғұрып мәселесіне тоқтала кетейін.

Құран мен сүннетке жіті назар аударғанда, шариғаттың құқықтық нормалар бекітуде қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктерді назарға алғандығы, түбегейлі өзгерістерді бірден емес сатылай, бірте-бірте өзгерту әдісін қолданғандығы, халықтың аят-хадиске қайшы келмейтін дәстүрлерінің жалғасын тапқандығы байқалады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм) осындай ұстанымдарын негізге алған фақиһтар кейбір мәселелерге қатысты үкім берерде халықтың әдет-ғұрпына мән берген.

Ислам шариғатында да үкім шығаруда әдет-ғұрыпқа назар аудару мәселесіне ерекше мән беріліп, құқық методологиясына қатысты кітаптарда жан-жақты қарастырылып, талқыға салынған. Мұсылман құқықтанушылары әдет және ғұрып сөздерін тілдік және шариғаттағы мағынасына тоқтала отырып, құқықтық негізде зерттеген. Ерте кезеңдегі шығармалармен қатар жалпы фиқһ кітаптарына назар аударғанда Исламның негізгі ұстындарына қайшы келмейтін әдет-ғұрыптың құқықтық нормалар белгілеуде маңызды рөл ойнағаны байқалады. Тіпті ахад хабарларға (Ахад хадис – бір, екі немесе одан да көп адамдар риуаят еткен, бірақ риуаятшыларының саны мәшһүр хадистің дәрежесіне жетпеген хадис. Ахад хадистің Пайғамбарымыздың тікелей өзінен басталатын тізбек байланысында сәл де болса күмән бар Міне, сондықтан Ислам ғұламалары ахад хадиске «Тізбек бар, бірақ, күмәнді» деп қараған. Мүжтәхид ғалымдардан мұндай хадистерді дәлел ретінде санамағандар да кездескен) қайшы келген жағдайда қайсысын таңдау қажет екендігі мәселесі алғашқы мужтахид ғалымдар кезеңінен бастап қызу талқыға салынған. Мазмұндық тұрғыдан ижтихадқа емес, пайғамбарымыздың көзін көрген сахабалардан келіп жеткен хабарларға сүйенгендіктен Мәдина халқының үйреншікті әдеттерін таңдау қажеттігі мәселесін ханафимәзһабының негізін қалаушылардың бірі, Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф және басқа ғалымдар да қабылдаған.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) исламнан бұрын да болған кейбір құқықтық мәселелерге өзгеріс жасап, кейбірін сол күйі қалдыруы мұны қуаттайды. Мұны хадис ілімінде тақрири сүннет деп атаған.  Тақрири сүннет дегеніміз сахабалардың кейбір іс-әрекеттеріне пайғамбарымыздың қарсылық танытпауы, яғни құптаған іс-амалдары. Бұл өз кезегінде әдет-ғұрыптың шариғат нормаларына негіз болатындығын көрсетеді. Өйткені тақрири сүннет арабтардың исламға дейін күнделікті өмірлерінде қолдана келген әдеттерінің көрінісі. Мысалы бұл сауда-саттық, жалға беру, тұтқын алу, несиеге зат сату, ерлі-зайыптылардың бір-біріне лайықтығы, құн төлеу т.с.с. мәселелерде көрініс тапқан. Ал шариғат бұлардың ішінде пайыздық өсім алу, құмар ойындары, қыз баласын тірідей көму, әйелдерге мұрагелік құқын танымау т.б. секілді жаман әдеттерге тыйым салғандығы белгілі.

Сонымен қатар, әдет-ғұрыпты негізге алу алғашқы халифалар кезеңінде де жалғасын тапқан. Мужтахид имамдар кезеңінде олар өмір сүрген аймақтың әдет-ғұрыптары құқықтық нормаға негіз ретінде қабылданған

Мұсылман ғалымдары ғұрыптарды«ғұрып амали» яғни іс-әрекеттік ғұрып, сөзге байланысты болғанын «ғұрып қаули» яғни сөздік ғұрып деп атаған. Қолданыс аясына қарай жалпы ғұрып және жекелеген ғұрып деп те бөлінеді. Халықтың қажеттіліктерін өтеу мақсатында киім-кешек, көрпе-төсек, құрал-саймандар өндіру, сатушының қолында жоқ нәрсеге тапсырыс беру арқылы сауда жасасу, өлім-жітімге қатысты жоралғылар және оған жиналған жұртты мейрамханаларда күту, некелесу барысындағы рәсімдер секілді көптеген халықтар немесе дүйім бір елдің өмірінде қалыптасып, уақыт өтумен өзгеріске ұшырай қоймаған ғұрыптар жалпылама деп танылады. Ал, белгілі бір қоғамда не ортада ғана орын алып заманның өзгеруімен жаңғырып отыратын ғұрыптар жекелеген ғұрыптар болып саналады. Жалпы, ғұрып ижмаға тең дәрежеде қабылданып, құқықтық тұрғыдан дәлелге саналса, жекелеген ғұрып мәселесінде ғалымдардың көзқарастары әр түрлі. Соңғы кезең ханафи ғалымдарынан Ибн Абидин жекелеген әдет-ғұрыптың құқықтық норманы белгілуде негізге алынатындығы көзқарасының ханафи мәзһабының Бәлх мектебіне тән екендігін айта отырып, оған қатысты көптеген мысалдар келтірген. Мұндай әдеттер белгілі аймақ адамдарының арасында тарағандықтан сол аймақ үшін ғана дәлелге саналады.   Сонымен қатар ғұрып ислам құқығында шариғи тұрғыда жүгінуге жарамдылығы жағынан дұрыс және бұрыс деп екі категорияға бөлінеді.

Шариғат негіздеріне қайшы келмей, арамды адал, адалды арам қылмай, адамдар арасында әдетке айналған ғұрып сахихяғни дұрыс ғұрып деп аталады. Оған ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, әйелдер мен бала-шағаға мал-дүние жарату, кедейлерді тамақтандыру, көршілермен байланыс, шариғатта тыйым келмеген өзара қаржылық қатынас, киім үлгісі, өсиет қалдыру, шариғатта арнайы нұсқау айтылмаған күнә мен тәртіпсіздік үшін «тағзир» (сөгіс) деп аталатын жазалау түрін белгілеу және т.б. секілді ғұрыптар жатады.

Ал, салт-дәстүрлердің бұрыс түрлеріне ислам жарлықтарына, оның үрдісіне және таза рухына қайшы келетін, ортада ішімдік ішу мен зинақорлықтың таралуы, құмар ойындармен әуестену және т.б. сияқты дінге, адамгершілікке жат барлық нәрселер жатады. Имам ән-Нәуәуи шариғатта үкімі нақты келмеген мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек екендігін атап өткен.

Әдетте, мұсылмандардың ешқандай зияны жоқ үйреншікті әдеттеріне қарсы келу адамдарға қиындық туғызады. Алайда, Құран Кәрімде: «Дінде де сендерге ауырлық салмады» («Хажж» сүресі, 78-аят), – деген аят бар. Байқағанымыздай, мұсылман ғалымдарының Исламның қоғам өміріндегі жағдаяттарын назарға ала отырып, дін белгілеген негізгі қағидаларға жіті мән беріп, өз әдіснамаларына сай келетін әдет-ғұрыптарды құқықтық нормалар белгілеуде негіз етіп алған. Сондықтан да ислам дінін қабылдаған түрлі ұлт пен ұлыстар өз тілдері мен әдет ғұрыптарын сақтап қалған. Міне, бұл ислам дінінің құндылықтарының күллі адамзатқа ортақ екендігін білдіреді. Шындап келгенде, адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі – Жаратқанның қалауы. Бұл шындық Құран кәрімде: «Әй, адамдар! Сендерді бір еркек пен әйелден (Адам ата  мен Хауа ана) жараттық. Бір-біріңді танып-білуілерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар қылдық» – деген аятта («Хужурат» сүресі, 13-аят) ашық айтылған. Қандай да бір ұлтты екіншісінен түр-түсі ғана емес, тілі мен әдет-ғұрпы да ерекшелеп тұрады.

– Бұл мәселенің өзектілігін ғылыми түрде оқырмандарға  кеңінен түсіндіріп өттіңіз.  Салт-дәстүр демекші, келіннің сәлем салуын, үлкенге құрмет білдіруін, тіпті, домбыра тарту секілді керемет дәстүрімізді айыптап, Аллаға серік қосу деп бағалайтындардың таным-түсінігі дұрыс па?

–Қазіргі таңда кейбір «діндарлар» арасында «келіннің иіліп сәлем салуы ширк немесе ол харам» деген секілді пікірлер тарап, көптеген дау-дамайдың туындауына себеп болуда. Осының салдарынан дінді сырттан оқып келген, кейбірінің ұлты да бөлек білгіш сымақтардан үйреніп жүрген жастарымыз  қазақтың салт-дәстүрлеріне үрке қарап «Дәстүрді діннен жоғары қоймайық, шынында да ертең ақыретте сәлем салу серік қосу болып қалса не істейсіңдер?» деген секілді білімсіз, ешбір дәлелге сүйенбеген пікірлерді алға тартып, діннің қамын жеп жүргендей алаңдаушылық білдіруде. Осыған орай ҚМДБ сайттарында арнайы пәтуа беріліп, шариғат ілімдерін оқып келген білімді азаматтарымыз дәлелдерімен жауаптар беріп жатса да, уаххабилік идеологияның жұқпалы індетіне шалдыққан кейбір жастарымыз сол баяғы сырттан келген елдің дәстүрін, тұрмыс-салтының мән-мағынасын түсінбейтін «интернет шейхтарынан» сұрауға құмбыл тартып тұрады.  

Ең әуелі әуелі мына мәселені айта кетейік, иіліп сәлем салу әрекетінің  өзі ақида мәселесі болмағандықтан, ол ширкке жатпайды. Өйткені, Құран кәрімде Адам атаға періштелердің сәжде жасағандығы, Жүсіп пайғамбар түсінде өзіне аспандағы он бір жұлдыз, күн мен айдың сәжде еткендігін көріп, кейіннен сол көрген түсі шындыққа айналып бауырларының сәждеге иіліп сәлем берулері адамның алдында сәжде жасаудың өзінің серік қосуға жатпайтындығын білдіреді. Егер иіліп сәлем салу ширкке жататын болса Алла тағала періштелеріне Адам атаға сәжде жасатпас еді. Сонымен қатар, Жүсіп пайғамбар да бауырларының өзіне сәжде жасап, иілулеріне рұқсат етпес еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, барлық пайғамбарлардың діні таухид, бір ғана Құдайға илануды білдіретін сенім жүйесі болып табылатындықтан, ақидалық мәселелерде алдыңғы пайғамбарларда ширкке есептелмейтін нәрселер, біздің шариғатымызда ширкке айналмайды. Сондықтан бұл мәселе ақидаға емес, шариғаттың харам немесе халал бөліміне жатады.  

– Өзіңіз білесіз, ислам шариғатында қандай да бір іс-әрекетті «харам» деу үшін оған бұлтартпас дәлел қажет емес пе? Ендеше, әлгі салт-дәстүрімізді харамға балайтындар, қандай дәлелге сүйеніп жүр?

– Біздің «сәләф» бауырларымыздың осы мәселеге қатысты келтіріп жүрген мына екі хадисіне зер салып қарар болсақ, оның кесімді, нақты дәлелге жатпайтынын көре аламыз:

1. Имам Тирмизи риуаят еткен мына бір хадис: «Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал қолын алып амандаса ма?-деді. Пайғамбарымыз: «Иә», –  деп жауап берді (Сунанут-Тирмизи, 2728-ші номерлі хадис, 5-том, 75-бет). Бұл жердегі хадистің сөздеріне зер салып қарар болсақ, иіліп сәлем беру харам деген нәтиже шықпайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с.) құшақтау және бетінен сүюге қатысты сұраққа да «жоқ» деп жауап берген. Сонымен қатар, бұл хадисті әлсіз деген ғалымдар да бар. Сондықтан мағынасы кесімді емес, түрлі жорамалға ашық, оның не үшін, қандай жағдайда айтылғанын да білмей жатып бір ғана хадиске сүйеніп қандайда да бір іске «харам» деп айтуға болмайды. Егер мәселені жан-жақты сараламай, бір-екі ғана негіздеп пәтуа беріле берсе онда «Сырттан келген адамға тұрып құрмет көрсету», «қабірлерді зиярат ету», «өлген адамның артынан жылау» және тағы басқа көптеген мәселелерде кейбір хадистерді ғана негізге алып, оның түпкі мәні мен мақсатына үңілмей бір жақты асығыс шешім шығарған боламыз. Алайда мұсылман ғалымдары осы мәселелердің түрлі жағдайларда айтылуына орай, мұндай мәселелерге әр түрлі пәтуалар берген.  

2. Сахаба Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) Шамнан оралған кезде Пайғамбарымызға (с.а.с.) сәжде жасайды. Ардақты елші (с.а.с.) оның сәжде жасауының мәнісін сұрағанда ол христиандардың өз дін басыларына осылай сәжде жасайтындықтарын, мұны өз пайғамбарларынан алғандықтарын айтқан кезде Алла елшісі оған: «Бұл – пайғамбарларға жабылған жала. Егер біреудің екінші бір адамға сәжде жасауын бұйырар болсам, мойнындағы ақысына байланысты әйелдің күйеуіне сәжде жасауын бұйырар едім. Әй, Мұғаз, Алладан басқа ешкімге сәжде жасалынбайды!», – дейді (Әбу Дәууд, Никах 40; Тирмизи, Рада 10; Ибн Мәжә, Никах 4). 

Хадистен көріп тұрғанымыздай бұл жерде сәжде жасауға тыйым салынып тұр. Ал, біздің қазақы түсініктегі сәлем салу Құдай тағаланың алдында құлшылық мақсатымен иілуге қатысты сәждеге де рукуғқа да жатпайды. Сондықтан оның харамдығына қатысты кесімді түрде келген ешқандай да дәлел жоқ.

– Былайша айтқанда, ақида мәселесіне қатысы жоқ дейсіз ғой...

– Әрине, бұл – ислам шариғатындағы харам-халалға немесе ақида мәселесіне тікелей қатысы жоқ тұрмыстық мәселе. Ондай тұрмыстық мәселелер әр елдің өз тұрмыс-салт ерекшелігіне қарай шешіледі. Ислам шариғатында көптеген мәселелердің пәтуаларының әр түрлі болып келу себептерінің бірі де осында. Кез келген мәселе ниетке қарай өзгереді. Мәселен, егер сіз намаздың өзін елге көрсету үшін оқысаңыз, ол құлшылығыңыз күнәға айналады, ал ішіп-жеу, ұйықтау секілді мәселенің өзін Құран мен сүннетке сай жасасаңыз ол іс-әрекетіңізге сауап аласыз. Осы тұрғыдан алғанда келіннің сәлем салуындағы ниеті құлшылық емес, ол тек қана құрмет көрсетуді білдіреді. Сондықтан оны «харам» немесе ширк деп айту негізсіз.

Келіннің иіліп сәлем салуы – қазақтың имандылығы, ибалылығы мен асылдығынан, үлкенді құрметтеп, кішіге ізеттілік көрсетуден туындаған, тәрбиелік мәні жоғары жақсы әдет-ғұрыптардың бірі. «Аллаға ғана сыйыну керек» деп сыйыну мен сыйлауды ажыра алмайтын осындай ора шолақ «діндарлардың» үлкенді және жалпы адамдарды сыйлау мен құрметтеуді ұмытып, Алланың ең қаламайтын ісі – тәкаппарлыққа бой алдырып жатулары, дін деген қастерлі ұғымның не кенін толық түсінбей жатып, «дін үшін» деп ойлап, сауатсыздықпен астамшылыққа барулары өкінішті-ақ. Мұсылманға көркем мінезділік қана жарасады. Өйткені ең соңғы Пайғамбардың (с.а.с.) жіберілуінің де негізгі мақсаты сол еді. Иман құлшылықты, ал құлшылық көркем мінезділікті қажет етеді.

Ал, музыканы харам дейтіндер қандай аят-хадистерге сүйенеді?

– ­Жалпы, шала сауатты діндарлық түсініктің жемісі ретінде жалпы музыканы харам деген пәтуаға сүйене отырып, қазақтың қара домбырасын да харам деушілер көбейе бастады. Сондықтан, әуелі музыкаға қатысты көзқарастарға қысқаша ғана тоқтала өтейін. Жалпы, кейбір мұсылман ғалымдарының музыканың харам екендігіне қатысты алға тартқан аят-хадистер оның харамдығын кесімді түрде білдірмейді әрі музыканың рұқсат етілетіндігіне де қатысты Пайғамбарымыздың (саллалуһуалейхи уә сәлләм) кейбір хадистері бар. Сондықтан ғылымдардың оған қатысты көзқарастары өз заманы мен тарихи кезеңіне қарай әр түрлі бағытта өрбіген. Мәселен, музыканың харам екендігіне қатысты алға тартқан аят-хадистерге қысқаша ғана көз жүгіртіп өтейік: «Адамдардың арасында ешбір (дәлелге сүйеніп) білімге жүгінбестен елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын (немесе ақиқатпен айырбастайтын) әрі Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар. Оларға Алланың қорлайтын азабы болады» («Лұқман» сүресі, 6-аят).Осы аятта қолданылған «ләһуал-хадис» («бос сөз») деген сөз тіркесін кейбір ғалымдар «ән»/музыка деп тәпсірлегенімен, оның басқа да мағыналары бар. Сондықтан ғалымдардың кейбірі сол мағыналардың бірін таңдаған. Яғни бұл аят кесімді, нақты үкім емес, ол жорамал жасауға ашық. Ал харамдықты білдіретін аят-хадистер нақты/кесімде түрде келуі керек. Аяттың мазмұнына үңіліп қарар болсақ, оған не үшін тыйым салынғаны нақты көрініп тұр. Мысалы «Алланың жолынан адастыру.., «Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар..»,– деген сөздер мұны айқындап тұр.

Екінші кезекте Имам Бухаридің сахихында«Үмбетімнің арасынан әйелдің жыныс мүшесін (яғни, зинаны), жібекті, арақты және музыка аспаптарын адал санайтын қауым (топ) шығады. Шын мәнінде олар таудың етегіне орналасып, жайғасып отырады. Кешке оларға бақташы олардың малдарын алып келеді. Олардың қасына пақыр-міскін қажетін сұрай келгенде олар: «Ертең кел»,– дейді. Алла тағала олардың басына (өздері етегінде орналасқан) тауды құлатады. Ал олардың арасынбда тірі қалғандарын қияметке дейін маймыл мен доңызарға айналдырады» – деген хадис музыканың харамдығын білдіретін ең қуатты дәлел ретінде келтіріледі.

Осыған ұқсас мына бір хадис те келген: «Үмбетімнен кейбір адамдар арақ ішеді де оны басқа атпен атайды. Жандарында музыка аспабы ойналып әйел әншілер ән айтады. Алла Тағала жерді олардың үстіне төңкереді және олардың кейбіреулерін маймыл мен шошқаға айналдырады» (Ибн Мажа, Сунан). Музыкаға тыйым салған осы және өзге де хадистерге жіті назар аударар болсақ оның қандай мақсатта қолданылған музыкаға қатысты екенін байқау қиын емес.

– Осы ретте музыкаға рұхсат етілген хадистер жөнінде де айтып кетсеңіз, артық болмас еді...

– Мәселен, Сахихәл-Бухариде риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) даңғара тартып, Бәдір соғысында қаза тапқан әкелерін жоқтап жылап жатқан қыздарға тыйым салмағандығы, Имам Бухари мен Муслимде Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген хадисте Айша анамыздың шаңырағында екі кішкентай қыздың сырнай тартып, өлең айтқандықтары, тіпті эфиопиялық қара нәсілділердің «қылыш-қалқан биін» билегендіктерін көрген Алла елшісінің (с.а.с.) оларға тыйым салмай қайта Айша анамызбен бірге олардың әндерін тыңдағандығы айтылады (Бухари. Сахих. Т. 1, 323-б.). Имамәл-Бухаридің хадис жинағында риуаят етілген тағы бір сахих хадисте Алла елшісі (с.а.с.) бір қызды ұзатуға қатысты Айша анамызға айтқан хадисінде, ұзатылған қыздың қасына өлең айтатын біреуді неге қосып жібермегендігін айтқан. Сонымен қатар, бұл дәлелдердің қатарына ән тыңдаған сахабалар, табиғиндарды да қоссақ мәселені бір жақты харам деп айтуға болмайтындығына көз жеткіземіз. Сондықтан, кейінгі кезеңдегі мұсылман ғалымдары музыканы «сөз» ретінде қабылдап, «оның жақсысы – адал, ал жаманы – арам» деп пәтуа берген. Ең дұрысы да осы болса керек. Өйткені, ешбір әнді немесе музыкалық аспапты өз болмысы тұрғысынан харам деп айтуға болмайды. Оның қолданылу мақсатына мән беру қажет. Сондықтан ислам шариғатында қандайда бір мәселеге қатысты пәтуа берер кезде бүкіл дәлелдерді бір тұтастық шеңберінде алып қарастырып, пәтуа беріледі. Осы негізге сүйенсек домбыраны харам деп айту дінге де қисынға да тура келмейді. Өйткені, домбыра – қазақтың болмысын, мәдениеті мен тарихын, оның қуанышы мен қатар қайғысын, халықтың жан дүниесін бейнелейтін нағыз халықтық аспап. Осы қара домбыра арқылы біздің ақын-жырауларымыз Аллаға, отанға, елге деген сүйіспеншіліктерін, ата-ананы сыйлау, кішілерге өнеге, мейірімді, сабырлы болу т.б. толып жатқан ислам құндылықтары мен қатар күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды халықтың санасына сіңіріп отырған. Термелер, жырлар мен дастандар, толғаулар мен ғибратты әндердің мазмұнына үңілсеңіз оған көзіңіз жетеді. Мұның қай тұсы харам екенін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Сондықтан, арабтың ғана әндерін тыңдап, солардың ғана қолданған аспаптарын рұқсат деп санау шариғаттың түпкі мақсатына сай келмейді. Өкінішке қарай кейбір өнер адамдарымыз дінге бет бұрған соң шет елдерден келген немесе сол жақтарда тәлім алып келгендерден естіген уағыз-насихаттарының нәтижесінде «домбыра тарту – харам» деп өнерді тастап, кейбіреулері қазақтың сөз өнерінің бірі болып табылатын айтысты да тастап, астамшылыққа бой алдырды.

Иә, нео-харижиттік, уаххабшыл түсініктегі «шейх сымақтар» ислам дінін тек қана теориялық тұрғыда оқып қана қоймай, оны дәстүрінің өзегіне айналдырып, барлық тіршілігіне сіңіріп жіберген, ислам мәдениетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған мұсылман қазақ халқын «мүшірік, адасқан» деп санап, әдет-ғұрыптарын «бидғат пен харамға» шығарып, ұлттығымыздан бездіруге мейлінше күш салуда. Сондықтан, діни тұтастығымызға, ұлттығымыз бен мелекеттігімізге қауіп төндіретін осындай түсініктің жастар арасында кең жайылуына тосқауыл қоя білу үшін, қазақ тарихын жаңаша жазу барысында халқымыздың мұсылманшылығының тарихына көбірек тоқталып, ел тарихындағы діни қайраткерлердің рөлі мен олардың діни ойларын кең таратуға көңіл бөлгеніміз абзал.   

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

 

Сириядағы соғыс сарсаңы

Қазіргі таңда 2011 жылы азаматтық соғыс пілтесі тұтанған Сириядағы майдан күллі адамзат баласын сарсаңға салып қойды. Мыңдаған бейбіт адам қаза тауып, көне мәдениеттер мен сан ғасырлар бойы ислам мәдениетінің бесігі болған Сирия елінен қираған үйінділер қалып, миллиондаған адам елін-жерін тастап, әр елдің есігінен сығалап, баспана сұрап, босқынның күйін кешті. Сан ғасырлық тарихында Сирияның басынан талай соғыстар өтті. Алайда, соңғы соғыстың зардабы бұрынғылардың бәрінен асып кетеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметі бойынша,  Сириядан бас сауғалап қашқан босқындардың саны төрт миллионнан асқан, ал оның жартысына жуығын балалар құрайды екен. Қазіргі әлемдегі босқындардың саны екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі көшті құрап отыр. Бұған қоса 8 миллионға жуық адам баспанасынан айырылып, елінен кетудің қамында жүр.

Иә, алпауыт елдердің әрқайсысы осы соғысты өз мүддесі үшін қолданып бағуда. Түптеп келгенде, жер, қазба байлықтары және әр елдің өзінің саяси мүддесін көздеген осындай соғыс кезінде өкінішке қарай, мұсылман баласы осы алпауыттардың соғыс құралына айналып, ойыншық болуда. Мәселен, Сирияда Башар Асад билігіне қарсы «Ислам халифатын орнатуды» ұран еткен түрлі «исламдық» топтар қолына қару алып шықты. Олардың арасында ешқандай бірлік жоқ, кіммен кім соғысып жатқанын да білмейді. Қазір, тіпті, Орталық Азия және Қазақстаннан барған соғыс құрбандары бір-біріне қарсы шепте өзара шайқасуда.  Бұл соғыстың арқасында ешқандай да исламдық мүдде және жиһад деген нәрсе атымен жоқ. Бұл – мұсылмандар арасында тұтатылған үлкен бүлік.

Ислам тарихына көз жүгірткенде бүліктің мұсылмандардың бірлігі мен қуатына қаншалықты зиян тигізгеніне куә боламыз. Сондықтан, Құран Кәрімде: «Фитнә адам өлтіруден де жаман» делінген (Бақара: 191). Сонымен қатар, Құранда бүлік шығарушылардан болмауды ескертіп: «Алла тағала бүлікшілдерді жақсы көрмейді» деген (Мәида: 64).Тағы бір аятта «Бүліктен сақтаныңдар» деп, ескертсе (Әнфал: 25), мына аятта «Жер бетінде бүлік шығарғандарға лағынет болсын» (Рағыд: 26) деп ескерту арқылы бүлікке араласудың соңы қандай болатындығын баяндаған.

Бүлікшілдікке қатысты хадис жинақтарында арнайы «фитән» бөлімдері де бар. Бұл да өз кезегінде бүлікшілдіктің қоғам өмірінде қаншалықты зиянды екенін көрсетеді. Кейбір мұсылман ғалымдары фитнаға мынадай анықтама берген екен: «Мұсылмандар арасына жік салу, оларды қиындыққа душар етіп, зиянға ұшырату, күнәға батыру және баскөтеруге итермелеу» (Хадиқа, Тариқаты мухаммадия, Бәриқа). Ендігі кезекте осы хадистердің бірқатарына көз жүгірте кетсек

Әбу Хурайрадан риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз: «Жақында үлкен бүліктер орын алады. Сол бүлік кездерінде отырғандар тұрып тұрғандардан, жүріп бара жатқандар жүгіріп жүргендерден артық болады. Кім сол бүлікке тап болса, одан алшақ тұрсын» деген. (Бухари, VIII, 92; Тәфрирул-Қуранил Азим, II, 43; Ибн Мәжә, Сунән II, 3961.) Бұл хадистер бүлікке араласпау қолда шоқ ұстағанмен бірдей болса да, одан алшақ тұру қажеттігін ескертеді.

Пайғамбарымыз мұсылман мұсылманның қанын төгетін бүлік шыққанда, тіпті, үйінің ішіне кіріп өлтіруге дейін барған кезде  не істеу керек екенін өсиет еткен кезде «Егер қылыштың жалтылдап, төніп тұруы саған үрей салса, киіміңмен бетіңді бүрке. Келген адам сенің күнәңды әрі өз күнәсін арқалап кетсін» (Әбу Дәуіт, Фитән, 2 (4261), Ибн Мәжә, Фитән, 10 (3958). Пайғамбарымыз бүлік кезінде көп қан төгілетінін айту барысында Әбу Зәррға «Үйіңнің есігін кілттеп, үйіңде отыр» деген екен.  Бұл фитнаға араласуға тыйым салған хадистердің бірі. 

Тағы бір хадисте «Қияметтің алдында тас қараңғы түндердің бөліктері секілді бүліктер бар. Сондай бүлік кезеңінде кісі мұсылман ретінде таң атырып, кешке кәпір болады, мұсылман ретінде кешке жетіп, кәпір ретінде таң атырады. Сондай бүлік кезінде отырған тұрғаннан, жүріп бара жатқан адам жүгіріп келе жатқаннан артық. Олай болса садақтарыңды сындырыңдар, қылыштарыңды тасқа ұрып сындырыңдар. Сендердің біреулеріңнін үйлеріңе басып кірсе Адам пайғамбардың екі ұлының қайырлысы секілді (өлтіруше емес, өлгені) болсын» (Әбу Дәуіт, Фитән, 2 (4259), Термези, Фитән, 33 (2205).

Осы хадис қияметтің алдында орын алатын бүліктердің қорқыныштығын білдіру үшін тас қараңғы түннің бөліктеріне ұқсатқан. Сондай кезеңдерде адамдар кімдікі дұрыс, кімдікі қате кекені ажырата алмай қалады. Кімдікі дұрыс, кімдікі қате екенін ажырату мүмкін емес кезде ең дұрысы араласпау.

Имам Нәуәуи бұл хадистерде бүліктің қаншалықты зиянды екеніне назар аударылғанын, қандай жағдайда да оған араласпау қажеттігін, өйткені бүліктің зияны мен зардабының онымен байланысқан сайын арта түсетіндігін айтады.

Хадисте Адам атаның екі баласының ішіндегі жақсысы ретінде Абыл аталады. Неге десеңіз оны бауыры Қабыл өлтіргісі келген кезде «Сен мені өлтіру үшін қол көтерсең де, сені өлтіру үшін мен қол көтермеймін» деген (Мәида: 28). Осы аят бүлік кезінде мұсылман баласы қалай әрекет етуі керек екенін білдірген. Фитнә кезеңінде адам өлтіруге қарағанда біреудің қолынан өаза табудың артық екендігі баяндалған. Ислам тарихында осы  аятқа сай  әрекет еткен әзірет Осман болған. Ол бүлік ұлғайып кетпеу үшін өлтіруді емес, өлуді таңдаған.

Пайғамбарымыз: «Фитна уақытында құлшылыққа берілу маған хижрат жасағанмен бірдей» деген (Муслим, Фитән 130 (2948), Термези, Фитән 31, (2202).

Аталмыш хадистерден мұсылман ғалымдары қолдан келгенше қолға қару алудан сақтанып, сабырлық таныту, олардың істеріне араласпай, жалғыз қалдыру, тілді сақтап, жүрекпен жек көре отырып  фитнадан алшақ тұру керек екенін ескерткен.

Әнәс (р.а.) Хажжаждың залымдығынан әбден титықтаған халық «Не істейміз» деп сұрағанда, «Сабырлық танытыңдар. Раббыларыңа қауышқанға дейін сабырлық танытыңдар. Өйткені әр туған жаңа күн кешегі күннен де жаман болады» деп мұны пайғамбарымыздан естігендігін айтқан екен. Миқдад ибн әл-Әсуад ант ете отырып Пайғамбарымыздың: «Бүліктерге араласпаған адам қандай бақытты» (Әбу Дәуіт, Фитән  2, (4263)) дегенін естігенін айтады. Бүл хадис бүлікшілердің ойыншығына айналмау керек екенін көрсетуде.

Дінімізде бүлік шығару – харам. Тарихта әрдайым адасқан ағымдар  бүлік шығарып, мұсылмандарды бір-біріне айдап салып, қан төгуге себеп болған. Әсіресе бүліктен ең үлкен зиянды мұсылмандар осы соңғы ғасырда тартып отырғаны айқын. Мұсылман елдерінің көбісі бодан болып, «бөліп ал да, билей бер» саясатының құрбанына айналды. Сириядағы жағдай  – осы ащы шындықтың айқын көрінісі. Бұл соғыстан зардап шегіп отырғандар – мұсылмандар. Сондықтан мұсылмандар бүлікшілдердің ойыншығына айналудан сақ болып, арандатушыллыққа түспеуге барын салып, парасаттылықпен әрекет етуі тиіс.  

Қазіргі таңда Сирияда жүріп жатқан соғыста қаншама бейбіт адам қаза табуда. Ал ислам дінінде бекүнә бір адамды өлтіру күллі адамзатты өлтірумен тең саналған. Ілгергі мақаламызда айтып өткенбіз, тіпті, ешқандай құқық сақталмайтын соғыс жағдайының өзінде аяусыз адам өлтіруге мүлдем болмайды. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) да хадис-шәріптерінде соғысқа қатысты қатаң талаптар қойған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынадай ескертулер жасаған: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла  жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле»  (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер».Тіпті, жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған (Ахмед ибн Ханбәл, Муснәд, 1/300. Әбу Дәуід, Жихад, 82). Ислам дінінің бұл дәстүрін Пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен мұсылман елдері басшылары қатаң ұстанып отырды.Шариғаттың бұл заңдылығын ешкім алып тастаған емес. Бұл ерекше мән берерлік жәйт.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жүргізген шайқастарына үңіліп қарар болсақ, көп адамның өлмегенін көреміз. Яғни, пайғамбарымыз зұлымдықты тоқтату үшін үлкен күш салумен қатар, бір адамның өмірін сақтап қалу үшін өте үлкен күш-қайрат жұмсағанын көреміз. Өйткені, ол соғыс кезінің өзінде астамшылық пен шектен шығушылыққа жол бермеген. Ал қазіргі ДАИШ-тіктердің жасап жатқан бейкүнә адамдарды малша, аяусыздықпен, өте жиіркенішті түрде қырып-жоюлары қай шариғаттан алынған? Негізінде, ол лаңкестердің жасап жатқанының жиһад түгілі, исламға мүлдем қатысы жоқ. Олар – өздерін мұсылман санап, исламды мүлде тани алмаған сауатсыз, қараңғы, бәдәуи саналы адасушылар. Сонымен қатар «Бақара» сүресінің 190-аятындағы «Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді» деген аяттағы «Өздеріңмен соғысқандармен» деген тіркес тек қолында қаруы бар адамдармен ғана шайқасып, қолында қаруы жоқ бейбіт халыққа қарсы қару көтермеу керек екенін және соғыс кезінде яки біткеннен соң «шектен шықпау» қажет екендігі қатаң түрде ескертуде.

Осындай сұрапыл соғыста бейкүнә жас сәби мен балалардың өте ауыр жағдайы жан сыздатады. Иә, адамның ең тәтті де ұмытылмас шағы – балалық шақ қой. Кез келген елде балалардың дұрыс өсуі, білім алу, денсаулығын сақтау, құқықтарын қорғау мақсатында қолдан келгеннің бәрі жасалып, балаларға өмірдің тауқыметін тарқызбауға күш салынады. Осы мақсатта балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы ұйым әлемде 1919 жылы құрылды. 1924 жылы Ұлттар лигасының Женева бала құқықтары туралы декларациясы, 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларациясы қабылданды. 1989 жылы бала құқықтары туралы конвенция қабылданды.

Ислам діні бұл мәселеге сонау VII ғасырдан бастап баса назар аударып, дүниеге келген сәбиді Жаратушы Алла тағаланың берген сыйы деп біліп, жарқын болашағы үшін көптеген құқықтар таныған. Жаратушының адам болмысына дарытқан мейірімділігінен туындаған осындай құқықтар арқасында пәк көңілді балалар ойнап-күліп, ата-анасының аялы алақанына бөленіп, балдәурен шақтарын өткізеді. Иә, солай болғанын кеудесінде адамдық қасиет бар кез келген адамның қалары сөзсіз. Алайда, қазіргі соғыс жағдайындағы Сирияда мұның бірі де жоқ. Сұрапыл соғыс жас-кәрі, бала демей шетінен жалмап жатыр.  Анасының құшағында, отбасының ортасында былдырлап, ата-анасының көз қуанышына айналатын сәбилердің өмірдің ешқандай қызығын көрмей, оқ құшып, аянышты халде жан тапсырып жатқан көріністеріне куә болып, орнына өз балаңды қойып көруге тырысқан ешбір адамның жаны шыдамайды. Тірі қалған күннің өзінде балалықтың балдәурені көзден бұлбылдай ұшып, ата-ана, туған-туыстарынан айырылып далада зар жылап қалған бүлдіршіндердің көзінде қорқыныш, болашақтан ешбір үміттері жоқ. Естеріңізде болса, «Е-ISLAM» порталында жарияланған фотографтың қолындағы аппаратынан, суретке түсірудің өзінен сескеніп, қолын көтеріп тұрған баланың суреті осы ауыр жағдайды бейнелейді. Ал мәселеге ислам діні тұрғысынан қарар болсақ, баланы өлтіру былай тұрсын, тіпті ананың құрсағындағы баланың өзіне түсік жасатуға тыйым салынған. Бұл ислам дінінің сәбилердің өмір сүру құқығын қорғауға қаншалықты мән бергенін көрсетеді.  

Сондықтан да мұсылман баласы асығыстықпен шешім қабылдамай, ислам дінінің өміршең қағидалары шеңберінде қоғам тыныштығы мен бақыты үшін ұзақ ғұмырлы жоспарлар құрып, жақсылық жаршыларына айналып, адамзатқа үлгі болуға тырысу жиһадтың ең ұлығы әрі абыройлысы болмақ.