Шарбақты ауданының

әкімдігі

ресми интернет-ресурс

alt

Акимат

Щербактинского района

официальный интернет-ресурс

Навигация
Қатерлі дертпен күрес – бұқаралық іс
Басты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қатерлі дертпен күрес – бұқаралық іс

Соңғы кезде әлемде қатерлі ісікке шалдыққандар саны артып отыр. Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік беріп отыр.

 Ресми деректерге сүйенсек, былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757),  Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр. Павлодар өңірінде қатерлі ісіктен 920 адам көз жұмған.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша аймағымызда 11380 адам қатерлі ісікпен есепте тұр, оның  754-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылды. Аймағымызда сүт безінің қатерлі ісігі, өкпе қатерлі ісігі, асқазан және тері қатерлі ісігі көп тіркелген. Қазақстанда тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі аясында профилактикалық скринингтің үш түрін өтуге болады. Әр азамат өздері тіркелген емханаларда скринингтен ақысыз өте алады.

2019 жылы мемлекет профилактикалық мақсаттағы скринингтерге 4,3 млрд теңге бөлді, Павлодар облысы бойынша бұл сома 218 млн. теңгені құрады. Скрининг 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерді маммографиялық тексеруден өткізу, 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеру және 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерді тоқ ішек пен тік ішек обырына тексеру түрлерінен тұрады.

Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал, емге кететін шығын 200 есеге қысқарар еді.

Қазақстандықтар шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешенініне үреймен қарайтыны жасырын емес. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн. Ақ халаттылар жыл сайын қаралып, генетикалық бейімділікті анықтап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

 КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалы