Шарбақты ауданының

әкімдігі

ресми интернет-ресурс

alt

Акимат

Щербактинского района

официальный интернет-ресурс

Навигация
Тегін дәрі-дәрмек беруді бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылмақ
Басты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Тегін дәрі-дәрмек беруді бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылмақ

sm4444444s

Жыл соңында іске қосылатын бұл жоба кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу процесін жетілдіруді көздейді. 

«2018 жылдың басында медициналық сақтандыру Қоры кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгертті. Яғни, бұрын дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар ақысы дәрігер жазған рецепт бойынша төленіп келген болса, биылдан бастап дәрі қолма-қол берілген рецептілерге ғана төленеді. Атап айтқанда, пациент дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Ендігі кезеңде бақылау жүйесіне пациенттердің өздерін тарту көзделген. Бүгін біз осы жүйені нобайлы жоба ретінде іске қосып отырмыз», - деді  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының м.а. Ботагөз Жақселекова.
Денсаулық сақтау министрлігі, медициналық сақтандыру Қоры мен «СК-Фармация» ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосты. Жоба шеңберінде пациенттерге 2018 жылдың соңына дейін SMS-хабарлама жіберу көзделген. Хабарлама биылғы қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттерге жіберіледі. Жоспар бойынша, хабарлама рецептілерде көрсетілген 3 млн нөмірге түсуі тиіс.

Хабарламада дәрі-дәрмектің берілген күні мен атауы көрсетіледі. Егер пациент препараттарды алмаған болса, SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдайды немесе «СК-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады.
Хабарлама нәтижесі мен ақпараттық жүйедегі мәліметтер арасында айтарлықтай алшақтық табылып жатса, жоба мерзімі ұзартылады. Сонымен қатар, болашақта ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін өзге де қызметтерге қолданылуы мүмкін. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті шеңберінде көрсетілген қызмет ақысын биылғы жылдың басынан бастап Қор төлеп келеді. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.
Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады. «СК-Фармация» дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштер негізінде сатып алады. 2018 жылы медициналық сақтандыру қоры  мен «СК-Фармация» ЖШС арасында 101,9 млрд теңгеге келісімшарт бекітілген болатын. Биылғы жылдың 5 желтоқсанына дейін елдегі медицина ұйымдары 79 млрд теңгеге рецепт жазып берген. Соның ішінде, 73,1 млрд теңгенің дәрісі пациенттер қолына тиген.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалы